Trump Media $2,5 млрд-қа биткоин сатып алғаннан кейін акциялары күрт құлдырады

АҚШ президенті Дональд Трамп негізін қалаған Truth Social желісінің иесі Trump Media биткоин сатып алу үшін $2,5 млрд тартпақ болды, бірақ бұл жаңалық инвесторларды қуанта қойған жоқ. 27 мамырдағы сауда нәтижесінде компания акциялары 10% құлдырады.
Егжей-тегжейлі
Trump Media акциялары 27 мамырда 10% ($23) құлдырады — бұл соңғы бір айдағы минимум көрсеткіш. Осы төмендеуден кейін компанияның нарықтық құны жыл басынан бері шамамен үштен бірге азайды.
Инвесторлар Trump Media компаниясының биткойн сатып алу үшін $2,5 млрд тарту жоспарына дүрлікті, деп хабарлайды Barron’s. Бұл мақсатта компания $1,5 млрд көлемінде жай акциялар мен $1 млрд-қа тең конвертацияланатын облигациялар шығарады. Түскен қаражатпен «биткойн-қазына» жасақталмақ.
Мәлімдеме тікелей Лас-Вегаста өткен «Bitcoin 2025» конференциясында жасалды. Оған АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Дональд Трамптың ұлдары — Дональд кіші мен Эрик те қатысты. «Біз биткойнды қаржылық еркіндіктің жоғарғы формасы деп санаймыз. Енді Trump Media оны өз активтерінің маңызды бөлігі ретінде сақтайтын болады», — деді компанияның бас директоры Девин Нуньес.
Компания биткойнға инвестиция салу үшін қаржы тартуға шешім қабылдады — дәл қазір әлемдегі ең ірі криптовалюта тарихи максимумға жақын саудалануда, деп еске салады Barron’s.
Акциялардың жай-күйі
2024 жылдың күзіндегі президенттік сайлау алдында Trump Media акциялары айрықша құбылмалы болды — нарық оларды Трамптың қайта сайлану мүмкіндігінің көрсеткіші ретінде қабылдады, деп жазады Barron’s. Қазан айында котировкасы $51-ге дейін жетсе, 2025 жылдың сәуірінде $17-ге дейін құлдыраған.
Қазір компанияның нарықтық құны $5 млрд-тан асады. Алайда жылдық табысы небәрі $3,6 млн, әлі табыс әкелмей отыр: 2024 жылы залал $400 млн-ға жетті, ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында – $32 млн болды.
Контекст
Дональд Трамп сайлауалды науқаны кезінде криптовалютаны өзінің бағдарламасындағы негізгі тақырыптардың бірі етті. Ол АҚШ-ты «әлемнің криптоастанасына» айналдыруға, саланы реттеуді жеңілдетуге және биткоинның стратегиялық қорын құруға уәде берді. Трамптың отбасы да криптожобаларға қатысады — олардың қатарында сайлау нәтижелері жарияланар алдында іске қосылған World Liberty Financial инвестициялық платформасы мен $TRUMP және $MELANIA секілді мемкоиндар бар.
Биткоинға инвестиция салу шешімі Strategy (бұрынғы MicroStrategy) жолын еске салады — бұл активтердің ең ірі корпоративтік иесі, деп жазады Barron’s. Strategy криптовалюта сатып алуды бағалы қағаздар шығару арқылы қаржыландырады және қазіргі кезде $60 млрд-тан асатын 580 мың монета жинаған. Алғашында IT-компания ретінде жұмысын бастағанымен, кейіннен бағытын өзгертті. Осыған ұқсас қадамды жақында тағы бір залалды компания жасады – 2021 жылы «мемдік» акцияға айналған GameStop видеойын дүкендер желісі.








