Vox акциялары рекорд жаңартты: олар Russell 3000 индексіне кіреді. Бұл неге маңызды?

27 мамырда алтын өндірушілерден роялти алатын канадалық шағын компания Vox Royalty акциялары 8%-дан аса қымбаттап, тарихи максимумына жетті. Компания маусым айының соңында Russell 3000, Russell 2000 және Russell MicroCap индекстеріне қосылатынын мәлімдеді. Индекске кіру – компания акцияларына деген сұранысты арттырып, сауда көлемін ұлғайтады, деп түсіндіреді Freedom Finance Global сарапшысы Георгий Тимошин.
Толығырақ
27 мамыр, сейсенбі күні Vox Royalty акциялары Nasdaq-та $3,59-ға дейін қымбаттады — бұл биржа тарихындағы ең жоғарғы баға. Сауда кезінде жаңа рекорд тіркелді. Сауда жабылғаннан кейінгі қосымша сессияда котировка тағы 3%-ға жуық өсті.
Сол күні компания өзінің Russell 3000, Russell 2000 және Russell MicroCap индекстеріне кіретінін хабарлады. Vox FTSE Russell-дің жыл сайынғы индекстік қайта теңгерімі аясында тізімге алдын ала енгізілген. Өзгерістер 27 маусым күні нарық жабылғаннан кейін күшіне енеді.
Компанияның бас директоры Кайл Флойд мәлімдегендей, индекстерге қосылу Vox-тың институционалдық инвесторлар алдындағы танымалдығын арттырып, акционерлік базасын кеңейтуге көмектеседі.
Индекске кіру неліктен маңызды?
FTSE Russell – Russell индекстерін құрастыратын ұйым. Ол 2026 жылдан бастап жылына екі рет, ал әзірге жылына бір рет қайта теңгерім жасайды. Бұл процесс сәуірдің соңында басталады: алдымен компаниялар капитализация бойынша реттеліп, бүкіл нарықты қамтитын Russell 3000 индексіне бөлінеді (АҚШ-тың жариялы компанияларының 98%-ын қамтиды). Одан әрі компаниялар капитализациясына қарай кіші индекстерге бөлінеді:
Russell 1000 – ең ірі компаниялар,
Russell 2000 – орта және шағын,
Russell MicroCap – ең кіші капитализациясы барлар үшін.
Мамыр айында FTSE Russell алдын ала тізімді жариялайды, ал маусымның соңғы жұма күні жаңа құрам күшіне енеді.
Freedom Finance Global сарапшысы Георгий Тимошиннің айтуынша жыл сайын Russell 2000 индексінің құрамынан шамамен 20% компания шығып, олардың орнына жаңалары кіреді. Индекске ену — компания үшін маңызды кезең:
акциялар автоматты түрде индекстік биржалық қорлардың портфеліне енеді,
бұл олардың өтімділігі мен сұранысын арттырады,
аналитиктер мен БАҚ компанияға көбірек назар аударады,
көптеген инвесторлар индекске енуді инвестициялық тартымдылықтың белгісі ретінде қабылдайды.
Nasdaq зерттеуі бойынша индекстерді қайта теңгеру күндері сауда көлемі орташа күнмен салыстырғанда 6 есе жоғары болады. Акцияларды сату немесе сатып алуға қатысты Market-On-Close (нарық жабылған сәттегі) бұйрықтардың 40%-ы дәл осы күні орындалады, ал әдетте бұл көрсеткіш 5% шамасында.








