Xiaomi акциялары сәуірден бергі ең ірі құлдырауды көрсетті

Қытайдың технологиялық алыбы Xiaomi акциялары SU7 электромобилімен болған өрт апатынан кейін күрт төмендеді. Оқиға кезінде көлік есіктері ашылмай, салонда болған адам қаза тапқан. Бұл жағдай Қытай билігінің назарын өрт немесе тоқ өшуі кезінде істен шығуы мүмкін электронды есік тұтқаларының қауіпсіздігіне аударды.
Егжей-тегжейлі
CNBC-дің дерегінше 13 қазанда Гонконг биржасында Xiaomi акциялары 5,7%-ға арзандады, ал сауда барысында құлдырау 8,7%-ға жетіп, сәуірден бергі ең төмен көрсеткіш тіркелді.
Қытай әлеуметтік желілерінде өртенген Xiaomi SU7 седанының суреттері мен видеолары тез тарап кетті. Кадрларда өтіп бара жатқан адамдардың көлік есігін ашуға тырысқаны, бірақ жүргізушіні құтқара алмағаны көрінеді. Бұл деректі оқиға куәгерлері де растаған.
Полицияның мәліметінше оқиға Чэнду қаласында болған. SU7 басқа седанмен соқтығысып, 31 жастағы ер адам қаза тапқан. Тергеу оның мас күйде көлік жүргізгенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды CNBC.
Xiaomi компаниясы әзірге түсініктеме беруден бас тартқан.
Не күтіледі?
Чэндудағы бұл апат электронды есік тұтқаларына қатысты қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді. Мұндай шешім Tesla арқылы танымал болып, қазіргі электромобильдерде кеңінен қолданылады. Бірақ олар сенсорлар мен электр қорегіне тәуелді, сондықтан өрт кезінде немесе энергия өшкенде істен шығуы мүмкін, деп түсіндіреді CNBC.
Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары билік мұндай құрылғыларды тыйым салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
Қыркүйектің ортасында АҚШ-тағы тиісті реттеуші орган Tesla Model Y үлгісіндегі шамамен 174 мың көлікке қатысты осындай есік тұтқаларының ақаулары бойынша тексеру бастаған, деп жазады CNBC.
Бұл Xiaomi SU7 көлігімен болған алғашқы өліммен аяқталған апат емес. Сәуір айында болған тағы бір жол-көлік оқиғасы электромобильдің жасанды интеллект негізіндегі жүргізу жүйесіне күмән туғызған және сол кезде де компания акцияларының құлдырауына әкелген еді.








