$25 трлн табыс: Morgan Stanley неге роботтарға сенім артады?

2050 жылға қарай робототехника секторының табысы $25 трлн-ға жетеді. Осындай қаражаттың жартысынан көбі адам тәрізді роботтар мен робот-таксилерден келеді, деп санайды Morgan Stanley. Мұндай шолуды инвестбанктің сарапшысы Адам Джонас әзірлеген, деп жазды Barron's.
Егжей-тегжейлі
Басылым көрсеткендей, бұрын Адам Джонас автомобиль саласының динамикасын қадағалап келген, ал енді ол роботтар мен робот-таксилер секлді физикалық пішіні бар ЖИ технологияларына мән бермек. Сарапшының бағалауынша, алдағы онжылдықтарда бұл сала айтарлықтай өседі: «Жасанды интеллектке негізделген робототехника үшінші өнеркәсіптік революцияны жақындатады», — деді Джонас.
Morgan Stanley шолуында айтылғандай, қалай бу машинасы бірінші өнеркәсіптік революцияны, ал электр энергиясының таралуы екіншісін бастаған болса, роботтар да еңбек өнімділігін бірнеше есе арттырып, қазіргі экономиканы қайта құра алады.
Barron's айтуынша, Джонас робототехника нарығының мүмкіндігін осылай есептейді: әлемдегі шамамен 4 млрд жұмысшыны $10 000-ға көбейтсе, шамамен $40 трлн шығады Бұл әлемдік ЖІӨ-нің үштен біріне жуық. Сарапшының айтуынша, 25 жылдан кейін, 2050 жылға қарай, робототехника нарығының табысы $25 трлн-ға жетеді. Оның жартысынан көбі адам тәрізді роботтар мен роботтандырылған таксилерге тиесілі болады. Ал робототехникадағы келесі ең ірі бағыттар ретінде Джонас дрондар мен өндірістік роботтар секторын атайды.
Кімге ұтымды болады?
Morgan Stanley бағалауынша, қарқын алып келе жатқан бұл салаға көбірек камералар, лидарлар, сондай-ақ лазерлік және дәстүрлі радарлар қажет болады. Сарапшының айтуынша, 2025 жылы лидарларға жалпы сұраныс 2,3 млн бірлікті құрады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 есе өседі деп болжады Джонас. Оның болжамына сәйкес, келесі 25 жылда сирек жер металдарына сұраныс 480 есе артады. Ал жасанды интеллекттің есептеу қуаты осы кезеңде 40 000 есе ұлғаяды.
Джонастың бағалауынша, робот жасауға қажетті «базалық технологияларға» Tesla, Meta Platforms, Alphabet және Nvidia қазірдің өзінде ие. Адам тәрізді роботтарға технологиялық негіз ұсына алатын компаниялар қатарында ол Siemens, Cognex және Rockwell Automation-ды атайды. Есептеу технологияларын жеткізу міндеті Nvidia, Qualcomm, AMD, Intel, Apple және Taiwan Semiconductor компанияларына жүктеледі деп санайды.
Автономды көлік құралдары саласында Morgan Stanley «базалық жеткізушілер» ретінде Tesla, Alphabet, Nvidia, NXP Semiconductors, Qualcomm, Meta Platforms және Mobileye компанияларын бөліп көрсетеді. Ал «автономды жүргізу технологияларын интеграторлар» қатарына Pony AI, Amazon.com (Zoox компаниясына иелік етуіне байланысты), сондай-ақ Tesla мен Alphabet-тің еншілес компаниясы Waymo кіреді.
Алайда, қазіргі уақытта американдық жария компаниялар ішінде адам тәрізді роботтардың прототипін таныстырған жалғыз компания — Tesla, деді Джонас. Barron's атап өткендей, көптеген қытайлық және жеке америкалық компанияларда да өз модельдері бар. Олардың арасында АҚШ-та — Figure, Agility Robotics және 1X, Қытайда — XPeng, Xiaomi, Fourier және Robotera бар.
Болашақ — роботтардың қолында ма?
Роботтар әлемді түбегейлі өзгерте алатынына сенетін тек Джонас қана емес, деп атап өтті Barron's. Жазда Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг та робототехника бірнеше жыл ішінде жаппай танымал болып, кейінірек өнеркәсіптің ең ірі салаларының біріне айналады деген пікірін білдірген. Ал Tesla бас директоры Илон Маск 2025 жылдың шілдесінде өзінің компаниясы роботтардан жыл сайын $30 трлн табысқа қол жеткізуі мүмкін екенін айтқан. Tesla 2035 жылға қарай бір миллион адам тәрізді робот сатуды жоспарлап отыр.
Тағы не білу маңызды?
Джонастың болжамдары алғаш қарағанда адам сенгісіз көрінуі мүмкін, бірақ бұл оның алғашқы тосын пікірі емес. Barron's еске салғандай, 2020 жылы сарапшы SpaceX компаниясының құны $175 млрд-қа жетуі мүмкін екенін болжаған. Ол бұл бағалауды негізінен Starlink — компанияның ғарыштық кеңжолақты интернет бизнесіне сүйеніп жасаған.








