Уолл-стрит Stellantis-тің жаңа басшысы туралы не ойлайды?

Stellantis компаниясының бас директоры болып Антонио Филозаның тағайындалуы жайлы жаңалықтан кейін автокөлік өндірушінің акциялары төмендеді.
Stellantis-тің Солтүстік Америкадағы бөлімшесінің басшысы Антонио Филозаның бүкіл компанияға бас директор болып тағайындалуын нарық күмәнмен қабылдады. Автокөлік өндірушінің акциялары 2,5%-ға арзандады. Сарапшылардың айтуынша, Chrysler, Peugeot және Jeep брендтеріне иелік ететін Stellantis-ке қысым жасап отырған – кедендік тарифтер мен қытайлық автоөндірушілермен бәсеке. Демек, мәселе бас директорда емес. Reuters жазғандай, нарық қатысушылары Филозаға алда үлкен жұмыс күтіп тұрғанын айтады.
Егжей-тегжейі
Stellantis-тің Солтүстік Америкадағы директоры Антонио Филоза 23 маусымда компанияны басқармақ. Бұл шешімді директорлар кеңесі бірауыздан қолдаған. Компания жаңа басшы, Stellantis-тің ардагері, операциялық көрсеткіштерді жақсартып, АҚШ-тағы позицияны қалпына келтіріп, құлдыраған акция бағасын көтереді деп үміттенеді.
Алайда нарық бұл тағайындауға сенімсіздікпен қарады: 28 мамыр, сәрсенбіде АҚШ-та компанияның депозитарлық қолхаттары 3%-ға арзандады. Жыл басынан бері олар 22%-ға құлдырады. Миланда да акциялар 2,2%-ға төмендеді – бұл Италиядағы «көгілдір фишкалар» индексіндегі ең үлкен төмендеу.
Stellantis электромобиль нарығындағы қытайлық бәсекелестерден және Трамп енгізген импорттық тарифтерден қысым көріп отыр. Bloomberg-тің жазуынша, әсіресе АҚШ-та нарық үлесінің қысқаруы ауыр тиген. Америкалық мұраға негізделген брендтері бар компания ескі модельдер, жаңа машиналар шығарудағы кідірістер және баға белгілеудегі қателіктер салдарынан артта қалуда.
2024 жылдың басынан бері Stellantis акциялары бағасының көп бөлігін жоғалтты.
Уолл-стрит не дейді?
Филоза компанияға 1999 жылы тағылымдамадан өтуге келген, Оңтүстік Америкада түрлі қызмет атқарған, ал 2024 жылдың қазанынан бері Солтүстік Америкадағы бизнесті басқарып келеді. Компанияны бұрынғы басшы Карлос Таварес қызметінен кеткеннен кейін жарты жыл бойы жаңа басшы іздеді. Үміткерлер қатарында Hyundai-дың директоры Хосе Муньос пен AutoNation басшысы Майк Мэнли болған. Филозаның тағайындалуы әртүрлі реакция туғызды: кейбір инвесторлар сырттан келген антикризистік менеджер жақсырақ болар еді деп санайды.
Banor SIM компаниясының акциялар бөлімінің басшысы Анджело Меда Reuters агенттігіне: «Бұл қосалқы жоспарға ұқсайды. Нарықтың әлсіз реакциясы да осыдан», – деді.
Intermonte талдаушылары Джанлука Бертуццо мен Альберто Вилла Reuters-ке: «Филоза Оңтүстік Америкада жақсы нәтижелер көрсетті. Бірақ біз бұл кадрлық шешімді аса маңызды деп санамаймыз... Таварес кеткеніне алты ай болды, ал Филозаның Солтүстік Америкадағы тәжірибесі шектеулі. Басқа кандидаттардың тәжірибесі мен беделі мықтырақ еді», – деді.
Бірақ кей сарапшылар, керісінше, бұл шешімді орынды деп бағалады. Себебі Stellantis үшін АҚШ – негізгі нарық және Филоза бұл нарықты жақсы біледі. Ол директорлар кеңесінің төрағасы Джон Элканмен бірге Трамптың инаугурациясына қатысып, америкалық дилерлермен қатынасты қалпына келтіруге көмектесті. Сонымен қатар кедендік тарифтерден туындаған дағдарыстарға жауап беру бойынша компанияның әрекеттерін үйлестірді.
Bloomberg-тің мәліметінше, Stellantis-тің басты мәселесі Солтүстік Америкада – бұл аймақ бұрын компанияның табыс орталығы болған. 2025 жылдың І тоқсанында жеткізу көлемі 20%-ға азайды. Бұған Таварестің шығындарды қысқарту мақсатында қабылдаған қатаң шаралары себеп болды. Енді Филоза компанияның нақты даму стратегиясын жасап шығуы тиіс, дейді S&P Global Mobility сарапшысы Стефани Бринли.
Жаңа басшының алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Ол 14 брендтен тұратын портфельді оңтайландыруы тиіс. Сарапшылардың айтуынша, бұл кейбір брендтердің жабылуына және кәсіподақтармен күрделі келіссөздерге алып келуі мүмкін.
Таварес кеткеннен кейін Stellantis-ті уақытша Fiat-ты құрған Аньелли әулетінің өкілі Джон Элкан басқарды. Оның отбасылық холдингі Exor – компаниядағы ең ірі акционер. Екінші орында – Peugeot отбасы. Екеуі де Филозаның кандидатурасын қолдады.
«Антонио – нәтижесі дәлелденген басшы. Ол нақты әрекетке негізделген басқару стилін ұстанады және командамен жұмыс істеуге сенеді», – деп жазды Элкан Stellantis қызметкерлеріне арналған хатында.
Peugeot отбасы мәлімдемесінде: «Біз оның компанияны жаңа трансформация кезеңіне бастауға толық қабілетті екеніне сенеміз. Ол жергілікті жағдайларды терең түсінеді, Stellantis-тің өндірістік мәдениетін жақсы меңгерген. Бұл қасиеттер өнім сапасын, нарыққа жақындықты және команда белсенділігін арттыруға бағытталған жаңа операциялық траекторияны қамтамасыз етеді», – делінген.
Акциялардың жағдайы
MarketWatch дерегінше, Stellantis акцияларын бақылап отырған сарапшылардың көбі оларды портфельде ұстауға кеңес береді: 29 талдаушының 19-ы «Hold» рейтингін берген. Сегізі «Сатып алуға» кеңес береді (Buy және Overweight), екеуі сатқан (Sell) жөн деп отыр. Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы – 11,7 доллар. Бұл 28 мамырдағы сауда жабылуынан 15% жоғары.








