Palantir NATO-ға жасанды интеллект технологияларын жеткізеді
Акциялар күрт өсті. Еуропаның АҚШ қорғаныс мердігерлеріне тәуелділікті азайтуға ұмтылысы туралы алаңдаушылықтар аяссында бұл келісім Уолл-стрит үшін жағымды жаңалық

АҚШ-тың әскери және азаматтық қажеттіліктеріне арналған ЖИ әзірлеушісі Palantir Technologies Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымына (НАТО-ға) әскери мүмкіндіктерді жаңғыртуға арналған Maven Smart бағдарламалық жасақтамасын жеткізеді. Солтүстік Атлантикалық альянс Maven-ді Еуропа елдерін қоса алғанда 32 елде ЖИ шешімдерін жедел енгізу үшін қолданбақ. Инвесторлар осы жаңалық шыққанан бері Palantir акцияларын екінші күн қатарынан белсенді түрде сатып алуда, ал сарапшылар мұны Palantir-дың кезекті жеңісі ғана емес, маңызды геосаяси оқиға деп санайды.
Толығырақ
НАТО Palantir-ден өзінің операцияларында қолдану үшін жасанды интеллектке негізделген Maven Smart System NATO (MSS NATO) жүйесін сатып алды. Бұл келісім наурыз айының соңында аяқталды. АҚШ қарулы күштері қазірдің өзінде пайдаланатын бұл жүйе барлау мәліметтерін талдауды жақсартуға, ұрыс алаңындағы жағдай туралы жедел хабар алып отыруға және шешім қабылдау жылдамдығын арттыруға арналған. НАТО Maven-ді ЖИ шешімдерін, соның ішінде 32 қатысушы елде әзірленіп жатқан модельдер мен симуляцияларды жедел енгізу үшін қолдануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Barron’s.
«MSS NATO арқылы НАТО-ның Еуропадағы Біріккен қарулы күштердің Жоғарғы қолбасшылығы альянс аясында әзірленіп жатқан басқа жаңа технологияларды жедел енгізуді жоспарлап отыр. Бұл Солтүстік Америка мен Еуропа арасындағы сенімді әрі тұрақты серіктестікті айқындайды», — деп атап өтті НАТО-ның байланыс және ақпарат агенттігі.
Өткен жылы Palantir Maven бойынша бірнеше ірі келісімшартқа ие болды, оның ішінде АҚШ-тың жауынгерлік қолбасшылығымен $480 миллиондық бес жылдық келісім және әскермен, флотпен және әскери-әуе күштерімен $100 миллиондық тағы бір келісім, деп жазады Barron’s. Компания сондай-ақ NextGeneration Command and Control жобасына — басқару және байланыс саласындағы жаңа армиялық платформаға қатысуға үміттеніп отыр.
Акциялардың жағдайы қалай
15 сәуірде Нью-Йорктегі сауда-саттық кезінде Palantir акциялары 4,6%-ға қымбаттап, 96,9 долларға жетті. Бұл соңғы үш аптадағы ең жоғарғы деңгей. НАТО-ның Maven жүйесін сатып алу туралы мәлімдемесінен кейін компания акциялары алдыңғы күні 4,6%-ға өскен болатын. Жыл басынан бері Palantir-дің нарықтық құны шамамен 28%-ға артты. Салыстырар болсақ, АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 осы кезеңде 7,5%-ға төмендеді.
Сарапшылардың пікірі
William Blair-дың сарапшысы Луи ДиПальма НАТО келісімшартының Palantir-дың кезекті жеңісі ғана емес, одан да кең геосаяси маңызға ие екенін атап өтті. Ол бұл келісімді Еуропаның АҚШ-тың қорғаныс мердігерлерінен тәуелділікті азайтуға деген талпынысы жөніндегі Уолл-стриттегі алаңдаушылық аясында оң белгі деп бағалады. ДиПальма бұл мәміле Еуропаның америкалық қорғаныс жүйелерін ірі сатып алушы болып қала беретінін дәлелдейді деп санайды. Бұл, оның айтуынша бүкіл АҚШ-тың қорғаныс секторы үшін оң белгі.
Сарапшы сонымен қатар Palantir-дың NextGeneration Command and Control бағдарламасына қатысуынан компания кірісінің өсуі үшін тағы бір мүмкіндік көріп отыр. Ол Palantir бұл келісімшартқа алдағы бірнеше ай ішінде қол жеткізеді деп күтуде. Дегенмен, ДиПальма Palantir акцияларының Nasdaq 100 индексіне айтарлықтай тәуелді екенін мойындады. «Егер жақын уақытта Nasdaq 100 төмендей берсе, Palantir акциялары да үш есе қатты құлдырауы мүмкін», — деп қосты ол.
НАТО-ның мәлімдемесінен кейін Wedbush сарапшысы Дэн Айвз Palantir акциялары үшін Outperform (нарықтан жоғары) рейтингін және 120 долларлық мақсатты бағаны растады. Айвздың бұл таргеті компания акцияларының 14 сәуірдегі жабылу бағасынан тағы 30%-ға өсуін болжайды. Сарапшының айтуынша жақында болған акциялардың ауытқуы Трамп әкімшілігі Пентагонға 50 миллиард долларға шығындарды қысқартуды тапсырғаннан кейін әскери шығындардағы белгісіздікпен байланысты болды. Алайда бұл алаңдаушылықтар айтарлықтай сейілді. Айвздың пікірінше Palantir-дың бірегей бағдарламалық тәсілі мен ЖИ-ге деген сұраныстың өсуі компания үшін тиімді фактор. Сонымен қатар ол бюджет қысқартудың жағымды жағын көрді: үкімет тиімділікті арттыруға мәжбүр, ал компания жүйелері ерекше сұранысқа ие болады.
MarketWatch мәліметтері бойынша Palantir-ды бақылайтын талдаушылардың төрттен бірі инвесторларға компания акцияларын сатып алуды ұсынады (Buy және Overweight рейтингтері). Шамамен 60%-ы бейтарап ұстанымда, акцияларды портфельде сақтауға кеңес береді, ал қалғандары олардан арылуды ұсынады. Уолл-стриттің Palantir акцияларына 12 айлық болжамды бағасы — $93,9, бұл қазіргі деңгейден тек 1,3%-ға жоғары.








