Zoom акциялары есептен кейін 12%-ға өсті. Енді сатып алу керек пе?

Видеоконференциялар мен корпоративтік колл-орталықтарға маманданған Zoom Communications компаниясының қағаздары соңғы тоқсандағы табыс пен кіріс болжамнан асып түскен соң қымбаттады. Дегенмен, олардың бағасы әлі де 2020 жылғы тарихи максимумынан 85%-ға төмен. Сарапшылар Zoom-ның ұзақ мерзімді болашағы жайлы әлі де ортақ пікірге келе алмай отыр, деп жазады Barron’s.
Егжей-тегжейі
Zoom акциялары жұма күнгі саудада 12,7%-ға көтеріліп, 82,5 долларға жетті. Бұл — 20 мамырдан бергі ең жоғары жабылу бағасы. Алайда, қазірдің өзінде олардың құны 2020 жылғы қазан айындағы тарихи шектен 85%-ға төмен, деп жазады Dow Jones Market Data.
Компания бір күн бұрын 2026 қаржы жылының екінші тоқсанына арналған есеп жариялап, сарапшылар күткеннен жоғары кіріс пен пайда көрсетті. Сондай-ақ жылдық болжамын сәл жақсартты. Бірақ өсім бар болғаны 9 млн $ құрады. Болжамды диапазон 4,817–4,827 млрд $ болып белгіленді.
KeyBanc Capital Markets сарапшысы Джексон Адердің айтуынша, мұндай өзгеріс тек «көзбояушылық». Себебі, 9 млн $ — компанияның екінші тоқсанда болжамнан артық тапқан сомасынан да аз. Бұл Zoom шын мәнінде жыл соңына болжамды әлсіреткенін білдіреді.
Сондықтан KeyBanc Zoom акцияларын «сату» (Underweight) деген ұсынысын сақтап қалып, мақсатты бағасын 73 доллардан 69 долларға дейін түсірді. Бұл 22 тамыздағы жабылу бағасынан 16%-ға төмен.
Басқа сарапшылар не дейді?
Benchmark Equity Research сарапшысы Мэттью Харриган «сатып алу» (Buy) рейтингін растады. Оның мақсатты бағасы — 102 $, бұл ағымдағы бағадан 23,6%-ға жоғары. Ол Zoom-ның жасанды интеллектті (ЖИ) өнімдеріне сұраныс артып келе жатқанын атап өтті.
Cantor Fitzgerald сарапшысы Томас Блейки бейтарап ұстанымын сақтап, мақсатты бағаны 87 $ деңгейінде қалдырды (+5,5%). Ол тоқсандық есеп пен болжамның артуын оң бағалады.
RBC Capital мақсатты бағаны 95 доллардан 100 долларға дейін көтеріп, «нарықтан жоғары» (Outperform) бағасын берді. RBC сарапшыларының айтуынша, Zoom соңғы 11 тоқсандағы ең жоғары кіріс өсімін көрсетті және ЖИ өнімдерімен тұрақты дамып келеді. Сондай-ақ 100 мың доллардан артық жұмсайтын клиенттердің саны артқан.
Есептің мән-жайы
2026 қаржы жылының 31 шілдеде аяқталған екінші тоқсанында Zoom-ның түзетілген пайдасы акцияға шаққанда 1,53 $ болды. Бұл Уолл-стрит сарапшылары күткен 1,38 доллардан жоғары. Түскен кіріс 1,22 млрд $ болып, өткен жылмен салыстырғанда 4,7%-ға өсті.
Үшінші тоқсанда компания 1,21–1,215 млрд $ кіріс күтеді. Бұл сарапшылардың орташа болжамынан сәл жоғары.
Zoom ЖИ технологияларын өнімдеріне енгізіп, қызмет аясын кеңейтіп келеді. Бұл компанияға негізгі бизнесін — видеоконференциялар сегментін сақтап қана қоймай, жаңа нарықтарға шығуға да жол ашуда.
Маусым айында Zoom Virtual Agent 2.0 жүйесін таныстырды. Бұл ЖИ-агент қайтарымдарды өңдеу, аккаунттарды жаңарту немесе кездесулерді брондау сияқты күрделі тапсырмаларды дербес орындай алады. Шілде айында компания Custom AI Companion секілді жаңа функцияларын қосты. Бұл модуль шағын бизнес иелеріне ЖИ-агентті Google Meet секілді басқа платформаларда да қолдануға мүмкіндік береді.








