VolitionRx-тың жаңа қосымша акция шығару жоспары инвесторларды қуанта қоймады

Қан тамшысы арқылы обырды (рак ауруы) анықтайтын тест жасаушы VolitionRx компаниясының акциялары 26 наурызда Нью-Йорк биржасында шамамен 7%-ға арзандап, 2024 жылғы тамыз айының ортасынан бергі ең төменгі деңгейге түсті. Компания инвесторларға тікелей $2,3 млн-ға жаңа акциялар сату туралы хабарлағаннан кейін котировкалар құлдырады.
Мәліметтер
VolitionRx акциялары 26 наурызда $0,51-ге дейін түсіп, 2024 жылғы 12 тамыздан бергі ең төменгі бағаға жетті.
Компания басқарма мүшелері мен қазіргі акционерлерге 2,36 млн жай акцияны бір данасын $0,55 бағамен сатпақ. Сонымен қатар, тағы 1,74 млн акция мен дәл сондай көлемде бес жылға жарамды варранттарды басқа инвесторлар да дәл осы бағамен сатып алады. Варранттарды іске асыру кезінде акция құны $0,66 болады.
Yahoo Finance деректері бойынша, мәміле жарияланғанға дейін үш күн қатарынан акциялар дәл осы $0,55 бағамен жабылып отырған.
Компания бұл сату нәтижесінде $2,3 млн тартпақ, ал варранттардан түсетін қосымша қаражат $1,1 млн болады. Бұл қаражат өнімдер әзірлеу, клиникалық сынақтар өткізу және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалады.
VolitionRx акциялары тамызда да осындай көлемде арзандаған болатын — сол кезде де қосымша эмиссия жарияланған еді. Қыркүйекте Zacks Small-Cap Research сарапшылары компания акцияларын төмен бағаланған деп атаған.
VolitionRx немен айналысады
Компания адамдар мен жануарларға арналған ауруларды ерте анықтайтын тестілер әзірлейді және сатады. Оның Nu.Q технологиясы, VolitionRx мәліметінше, жасушалардағы өзгерістерді биопсия мен алғашқы симптомдар шықпай тұрып анықтауға қабілетті. Бұл технология қазір ветеринарлық рак тестілерінде қолданылады және кей елдерде Fujifilm Vet Systems дистрибьюторы арқылы сатылып жатыр (мысалы, Жапонияда).
Сонымен қатар, VolitionRx тестісі сепсис, рак және басқа да аурулар кезінде кездесетін жасушалық өлім түрі — нетозды анықтай алады. Жақында компания бұл тест өкпе, сүт безі, қуықасты безі, тоқ ішек және бауыр обырын бастапқы кезеңде анықтай алатынын және жалған оң нәтиже беру деңгейі төмен екенін хабарлады.
Компания бұл тест «сұйық биопсия» индустриясына балама бола алады деп есептейді. Қазіргі таңда VolitionRx бірнеше ірі диагностикалық және сұйық биопсия компанияларымен онкологиялық өнімдер портфелін лицензиялау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Компания жыл соңына дейін келісімдерге қол қойып, роялти мен кезеңдік төлемдер арқылы табыс алуды көздейді.
Сарапшыладың пікірі
MarketWatch деректері бойынша, компанияны үш аналитик бақылайды: екеуі акцияны сатып алуға кеңес береді, біреуі — ұстауға. Орташа мақсатты баға — $3,37, бұл қазіргі бағадан 560%-ға жоғары.








