Цукерберг империясына төніп тұрған ең үлкен қауіп: Meta-ға қарсы істің жай-жапсары

Вашингтон қаласында осы аптада онжылдықтардағы ең ірі монополияға қарсы сот процестерінің бірі басталды. АҚШ үкіметі Meta Platforms-ты он жыл бұрын Instagram мен WhatsAp-ты сатып алу арқылы бәсекелестікті басып тастады деп айып тағуда. Meta сотта жеңіліс тапса, екі сервисін сатуға тура келеді, бұл оның жарнама кірістеріне елеулі соққы болуы мүмкін.
Meta-ға деген шағымдар
АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы (FTC) бастапқыда 2020 жылы Meta-ға қарсы сот ісін қозғаған болатын. FTC компанияның Instagram-ды 2012 жылы $1 млрд-қа, ал WhatsApp-ты 2014 жылы $19 млрд-қа сатып алуына байланысты, Meta-ның бәсекелестерін сатып алу арқылы монополияға қол жеткізгенін дәлелдеуге тырысады. 2021 жылы сот FTC шағымын қанағаттандырмай, Facebook әлеуметтік желілер нарығында монополияға ие екенін дәлелдей алмады деп тапты. Сол жылы реттеуші дәлелдерін жаңартып, қайтадан шағым түсірді.
FTC Meta-ның «сатып ал немесе жою» стратегиясын қолданғанын айтады. 2012-2014 жылдары компания Instagram мен WhatsApp-ты жұтып, жеке әлеуметтік желілер нарығындағы монополияны қамтамасыз етті. Бұл санатқа негізінен таныстары арасында контент алмасатын әлеуметтік желілер кіреді. Bloomberg-тің жазуынша бұл – Facebook, Instagram және Snapchat қатысатын өте шағын нарық.
14 сәуірде соттың алғашқы отырысында FTC заңгерлері Facebook-тің он жылдан астам уақыт бұрынғы хаттарын көрсетті. Бұл хаттар FTC-нің айтуынша Meta-ның Instagram-ды сатып алуға мәжбүр болғанын дәлелдейді. 2011 жылғы бір хатта Цукерберг Meta-ның Instagram-мен бәсекелесе алмайтынын және бұл стартап Google-ға сатылып кетсе, «нағыз қиындыққа» тап болатынын айтқан. Bloomberg-тің мәліметінше 2012 жылы Цукерберг Facebook-тің сол кездегі қаржы директоры Дэвид Эберсманмен Instagram-ды сатып алудың себептерін талқылаған. Эберсманның «бұл мәміле Facebook үшін бәсекелесті жоюға мүмкіндік бола ма?» деген сұрағына, Цукерберг «иә» деп жауап берген.
«Мұны былай қарастыруға болады: шын мәнінде біз уақыт сатып алып жатырмыз. Егер жаңа бәсекелес пайда болса да, дәл қазір Instagram, Path, Foursquare және басқаларды сатып алу бізге олардың ауқымына жақындауға ешкім үлгермей тұрып, олардың механизмдерін біріктіруге бір жыл немесе одан да көп уақыт береді», – деп жазды Цукерберг.
Сотта басты куәгер ретінде сөз сөйлеген Цукерберг бұл хаттардың түпнұсқалығын растады.
Сотта куәгер ретінде сөз сөйлеген Facebook негізін қалаушы Instagram-ды сатып алудың жалғыз себебі әлеуметтік желінің ауқымы немесе өсу қарқыны емес екенін мәлімдеді. Цукербергтен осыған ұқсас Instagram сервисін өз күштерімен жасайтын болса, соған барушы ма еді деген сұрақ қойылды. Ол: «Иә, меніңше, иә, бірақ бұл өте қымбат — $1 миллиард», деп жауап берді. Бірақ, деп қосты ол, бұл өнім қандай болуы мүмкін екені жайында тек болжауға болады.
Meta Федералды сауда комиссиясының (FTC) оны монополия деп санауы қате деп санайды, өйткені FTC «жеке әлеуметтік желілер» нарығын әдейі тарылтып, TikTok және YouTube сияқты танымал платформаларды есепке алмады. Meta бағалауы бойынша, егер оларды есепке алатын болсақ, оның «жеке әлеуметтік желілердегі» нарықтық үлесі 30%-дан төмен болады.
Компанияның мәлімдемесінде: «Сотқа ұсынылған дәлелдемелер бүкіл әлемдегі әрбір 17 жастағы жасөспірім білетін нәрсені көрсетеді: Instagram TikTok-пен (сондай-ақ YouTube, X және басқа да көптеген қосымшалармен) бәсекелеседі», – делінген.
Meta Instagram мен WhatsApp оның бәсекелестері болмағанын, бірақ инвестициялардың арқасында жақсарғанын атап өтеді: Instagram «белгісіз болашағы бар шағын қолданбадан» 2 миллиардтан астам белсенді пайдаланушысы бар әлеуметтік желіге дейін өсті, ал WhatsApp ақылы қызметтен тегін дауыс және бейне қоңыраулар платформасына айналды.
Сондай-ақ, Meta бұл мәмілелерді бір кезде реттеушілер мақұлдағанын еске салады.
Meta-ға қандай қауіп төніп тұр
The New York Times газетінің жазуынша бұл сот ісі Марк Цукербергтің бизнес империясы үшін ең үлкен қауіп тудыруда. Егер сот шағымды қолдаса, Meta Instagram және/немесе WhatsApp-ты сатуға мәжбүр болуы мүмкін, деп хабарлайды MarketWatch. Reuters агенттігінің мәліметінше Instagram-нан айырылуы Meta-ның қаржылық көрсеткіштеріне өте ауыр соққы болады. Emarketer зерттеу компаниясының деректеріне сүйенсек, Instagram биыл Meta-ға $37,13 миллиард табыс әкелуі мүмкін, бұл компанияның АҚШ-тағы барлық жарнамалық табысының жартысынан сәл астамы. Meta жеке қосымшалар бойынша табысты ашпайды.
Instagram және WhatsApp-ты жоғалту сонымен қатар Meta-ның саладағы ықпалына қатты соққы береді. Компания енді әлеуметтік желілер әлемінің «тартылыс орталығы» болмайды, дейді Forrester сарапшысы Майк Прю. Оның айтуынша Meta Facebook-ті тағы да сәнге айналдыруға тырысып жатыр, бірақ Instagram оның «әлеуметтік медиадағы негізгі сақтандыру құралы» болып қала береді. «Instagram мен WhatsAppсыз Meta-да не қалады? Facebook Instagram-мен дербес платформа ретінде бәсекелесе ала ма? [Meta-ның X әлеуметтік желісіне балама ретінде іске қосылған] Threads ауқымды монетизацияға қол жеткізе ала ма?» — деген сұрақтар қояды сарапшы.








