Ақылды машиналар: робототехника нарығындағы әлеуеті жоғары small-cap компаниялар

Робототехника секторы белсенді өсу кезеңіне қадам басқалы тұр. Болжам бойынша жаһандық нарық көлемі 2035 жылға қарай шамамен алты есеге ұлғайып, $375,7 млрд-қа жетеді. Бұл жыл сайынғы орташа өсімнің 17,3% болатынын білдіреді. Freedom Capital Markets робототехниканы алдағы онжылдықта инвестиция үшін ең перспективалы он саланың қатарына қосты. Сарапшылардың айтуынша өсу драйверінің бастысы — жасанды жады пен заттар интернетінің (AIoT) бірігуі, ол жартылай автономды жүйелер құруға, тиімділікті арттыруға және бизнесті масштабтауға мүмкіндік береді.
Талдаушы Алдияр Ануарбеков Oninvest платформасы үшін робототехника саласындағы 16 бағытта жұмыс істейтін 53 шағын және орта капитализациялы компаниядан тұратын индекс жасады. Бұл индекстің тең салмақталған нұсқасы — EW Robotics Index — жылдың басынан бері 49,7% өсті. Ал нарықтық капитализацияға қарай өлшенген CW Robotics Index тек 10,6% өсіп, S&P 500 индексінен (жыл басынан +15,2%) артта қалды. Мұндай айырмашылық инвесторлардың көбірек қызығушылық танытып отырғаны — шағын капитализациялы компаниялар екенін көрсетеді.
Салыстыру үшін: VanEck Robotics ETF биыл шамамен 25%, ал iShares Automation & Robotics UCITS ETF 17% қосты.
Нарықтың негізгі қозғаушылары
Жыл басынан бері ең жоғары табыс әкелген бағыттар — гуманоидты және сервистік роботтар, суасты жүйелері, дрондар және LiDAR технологиялары.
Австралиялық DroneShield дрон өндірушісінің акциялары +712%,
кореялық Robotis (адамтәрізді және сервистік роботтар өндірушісі) — +520%,
француздық Exail Technologies (суасты робототехникасы) — +514%,
америкалық Aeva Technologies (жаңа буынды лидар технологиялары) — +250%,
немістің Kion Group (автоматтандырылған жүйелер) — +80%.
Бұл компаниялардың өнімдері өнеркәсіп, логистика және қызмет көрсету сияқты көптеген салаларда кеңінен қолданылып жатыр — әсіресе жасанды интеллект пен автоматтандырудың интеграциясы арқасында.
Ал, керісінше, тар шеңберде жұмыс істейтін және капиталды көп қажет ететін бағыттар әлсіз динамика көрсетіп отыр.
Myomo экзоқаңқа өндірушісінің акциялары –85%,
PROCEPT BioRobotics (медициналық робототехника) –57%,
Knightscope (автономды күзет роботтары) –40% төмендеді.
Мұндай жобалар ұзақ мерзімді келісімдер мен жоғары капиталдық шығындарды қажет етеді, сондықтан инвесторлар тез сатылым өсімін және пайда әкелуді көрсете алатын компанияларды таңдауда.
Мәселен, экзоқаңқа нарығының көлемі әлі де өте тар — шамамен $450 млн. Технологиялық серпінге қарамастан, өнім әлі бұқаралық сипат ала қойған жоқ. Медициналық робототехника саласының да кейбір бағыттарында (мысалы, хирургиялық роботтарда) жоғары инвестициялар мен ұзақ енгізу мерзімдері нарықтың өсуін тежеп отыр. Сондықтан инвесторлар қысқамерзімде кеңейіп, табысқа шығу мүмкіндігі бар сегменттерге назар аударып отыр.
Үш табысты тарих
1. Ubtech Robotics
Қытайлық Ubtech Robotics — гуманоидты роботтар шығаратын жетекші компаниялардың бірі. Бастапқыда компания автомобиль зауыттарына арналған логистикалық және конвейерлік роботтар өндірісіне маманданған болатын. Қазір ол АҚШ, Еуропа, Жапония және Оңтүстік Кореядағы түрлі индустриялардан пилоттық тапсырыстар алып отыр. Партнерлері арасында BYD, Dongfeng, Zeekr, Foxconn және басқа да ірі өндіріс компаниялары бар.
2026 жылға дейін Ubtech Robotics жылына 5–10 мың адамтәрізді робот шығаруды және 2026–2027 жылдары операциялық табысқа шығуды жоспарлап отыр.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында компанияның табысы жылдық салыстырмада +28%, ал таза шығыны –17,3% қысқарды.
Қыркүйек басында JPMorgan компания акцияларына Overweight рейтингін беріп, мақсатты баға ретінде 135 гонконг долларын белгіледі. Аналитиктер Ubtech Robotics-ті Қытайдағы гуманоидты роботтар тақырыбындағы басты фаворит деп атады. JPMorgan сарапшыларының пікірінше, адамтәрізді роботтардың жаппай коммерциялық шығарылымы акциялар үшін келесі өсу драйверіне айналуы мүмкін.
2. Rainbow Robotics
Оңтүстіккореялық Rainbow Robotics 2023–2025 жылдары робототехника секторының ең танымал акцияларының бірі болды. Бұған Samsung Electronics компаниясының 35% үлесін сатып алып, стратегиялық инвесторға айналуы түрткі болды.
Компания кооперативті (кобот) роботтар, зерттеу үшін адамтәрізді роботтар және әскери мен ғылыми мақсаттағы автономды жүйелер әзірлейді.
2025 жылдың екінші тоқсанында компанияның табысы +96% өсті, ал операциялық шығындары –19% төмендеп, 2,06 млрд кореялық вон болды. Баланста 86 млрд вон ақша қоры және бар-жоғы 230 млн вон қарызы бар.
SADIF соңғы есебінде Rainbow Robotics рейтингін «Above Average» деңгейіне көтеріп, акцияларды ұстауды ұсынды. Жыл басынан бері акциялар +90% өсті. Дегенмен, бағалау көрсеткіші жоғары: P/B = 46. Сарапшылардың айтуынша, егер компания кірісін тұрақты арттырып, шығындарды азайта алса, мұндай бағалау өзін ақтайды.
3. Stereotaxis
Америкалық Stereotaxis — нарықтық капитализациясы бар болғаны $285 млн болатын, бірақ кардиохирургияға арналған роботтандырылған жүйелердің пионері. Компания жүрек катетеризациясы кезінде катетерді магнит өрісі арқылы дәл басқаруға мүмкіндік беретін роботтандырылған магниттік навигация жүйесін жасап шығарды.
Компанияның артықшылығы — патенттелген технологиясы, ол 2025 жылдың шілдесінде FDA тарапынан мақұлданды және жоғары дәлдікті хирургия саласында тікелей бәсекелестері жоқ. Stereotaxis белсенді түрде халықаралық нарықтарға — Қытай, Еуропа және Таяу Шығысқа — шығуда.
2025 жылдың екінші тоқсанында компания табысын +95% арттырды және жыл бойғы екі таңбалы өсім болжамын растады. Маусымда Stereotaxis стратегиялық инвесторлардан $12,5 млн инвестиция тартты, бұл жаңа құрылғыларды коммерцияландыруға мүмкіндік береді.
Piper Sandler тамыздағы есебінде компания перспективаларын жоғары бағалап, табыс көлемі 2024 жылғы $26,9 млн-нан 2026 жылы $55–56 млн-ға дейін өседі деп болжады және компания залалсыз жұмыс деңгейіне шығуы мүмкін деді.
Аналитиктер акцияларға Overweight (сатып алу ұсынысы) рейтингін беріп, мақсатты баға ретінде $4 белгіледі — бұл ағымдағы бағадан тағы +25% өсу әлеуетін білдіреді.








