БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Ulta Beauty есебі мен болжамы Уолл-стриттің күткенінен асып түсті

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
Ulta Beauty есебі мен болжамы Уолл-стриттің күткенінен асып түсті

Ulta Beauty компаниясы тоқсандық нәтижелерін жариялағаннан кейін, оның акциялары бірден 17%-ға жуық өсті.

АҚШ-тағы косметика өнімдерін сататын Ulta Beauty сауда желісі өткен тоқсандағы табыс пен кірісі бойынша Уолл-стрит сарапшыларының болжамынан жоғары көрсеткіш көрсетті. Дегенмен, компания алдағы уақытта тұтынушы сұранысының тұрақты боларына сенімді емес екенін ескерткен. Соған қарамастан, жыл соңына дейінгі болжамын жақсартып отыр. Нарық бұл жаңалыққа оң баға берді. Жұма күні Ulta акциялары соңғы 14 айдағы ең жоғарғы деңгейге жетті, ал сарапшылар бағалау көрсеткіштерін жаппай көтере бастады.

Егжей-тегжейі

Ulta Beauty-дің 2025 қаржы жылының алғашқы тоқсанындағы (3 мамырда аяқталған) табысы 4,5%-ға өсіп, 2,85 миллиард долларды құрады. Сарапшылар бұған дейін 2,79 миллиард $ болады деп болжаған еді (The Wall Street Journal басылымы FactSet деректері сүйенген,). Ал таза пайда бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 2,5%-ға азайып, 305,1 миллион $ болды. Бір акцияға шаққандағы пайда (EPS) 3,5%-ға өсіп, 6,7 долларға жетті. Бұл Уолл-стриттің 5,81 $ мөлшеріндегі болжамынан едәуір жоғары.

Сауда желілеріндегі салыстырмалы сатылымдар (same-store sales) 2,9%-ға өсті, ал сарапшылар небәрі 0,2% өсім күтті. Бұл өсімге орташа чек көлемінің артуы мен сатып алу санының көбеюі себеп болғанын компания хабарлады.

Сатылым құрылымында ең үлкен өсімді парфюмерия санаты көрсетті. Бұл бағытта екі таңбалы пайыздық өсім тіркелген. Сонымен қатар, эксклюзивті және жаңа брендтердің ұсынылуы жақсы нәтиже берді. Ал тері мен шаш күтіміне арналған тауарлар сатылымы бұрынғы деңгейде қалғанын Ulta басшысы Кесия Стилман атап өтті (WSJ дерегі).

Осы есеп негізінде Ulta жылдық болжамының жоғарғы шегін сәл көтерді. Енді компания жалпы табысты 11,5–11,7 миллиард $ аралығында болады деп күтуде (бұрынғы болжам: 11,5–11,6 млрд $). Салыстырмалы сатылым өсімі 1,5%-ға дейін жетеді деп болжануда (бұрын 1%-ға дейін деген еді). Ал бір акцияға шаққандағы пайда 22,65–23,2 $ аралығында болады деп күтілуде (бұрынғы болжам: 22,5–22,9 $).

«Қаржы жылы үміт күттірерліктей басталды. Өйткені көрсеткіштер күткенімізден жоғары болды», – деді Стилман баспасөз хабарламасында. Бірақ ол «нарықтағы жағдай әлі де құбылмалы, тұтынушылық сұраныс қалай өзгеретіні – белгісіз» екенін ескертті.

Акциялардың қозғалысы

30 мамыр, жұма күні АҚШ-тағы сауда барысында Ulta Beauty акциялары 16,6%-ға өсіп, 491,9 $ деңгейіне жетті. Бұл 2024 жылдың сәуірінен бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Дегенмен, кейінірек біраз төмендеді. Жалпы алғанда, жылдың басынан бері акциялар шамамен 8%-ға, ал соңғы 12 айда 19%-ға қымбаттаған.

Сарапшылар не дейді?

Morgan Stanley есеп жарияланғаннан кейін акциялардың мақсатты бағасын 460 доллардан 550-ға көтеріп, «сатып алуға кеңес» деген «Overweight» рейтингін растады. Бұл – Уолл-стриттегі ең оптимистік болжам. 29 мамырдағы жабылу бағасымен салыстырғанда 30% өсімді болжайды. Банк сарапшылары Ulta акцияларының өсуі жалғасуы мүмкін екенін, егер салыстырмалы сатылымдар 2%-дан асып түссе, бағам әлдеқайда артуы ықтимал екенін атап өтті.

UBS мақсатты бағаны 525 долларға дейін көтеріп, «сатып ал» деген кеңесін өзгертпеді. Банк өкілдері компанияның операциялық тиімділігі (логистика, маркетинг т.б.) жақсарғанын айтып, акция бағасының бұдан да жоғары өсу мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Raymond James мақсатты бағасын 500 долларға көтеріп, Outperform деңгейіндегі рейтингін қалдырды. Сарапшы Оливия Тонгтың пікірінше, макроэкономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, компанияның табысы өсіп келеді, бұл акцияларға деген оң көзқарасты арттыруы тиіс.

Citi мақсатты бағасын 450 долларға дейін көтеріп, рейтингті «бейтарап» деңгейде қалдырды. Банк сарапшылары Ulta-ның стратегияны жақсы іске асырғанын мойындап, ассортименттің кеңеюі мен жарнама сапасының артуын атап өтті. Алайда қазіргі бағамен тәуекел мен табыс тепе-тең, сондықтан елеулі өсім күтпейді.

JPMorgan мақсатты көрсеткішті 525 долларға дейін өсіріп, «сатып алуға кеңес» берген бағасын сақтады. Банк пікірінше, Ulta бәсеке күшті болғанына қарамастан, жаппай және премиум сегментте де нарықтағы үлесін арттырған.

Wells Fargo – Ulta Beauty-дің жалғыз пессимисті. Олар «сатуға кеңес» беретін «Underweight» рейтингін сақтап, мақсатты бағаны 350 долларға дейін (11%-ға) көтерді. Бұл да компания акцияларының шамамен 17%-ға арзандауы мүмкін екенін көрсетеді. Сарапшылар есептің күшті болғанын, тіпті компания болжамының тым сақ екендігін мойындағанымен, ұзақмерзімді көрсеткіштерге күмәнмен қарайды.

Ulta акцияларына кезінде Уоррен Баффет те қызығушылық танытқан: оның Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясы 2024 жылдың екінші тоқсанында осы акцияларды сатып алып, төртінші тоқсанда толықтай сатып жіберген. Осы аралықта акция бағасы 17,8%-ға төмендеген.

MarketWatch дерегінше, 16 сарапшы Ulta акцияларын портфельде ұстауға кеңес берсе, 14-і сатып алуға шақырады. Тек біреуі ғана сатуды ұсынады. Уолл-стриттің ортақ бағалауы бойынша, Ulta акцияларының консенсус-бағасы — 454,2 $. Бұл 29 мамырдағы жабылу бағасынан 7,7% жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары