Netflix компаниясы алдағы жылдары үлкен өсімге қол жеткізуді мақсат тұтуда
Кезекті жоспар бойынша стримингтік платформа 2030 жылдың соңына қарай жазылушылар санын шамамен 410 миллионға жеткізуді көздейді. Салыстыру үшін, өткен жылы Netflix-тің жазылушылар саны 300 миллионнан сәл асқан болатын

Стримингтік сервистер арасында кеңінен танымал Netflix компаниясы 2030 жылға қарай кірісін екі есеге арттыруды және нарықтағы құнын 1 триллион долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Компанияға мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу үшін акцияларының құнын бес жыл ішінде 140%-ға көтеру қажет. Бұл жоспарлар туралы Netflix-тің жыл сайынғы жабық бизнес-жиналысында айтылды, деп хабарлады The Wall Street Journal.
Толығырақ
Netflix өткен жылғы 39 миллиард доллардан асқан кірісін 2030 жылға дейін екі есеге арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, стримингтік сервис ғаламдық жарнамалық сатылымдардан шамамен 9 миллиард доллар табыс табуды жоспарлауда. eMarketer зерттеу компаниясының мәліметі бойынша осы жылы АҚШ-тағы Netflix жарнамалық кірісі 2,15 миллиард доллардан асады деп болжануда.
Компания 2030 жылға қарай 410 миллион жазылушыға қол жеткізуді көздеп отыр. Салыстыру үшін өткен жылдың соңында жазылушылар саны 300 миллионнан сәл асқан еді. Netflix жетекшілері сонымен бірге 2030 жылға дейін операциялық кірісті үш есеге арттыруды, яғни өткен жылғы 10 миллиард доллардан әлдеқайда жоғары көрсеткішке жетуді мақсат етіп отыр.
2025 жылдың 15 сәуіріндегі сауда нәтижелері бойынша Netflix-тің нарықтық құны шамамен 420 миллиард долларды құрады. Құнын 1 триллион долларға дейін жеткізу үшін акциялардың бағасы 140%-ға өсуі тиіс. Соңғы 12 айда компанияның акциялары 58%-ға өсіп, жалпы нарықты сенімді түрде басып озды. Салыстырмалы түрде, S&P 500 индексі осы кезеңде 7,2%-ға өссе, Walt Disney компаниясының акциялары 25%-ға арзандаған.
Сейсенбі күнгі сауда-саттықта Netflix акциялары 4,8%-ға қымбаттап, S&P 500 индексіндегі күндік өсім бойынша үшінші орынға ие болды.
Триллионерлер қатарына қосылу мүмкіндігі бар ма
Netflix-тің нарықтық құнын триллион долларға жеткізу жоспары сарапшылардың пікрінше әбден мүмкін. FactSet консенсус-болжамына сәйкес 2030 жылға қарай жылдық кіріс 87%-ға артып, $72,8 млрд-қа жетеді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш компания менеджментінің қойған мақсатынан төмен болса да, оның өсу әлеуетін көрсетеді.
Компания енгізген өзгерістер, мысалы, пароль шерингін шектеу, жазылу бағаларын көтеру және жарнамасы бар жаңа тарифті іске қосу, бір жазылушыдан түсетін табысты арттыруға мүмкіндік береді. Netflix басшылығының пікірінше АҚШ экономикасындағы ықтимал рецессия компанияның кірісі мен пайдасына айтарлықтай әсер етпейді, себебі сауда соғысы стримингтік сервис өнімдерін қамтымайды.
WSJ деректері бойынша Netflix-те рецессия жағдайында тұтынушылар үйде қалып, кинотеатрлар мен мейрамханаларға барудан гөрі сериал көруді таңдайды деп болжайды. Сонымен қатар компанияның акциялары сауда саясаты кезінде тұрақтылық танытып отыр: Дональд Трамп жаңа импорттық тарифтерді жариялағаннан бері олар шамамен 1%-ға өсті.
BofA Securities сарапшысы Джессика Райф Эрлихтің айтуынша Netflix-тің мықты жазылым моделі, әсіресе экономикалық рецессия жағдайында өзектілігі арта түсетін ойын-сауық контентімен бірге, оның акцияларын қорғаныш активке айналдырады. Сондықтан, Netflix-тің «триллионерлер клубына» қосылу мақсаты қазіргі жағдайда қолжетімді болып көрінеді.
Сарапшылардың ұстанымы
MarketWatch деректері бойынша Netflix акцияларын бақылайтын 54 сарапшының ішінде 38 сатып алуды ұсынады (Buy және Overweight бағалары), 14-і ұстап тұруды кеңес береді (Hold), ал тек екеуі сату қажет деп санайды (Underweight). Уолл-стриттің ортақ мақсатты бағасы Netflix акциялары үшін $1087,6 құрайды, бұл 14 сәуірдегі жабылу бағасынан 17%-ға жоғары.








