Уолл-стрит банктерінің табысы, ASML мен TSMC есептері: инвесторлар үшін маңыздысы

Осы аптада АҚШ-тағы бірқатар маңызды макроэкономикалық деректердің жариялануы кейінге қалдырылды — үкімет жұмысының 13 күнге созылған тоқтауына байланысты инвесторлар біраз уақыт белгісіздік жағдайында қалмақ. Yahoo Finance-тың хабарлауынша импорт бағалары, бөлшек сауда, жалақы мен жұмыссыздық бойынша өтінімдер сияқты негізгі көрсеткіштер жарияланбай қалуы мүмкін.
Уолл-стрит үшін басты макродерек — қыркүйек айындағы тұтыну бағалары индексі (CPI) болуы тиіс еді. АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросы оны 15 қазанда жарияламақ болған, бірақ кейінге қалдырып, 24 қазанға ауыстырды. Бұл есеп ФРЖ-ның 28–29 қазанда өтетін пайыздық мөлшерлеме жөніндегі отырысына дейін дайын болуы тиіс, деп жазады Bloomberg. Осы мақсатта ведомство кейбір қызметкерлерін демалыстан қайтарып алған.
Сонымен қатар, корпоративтік секторда есеп беру маусымы қарқын алуда. Barron’s-тың мәліметінше осы аптада есептерін жариялайтын S&P 500 компанияларының басым бөлігі қаржы секторының өкілдері. Бұған қоса, жасанды интеллект экожүйесіндегі маңызды рөлге ие екі ірі шетелдік технологиялық компанияның және люкс индустриясының жетекші өкілінің табыстары жарияланбақ.
Қытай экспорты және АҚШ-Қытай сауда шиеленісі
13 қазанда Қытайдың Бас кеден басқармасы қыркүйек айында экспорт көлемі жылдық есеппен 8,3%-ға өскенін хабарлады — бұл наурыздан бергі ең жоғары көрсеткіш. Trading Economics сарапшылары 6% өсім күтсе де, нәтиже жоғары шықты.
Химиялық тыңайтқыштар экспорты — 59,6%-ға, микрочиптер — 23,3%-ға, кеме — 21,4%-ға, ал көлік экспорты — 10,8%-ға артқан.
Алайда, АҚШ президенті Дональд Трамптың 1 қарашадан бастап Қытай импортына 100%-дық қосымша тариф енгізу туралы ескертуінен кейін, Қытай қор нарығы 10 жылдық максимумнан кейін төмендеді. Jefferies сарапшылары Эдисон Ли мен Ник Ченг бұл құлдырау қытай акцияларына кіру үшін тиімді мүмкіндік тудыратынын атап өтті.
Банк секторының есебі мен нарық күтілімі
14 қазанда АҚШ-тың шағын бизнес оптимизмі индексі жарияланады (күтілетін мән — 100,5 тармақ, тамыздағы деңгеймен бірдей).
Сондай-ақ, есеп беру маусымын бастайтын алғашқы банктердің төрттігі — BlackRock, Citigroup, JPMorgan Chase және Wells Fargo нәтижелерін ұсынады.
State Street Investment Management компаниясының бас инвестициялық стратегы Майкл Аронның айтуынша «мемлекеттік деректер вакуумы» жағдайында банктердің табысы нарық үшін негізгі бағыттаушы факторға айналуы мүмкін.
MarketWatch-қа берген сұхбатында ол: «Қаржы секторының нәтижелері экономиканың нақты жағдайы мен тұтынушылардың мінез-құлқын жақсы көрсетеді», — деді.
Rational Equity Armor Fund қорын басқаратын Джо Тигей де: «Жұмыспен қамту туралы деректер жоқ кезде банктердің есептері мұқият зерттелмек», — деп атап өтті.
Сонымен бірге, Domino’s Pizza, Goldman Sachs, Johnson & Johnson және LVMH өз нәтижелерін жариялайды.
15 қазанда АҚШ Федералдық резерв жүйесі өзінің кезекті экономикалық шолуын (Beige Book) жариялады. Онда елдің 12 аймақтық банкінен алынған экономикалық жағдай туралы деректер жинақталған.
Осы күні ASML, Bank of America, Morgan Stanley және United Airlines Holdings компаниялары есеп береді.
16 қазанда АҚШ-тың Халық санағы бюросы бөлшек сауда көрсеткіштерін, ал Еңбек статистикасы бюросы өндіруші бағалар индексін (PPI) жарияламақ болған.
Алайда, The Wall Street Journal жазғандай, үкімет жұмысының тоқтауына байланысты бұл және басқа да деректер, соның ішінде жұмыссыздық бойынша апталық есеп, кейінге шегерілуі мүмкін.
Сол күні Charles Schwab, EssilorLuxottica және TSMC табыстары белгілі болады.
17 қазанда АҚШ Халық санағы бюросы құрылыстағы жаңа жобалар туралы деректерді, ал American Express пен SLB өздерінің тоқсандық есептерін жариялайды.








