Ubisoft өз ойын хиттерін бөлек компанияға шығарады
Tencent 1 млрд еуро инвестициялайды. Бұл инвестиция Assassin’s Creed пен Far Cry жасаушысын қаржылық қиындықтан құтқаруға көмектеседі

Ubisoft акциялары Париж қор биржасында соңғы бес айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Компания Assassin’s Creed сияқты танымал франшизаларға лицензия беретін еншілес құрылым құратынын хабарлады. Қытайлық Tencent бұл жаңа компанияға 1 млрд еуродан астам инвестиция құйып, оның 25% үлесін алады.
Мәліметтер
28 наурыз, жұма күні Ubisoft акциялары 12%-ға өсіп, 14,48 еуроға жетті. Бұл — 2024 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары баға. 2025 жылдың басымен салыстырғанда баға 7%-ға қымбаттағанымен, бір жыл бұрынғы деңгейден 28%-ға төмен.
27 наурызда Ubisoft Assassin’s Creed, Far Cry және Tom Clancy’s Rainbow Six секілді франшизаларды дамытуға бағытталған жаңа еншілес компания құрғанын мәлімдеді. Tencent бұл құрылымға 1,16 млрд еуро (шамамен $1,25 млрд) инвестициялап, 25% үлеске ие болады. Жаңа компанияның нарықтық құны 4 млрд еуроға бағаланып отыр — бұл Ubisoft-тың 2023–2025 жылдардағы орташа табысынан төрт есе көп.
Бұл баға «бәсекелі үдерістің» нәтижесі болғанын және Ubisoft бірнеше ұсыныс алғанын қаржы директоры Фредерик Дюге Bloomberg-ке айтты. Бас директор Ив Гийемо еншілес компанияны құру Ubisoft-тың операциялық үлгісін түбегейлі өзгертетін қадам екенін атап өтті.
Жаңа бөлімше негізгі франшизалардың әзірлеуін өз қолына алады, бұрын шыққан ойындар каталогын және әзірленіп жатқан жобаларды да басқарады. Ubisoft бұл келісім аясында алынған қаражатты қарызды өтеуге және басқа франшизаларды қолдауға бағыттамақ.
Неліктен маңызды
Бұл жаңалық Assassin’s Creed Shadows ойыны шыққан соң бір аптадан кейін пайда болды. Жаңа ойын сыншылардан оң баға алып, Metacritic платформасында орташа 82 балл жинады, деп жазады CNBC. Ubisoft әзірге сатылым мәліметтерін жарияламады.
Bloomberg бұған дейін Ubisoft негізгі зияткерлік активтерін біріктіретін «дочканы» құруға инвестиция іздеп жатқанын хабарлаған. Компания қаңтарда стратегиялық серіктестік нұсқаларын қарастыру үшін кеңесшілер жалдаған, бұл өз кезегінде сату туралы болжамдарға түрткі болды. Бұған дейін Tencent Ubisoft-тың негізін қалаушы Гийемо отбасымен компанияны сатып алу туралы келіссөз жүргізген еді.
Аналитиктер не дейді
Midcap Partners сарапшысы Шарль-Луи Планадтың пікірінше, жаңа компанияның бағасы Ubisoft-тың нарықта елеусіз бағаланғанын көрсетеді. €1 млрд-тан асатын инвестиция топтың қаржылық қиындықтарын шешеді, дейді ол.
Ubisoft Assassin’s Creed Shadows ойынын 2024 жылдың қыркүйегінен кейінге қалдырған еді. Бұған тамызда шыққан Star Wars Outlaws ойынына сұраныстың төмен болуы әсер еткен. Осыған байланысты компания 2025 қаржы жылына арналған табыс болжамын төмендеткен болатын.
Tencent-пен келіссөздер Ubisoft акциялары құлдыраған тұста жүрді. Компания акциялары қатарынан төртінші жыл төмендеп жатыр, ал 2024 жылы 43% арзандаған. Қазіргі таңда Ubisoft-тың нарықтық капитализациясы шамамен €1,7 млрд ($1,8 млрд).
TD Cowen аналитигі Даг Кройц 27 наурызда Ubisoft акцияларына Hold (ұстау) рейтингін растады, ал мақсатты баға — 14 еуро, бұл олардың ағымдағы құнына сәйкес келеді.
FactSet деректері бойынша, Ubisoft-ты бақылап отырған 19 аналитиктің 13-і акцияны ұстауға кеңес береді (Hold), бесеуі — сатып алуға (Buy, Overweight), тек біреуі ғана — сатуға (Underweight) кеңес берген.








