БастыSmall Caps
Бөлісу

Victoria’s Secret екінші мәрте белсенді инвестордың шабуылына ұшырады

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
Victoria’s Secret екінші мәрте белсенді инвестордың шабуылына ұшырады

Әйелдер іш киімінің әлемдегі ең танымал өндірушілерінің бірі — Victoria’s Secret компаниясы тағы бір активист-инвестордың қысымына тап болды. Инвестициялық компания Barington Capital компанияның директорлар кеңесін ауыстыруды және акционерлік құқықтарды шектеу жоспарын жоюды көздеп отыр. Бір апта бұрын ғана басқа бір инвестор — австралиялық BBRC Victoria’s Secret директорлар кеңесін «компания құнын жүйелі түрде құлдыратты» деп айыптаған болатын.

Егжей-тегжейлі

The Wall Street Journal деректеріне сүйенсек, Victoria’s Secret акцияларының 1%-дан астамына ие (нақты үлесі белгісіз) Barington Capital Group компаниясы директорлар кеңесін ауыстырып, компанияны өзінің негізгі бизнесі — бюстгальтер өндірісіне қайта бағдарлауды талап етпек.

Barington сонымен қатар косметикалық бизнес бағытының құнын арттыруға мүмкіндік бар деп санайды. Инвесткомпанияның есептеуінше оның құны бүгінде бүкіл Victoria’s Secret компаниясының капиталдық құнына теңесуі мүмкін. 13 маусымдағы сауда жабылған кезде компанияның нарықтық құны $1,45 млрд болған.

Victoria’s Secret — әлемдегі ең танымал брендтердің бірі. Алайда The Wall Street Journal басылымына сұхбат берген сарапшылардың айтуынша бас директор Хиллари Супер бастаған менеджменттің команданың қажетті тәжірибесі мен айқын стратегиясы жоқ.

2021 жылы биржаға шыққаннан бері Victoria’s Secret акциялары шамамен 67%-ға арзандап, $18,19-ға дейін түсті. Инвесторлар 2024 жылдың қыркүйегінде қызметке келген Суперге үміт артып, бизнеске жаңа серпін береді деп ойлаған еді. Алайда ол спорттық киім мен жүзу киімі сияқты жаңа бағыттарға басымдық берді, деп жазады The Wall Street Journal. 2025 жылдың басынан бері акциялар құны 56%-ға құлдырады. Дегенмен 16 маусым таңертеңгі сауда барысында 2,6%-ға өсті.

Victoria’s Secret өкілі The Wall Street Journal басылымына Barington компаниясынан ешқандай хат алмағанын хабарлаған.

Екінші шабуыл

Бұған дейін, бір апта бұрын, Victoria’s Secret акцияларының 12,9%-на иелік ететін BBRC компаниясы директорлар кеңесіне өз наразылығын білдірген ашық хат жариялаған болатын. BBRC мәлімдеуінше директорлар кеңесі компанияның құнын жүйелі түрде төмендетіп, капиталды тиімсіз орналастырып келеді және сәтсіз бастамалар үшін ешқашан жауапкершілікті мойнына алмаған.

BBRC сондай-ақ жақында болған кибершабуылды да еске салып өтті. Соның кесірінен Victoria’s Secret төрт күн бойы өзінің онлайн дүкені мен ішкі жүйелеріне қолжетімділікті жабуға мәжбүр болды. Бұл қаржылық есептіліктің жариялануын да кешіктірді.

Компания қаржылық есебін тек 11 маусымда жариялады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында таза шығын екі есе азайып, $2 млн-ды құрады, ал табыс $1,35 млрд-қа жетіп, компания болжамынан 1,7%-ға асып түсті. Алайда келесі тоқсанға арналған болжам ($1,38–1,41 млрд) Wall Street сарапшыларының күтулерінен төмен болды. Компания мұны тұтынушылық сұраныстың әлсіздігімен және макроэкономикалық жағдайдың тұрақсыздығымен түсіндірді, деп жазады The Wall Street Journal.

Қорғаныс шаралары

Victoria’s Secret директорлар кеңесі 20 мамырда акционерлік құқықтарды шектеу жоспарын мақұлдады. Бұл шешім BBRC-нің компания капиталына үлесін арттырғанына жауап ретінде қабылданды. BBRC ұзақ уақыт бойы пассивті инвестор болғанымен, 2025 жылдың наурызынан бастап өз үлесін ұлғайта бастады. Компанияның түсіндіруінше бұл шара — ашық нарықта немесе премиясыз бақылау үлесін иеленудің алдын алу үшін енгізілген.

Barington бұл жоспарды тиімсіз деп санайды және оны жоюды талап етеді, деп жазады The Wall Street Journal.

Акцияларға қатысты болжамдар

MarketWatch порталының мәліметі бойынша Wall Street сарапшылардың бесеуі  Victoria’s Secret акциялары бойынша «ұстап тұру» (Hold) ұсынысын беріп отыр. Үш сарапшы акцияны сатып алуды, тағы үшеуі сатуды ұсынады. Орташа мақсатты баға $22,09 болып белгіленген, бұл қазіргі бағамен салыстырғанда 21%-дан астам өсу әлеуетін көрсетеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары