ASML-дің әлсіз есебі мен Nvidia жаңалықтары чип секторын әлем бойынша құлдыратты

16 сәуірде әлемдік медиада басты тақырыптардың бірі — графикалық процессорлар өндірушісі Nvidia мен чип өндірісі үшін жабдық шығаратын голландиялық ASML компанияларының жаңа шектеулер мен белгісіздіктер салдарынан қаржылық қиындықтарға тап болуы.
Nvidia шығынға батты
Nvidia компаниясы АҚШ үкіметінің H20 графикалық процессорларын Қытай мен басқа елдерге экспорттауға лицензиясыз тыйым салуына байланысты бірінші тоқсанда 5,5 млрд доллар көлемінде шығын жазатынын хабарлады. Бұл чиптер Қытай нарығы үшін арнайы әзірленген болатын. Компания олардан биыл $12–15 млрд көлемінде табыс түседі деп күткен еді.
Жаңа шектеулер компанияның болашақ табысына қауіп төндіріп отыр. Nvidia бас директоры Дженсен Хуангтың айтуынша, Қытайдағы түсім жартылай қысқарған. Сонымен қатар, Huawei компаниясы басты бәсекелеске айналып келеді.
Бұл жаңалықтардан кейін Nvidia акциялары 6%-дан астамға арзандады. 2025 жылдың басынан бері құнсыздану 16%-ға жетті.
ASML: сұраныс төмендеп жатыр
ASML — әлемдегі ең ірі литография жабдығын өндіруші, оның клиенттері арасында TSMC және Intel бар. Компания 2025 жылдың алғашқы тоқсанында жаңа тапсырыстар көлемі 3,94 млрд еуроға дейін төмендегенін мәлімдеді — бұл күтілгеннен 1 млрд еуроға аз. Тапсырыстар өткен тоқсанмен салыстырғанда 44%-ға құлдыраған.
ASML басшысы Кристоф Фуке АҚШ-тың импорттық баж салығына қатысты мәлімдемелері нарықтағы белгісіздікті арттырғанын айтты. Қаржы директоры Роджер Дассен жаңа тарифтер тек толық жүйелерге ғана емес, ASML-ден бөлшек сатып алатын АҚШ зауыттарына да әсер ететінін атап өтті.
Акциялар Амстердам биржасында 7,6%, Франкфуртта — 5,7%-ға төмендеді. АҚШ-тағы алдын ала саудада ASML-дің депозитарлық қағаздары 4%-ға арзандады.
Неліктен бұл маңызды?
Nvidia мен ASML — жаһандық технология нарығындағы екі негізгі ойыншы. Олардың көрсеткіштері ИИ мен чип өндірісі бойынша бүкіл саланың бағытын көрсетеді. Сауда соғыстары, жаңа баж салықтары мен экспорттық шектеулер жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, салада ұзақмерзімді тұрақсыздық туғызуы мүмкін.
Нарықтағы жағдай
Nvidia компаниясы сейсенбі күні Қытай мен басқа елдерге H20 графикалық процессорларын экспорттауға салынған шектеулерге байланысты шамамен 5,5 миллиард доллар шығынға ұшырайтынын хабарлады, деп жазды CNBC. Компанияның есептеріне сәйкес АҚШ үкіметі 9 сәуірде Nvidia-ны мұндай жеткізілімдер үшін енді арнайы лицензия қажет болатыны туралы ескерткен. Осы жаңалық аясында компания акциялары премаркетте 6,7%-ға төмендеді.
Nvidia мәлімдемесі мен ASML есебі жасанды интеллект саласының келешегіне деген алаңдаушылықты күшейтіп, жапондық чип өндірісіне қажетті құрал-жабдық шығаратын компаниялардың акцияларына қысым көрсетті, деп жазады Bloomberg. Disco акциялары 8,7%-ға, ал Socionext, Kokusai Electric және Advantest акциялары 7%-дан астам арзандап, Жапонияның Nikkei 225 индексін төмен тартты.
Ortus Advisors компаниясынан Эндрю Джексонның айтуынша ASML-дің әлсіз нәтижелері Токио нарығын «жанып тұрған алаумен күйдіріп жіберді». Ол: «Көптеген компаниялардың инвестициялық жоспарлары Трамптың тарифтері салдарынан бейберекетке ұшырады. Алда бізді бұдан да қиын кезең күтіп тұр», — деді.
Еуропалық микрочип өндірушілердің акциялары да төмендеді: Нидерландтық ASM International – 4%-ға жуық, француздық STMicroelectronics және германиялық Infineon Technologies – 2,2%-ға арзандады. Америкалық чипмейкерлер де сауда сессиясының басында минусқа кетті: AMD – 6,7%-ға, Micron – 5%-ға, Broadcom – 3,8%-ға төмендеді.








