XPeng-тің адамға қатты ұқсас роботы акциясын шарықтатты. Бұл Tesla-ға қауіпті ме?

Қытайлық электромобиль өндірушісі XPeng компаниясының котировкасы үш жылдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейге дейін күрт өсті. Бұған себеп, компания таныстырған адамға ұқсас жаңа роботы — ол Tesla-ның Optimus роботымен бәсекелесе алады. Tesla мен XPeng өз жаңалықтарында әртүрлі стратегия мен баға сегментін таңдағанымен, қытай компаниясының жетістігі Tesla акциясына қысым түсіруі мүмкін.
Егжей-тегжейлі
1 қараша күні Гонконгта XPeng акциясы 18 % шарықтап, 2022 жылдың шілдесінен бергі максимум деңгейге жетті — бұл соңғы екі жылдан астам уақыттағы ең ірі бір күндік өсім болды. Компанияның америкалық депозитарлық түбіртегі (ADR) Нью-Йорктегі премаркетте 5 % қымбаттап, оған дейінгі күні тағы 16 % өскен еді.
Bloomberg-тің жазуынша, қытайлық электромобиль өндірушісінің технология саласындағы, соның ішінде гуманоид роботтар бағытындағы жетістігіне байланысты оптимизмнің артуы котировканың шарықтауына себеп болды. Бұған қоса, The Wall Street Journal Bocom International-дың сарапшысы Ангус Чанға сілтеме жасап, енді нарық XPeng компаниясының пайдасын 2025 жылдың үшінші тоқсанында-ақ көрсетуін күтіп отырғанын, ал бұған дейін бұл нәтиже тек төртінші тоқсанда болады деп болжанғанын хабарлады.
Tesla-ның Optimus роботының утилитарлық сыртқы түрінен айырмашылығы, XPeng таныстырған IRON роботының дизайны «адамға қатты ұқсастық» қағидасына негізделген. Optimus-пен бәсекелес қытайлық робот адамның омыртқасына ұқсас құрылыммен, бионикалық бұлшықеттермен және икемді синтетикалық терімен жабдықталған. The Street-тің мәліметінше, XPeng «адамға қатты ұқсас» роботты нарыққа 2026 жылы шығаруды жоспарлап отыр — осылайша ол Tesla-дан озып кетуі мүмкін.
Алайда, екі компанияның нарыққа шығу тәсілдері айтарлықтай ерекшеленеді. Tesla өзінің Optimus роботын жаппай өндіріс пен қолжетімділікке, яғни өндірістік процестерде пайдалану мүмкіндігіне бағыттаса, XPeng өз роботын клиенттермен тікелей жұмыс істейтін салаларда — мысалы, гид немесе администратор ретінде қолдануды жоспарлап отыр.
Бірақ IRON роботының басты кемшілігі — қымбат бағасы: ол шамамен $150 мың тұруы мүмкін, бұл Tesla ұсынған Optimus бағасынан бірнеше есе жоғары, деп жазды Tech Digest. Сынақ нәтижелері XPeng роботын өндірісте пайдалану тиімсіз екенін көрсетті — оның қымбат әрі күрделі қолдары тез тозып қалады.
Басқа да сарапшылар пікірі
Morgan Stanley инвестбанкі XPeng компаниясының америкалық депозитарлық түбіртегінің (ADR) мақсатты бағасын $30-дан $34-ға көтеріп, рейтингін «нарықтан жоғары» (Overweight) деңгейінде растады, бұл сатып алуға кеңесті білдіреді. Investing.com-ның хабарлауынша, банк мұндай шешімді XPeng таныстырған гуманоид робот пен робот-такси жобаларының арқасында пайда болған өсу әлеуеті мен қағазының қайта бағалану мүмкіндігімен түсіндірді.
Seeking Alpha сарапшысы Рикардо Фернандес те XPeng акциясын сатып алуға кеңес берді. Оның айтуынша, XPeng қағазы көптеген баламалармен салыстырғанда салыстырмалы түрде арзан, бірақ өсу қарқыны жоғары. «Егер робот-такси жобасы мен роботтардың сериялық өндірісі 2026 жылы іске асып, нарықта сұранысқа ие болса, бұл жалпы көзқарасты өзгертеді және XPeng акциясының қайта бағалануына — тіпті Tesla деңгейіне дейін, не болмаса Tesla бағасына төмен қарай түзету енгізуге алып келуі мүмкін», — деп жазды ол.
FactSet дерегінше, сарапшылардың басым бөлігі — 39-ның 33-і XPeng акциясын сатып алуға (Buy және Overweight рейтингтері) кеңес берді. Бейтарап (Hold) — 5, ал сатуға (Sell) — 1 сарапшы кеңес берді.








