AMD мен Nvidia Қытайға экспортқа салынған шектеу салдарынан шығынға ұшырауы мүмкін
Уолл-стриттегі сарапшылардың пікірінше келесі зардап шегуші Broadcom болуы мүмкін

Чип өндіруші Advanced Micro Devices (AMD) компаниясы Nvidia-дан кейін Қытайға жартылай өткізгіштер экспортын шектейтін жаңа шаралар салдарынан шығынға ұшырайтынын мәлімдеді. Бұл шектеулерді АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі енгізген. Уолл-стрит сарапшылары мұндай шаралар Broadcom компаниясына да әсер етуі мүмкін деп отыр. АҚШ қор нарығында бірқатар чипмейкерлердің акциялары арзандады.
Толығырақ
Advanced Micro Devices компаниясы жаңа экспорттық шектеулер салдарынан 800 миллион долларға дейінгі тоқсандық шығынға тап болатынын хабарлады. Бұл сома AMD-дің MI308 сериялы процессорларын Қытайға экспорттауға қатысты жаңа лицензиялық талаптарды бағалағаннан кейін есептелді. Компания бұл туралы АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) берген мәлімдемесінде айтты.
AMD Қытайдағы клиенттеріне өнім жеткізу үшін экспорттық лицензия алуға талпынатынын жеткізді, бірақ оң нәтижеге қол жеткізетініне сенімді емес.
Осыдан бір күн бұрын ғана Nvidia да жаңа экспорттық шектеулердің кесірінен 5,5 миллиард доллар көлемінде шығынға бататынын хабарлаған еді. Компанияның мәліметінше 9 сәуірде АҚШ үкіметі Nvidia-ны H20 графикалық процессорларын Қытай мен тағы бірнеше елге экспорттау үшін арнайы лицензия алуға міндеттеген.
Акциялардың жағдайы қалай
16 сәуірдегі сауда-саттық кезінде AMD акциялары бір сәтте 8,1%-ға арзандады. Nvidia акциялары 7,3%-ға төмендеді.
AMD мен Nvidia-ның мәлімдемелері бүкіл жартылай өткізгіш секторының акцияларына қысым көрсетті, деп жазады MarketWatch. Intel, Qualcomm, Micron, Broadcom және Marvell акциялары 2–4% аралығында арзандады. Жартылай өткізгіш секторына қатысты iShares Semiconductor биржалық қоры 3,7%-ға төмендеді.
Инвестор үшін не маңызды
Bloomberg-тің жазуынша Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ-тың соңғы жылдары енгізген шектеулерін одан әрі қатайтып жатыр. Бұл шектеулер Қытайдың заманауи чип технологияларына қол жеткізуін тежеуге бағытталған. Бұған дейін Джо Байден әкімшілігі экспорттық бақылау шараларын бірнеше рет енгізіп, Қытайды ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруші геосаяси қарсылас деп бағалаған.
AMD үшін бұл жағдай жағымсыз жаңалық болды: компания Nvidia-ның Қытайда шектеуге ұшыраған H20 чиптерінің баламасын ұсынып, сол нарықта сұраныс артып жатқанын бақылап отырған еді. Mizuho аналитигі Джордан Кляйннің есебінше, AMD-нің MI308 чиптері компанияға жылына бірнеше миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін еді.
Соңғы алты айда чип өндіру жабдықтарын жасайтын компаниялар АҚШ енгізген экспорттық шектеулерге байланысты Қытай нарығынан түсетін кіріс бойынша болжамдарын төмендеткен. Енді компаниялардың мәлімдемелері кірістің одан әрі азаю қаупін көрсетіп отыр, дейді Кляйн.
Nvidia-ның жағдайы – экспорттық шектеулердің табыстардың қарқынды өсуін тежеуі мүмкін екенінің айқын белгісі. АҚШ билігі бұл чиптер әскери мақсаттағы суперкомпьютерлер жасау үшін қолданылуы мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлайды CNBC.
Кляйннің айтуынша келесі нысанаға Broadcom компаниясы алынуы мүмкін. Себебі ол Қытайдың ByteDance компаниясымен жұмыс істейді және ИИ бағытындағы интегралды схемалар шығарады. Ал Micron Technology жайлы аналитик оптимистік көзқараста: компания қазірдің өзінде қатаң шектеулерге ұшыраған және оның DRAM өнімдерінің Қытайдағы сатылымы аз.
Кляйн сондай-ақ бұл жағдай Applied Materials, KLA және Lam Research сынды жартылай өткізгіш құрал-жабдық өндірушілерге де теріс әсер етіп жатқанын атап өтті. Бұл компаниялардың акциялары 16 сәуірде 3–4%-ға арзандады.








