БастыSmall Caps
Бөлісу

Trilogy Metals акциялары 190%-ға өсті: компанияға АҚШ үкіметі инвестиция құйды

Анастасия Скрынникова

Анастасия Скрынникова

Oninvest тілшісі
Trilogy Metals акциялары 190%-ға өсті: компанияға АҚШ үкіметі инвестиция құйды

Канадалық тау-кен өндіру компаниясы Trilogy Metals акциялары 7 қазан күнгі таңертеңгі саудада 190%-дан астам қымбаттады. Шағын капитализациялы бұл компания АҚШ үкіметінің инвестициялық нысанасына айналды. Мемлекет оған $36,5 млн салып, 10% акция үлесін алады. Бұған дейін үкіметтің капиталға қатысуы тау-кен саласындағы тағы екі компанияның акцияларының күрт өсуіне себеп болған еді.

Егжей-тегжейлі

Trilogy Metals акциялары 7 қазан күні негізгі сессия ашылмай тұрып, таңертеңгі саудада шамамен 190% өсіп, $6-ға жетті. Инвесторлар АҚШ үкіметінің компанияға $35,6 млн инвестиция салатыны жөніндегі жаңалыққа осылай жауап берді. Келісімге сәйкес Ақ үй компанияның 10% үлесін және қосымша 7,5% акция сатып алуға варранттар алады.

Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен өткен Ambler Road жобасын мақұлдау жөніндегі шарада жарияланды. Ambler Road — бұл Аляскадағы ұзындығы 340 км болатын өндірістік жол құрылысы жобасы, ол мыс, кобальт, галлий, германий және басқа металдар шоғырланған Эмблер кен аймағына дейін жетеді.

«Бұл, бейнелеп айтқанда, экономикалық алтын кені», — деді Трамп Ақ үйдегі жиында Financial Times-қа берген түсініктемесінде. — «Бұл жобаны бұрын бастау керек еді, ол елге миллиардтаған доллар пайда әкеліп, энергетикалық және минералдық тәуелсіздігімізді арттырар еді».

АҚШ ішкі істер министрі Даг Бергум жол ақылы болатынын және құрылыста экологиялық аспектілер ескерілетінін айтты. Трамп сондай-ақ жоба аясында екі көпірдің салынатынын мәлімдеді.

Айта кетсек, 2024 жылы Джо Байден әкімшілігі бұл жобаны экожүйеге әсер етеді деп тоқтатып тастаған болатын.

АҚШ не үшін тау-кен компанияларына инвестиция салып отыр

Financial Times-тың мәліметінше Trilogy Metals-ке салынған қаржы АҚШ үкіметінің отандық тау-кен өндірісін қолдау және стратегиялық пайдалы қазбалар өндіруді дамыту мақсатындағы бірқатар ұқсас келісімдерінің жалғасы.

Мәселен, өткен аптада АҚШ үкіметі Lithium Americas компаниясының үлесін сатып алды — бұл компания Невададағы Thacker Pass литий жобасын жүзеге асырып жатыр. Осы жаңалықтан кейін компания акциялары бір күнде 30%-ға өсті.

Ал 2024 жылдың шілдесінде АҚШ Қорғаныс министрлігі MP Materials компаниясына $400 млн инвестиция салды. Бұл қаражат сирек жер магниттерін өндіретін зауыт құрылысына бағытталды. Сол жаңалықтан кейін MP Materials акциялары бір күнде 50%, ал үш ай ішінде 147% қымбаттады.

Бұл стратегия — Қытайға тәуелділікті азайтуға бағытталған Батыс елдерінің бастамасы. Мақсат — литий, сирек жер элементтері мен германий сияқты металлдардың жеткізіліміндегі тәуекелдерді азайту. Бұл металдар энергетика, технология және қорғаныс салалары үшін аса қажет.

Бұрынғы АҚШ Энергетика министрлігінің қызметкері Financial Times-қа берген сұхбатында, алдағы уақытта Ақ үй қорғаныс өнеркәсібіне қажет металдарды өндіретін жобаларға көбірек инвестиция салуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, сурьма сияқты қорғаныс металдарына назар литий мен никельге қарағанда көбірек аударылады.

Инвесторлар үшін маңыздысы

Trilogy Metals — Аляскадағы Ambler кен аймағында жобалар жүргізіп жатқан канадалық тау-кен компаниясы. Ambler Road жобасы іске қосылған соң компания мен оның серіктестері әлемдік деңгейдегі Arctic және Bornite кен орындарын игеруді жеделдете алады. Компанияның мәлімдеуінше, бұл жобалар жоғары экономикалық тиімділікке ие және акционерлер үшін ұзақ мерзімді табыс әкелу әлеуеті зор.

2025 жыл басталғалы бері Trilogy акциялары 83% өскен (7 қазандағы таңертеңгі серпілісті қоспағанда).

MarketWatch-тың дерегінше, компанияны бақылайтын төрт аналитиктің үшеуі акцияларды ұстауға, ал біреуі ғана сатып алуға кеңес береді. Орташа мақсатты баға — $3, яғни бұл көрсеткіш қазіргі премаркеттегі бағадан екі есе төмен.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары