БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Алтын бағасы $3500 психологиялық межесінен асып түсті

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Алтын бағасы $3500 психологиялық межесінен асып түсті

АҚШ президенті Дональд Трамптың Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэллге жаңа сын айтуынан кейін инвесторлар тәуекелге толы америкалық активтерден жаппай шығып, «тыныш айлақ» іздей бастады.

Толығырақ

22 сәуірде спот-нарықта алтын бағасы бір сәтте унциясына $3500,1 дейін көтерілді. Қазір ең көп саудаланып жатқан маусым айындағы фьючерстердің бағасы АҚШ-та $3509,9-ға жетті.

21 сәуірде Трамп қайтадан пайыздық мөлшерлемені дереу төмендетуге шақырып, бұлай болмаған жағдайда АҚШ экономикасы баяулауы мүмкін екенін ескертті. Ол Пауэллді тарифтерді көтерудің инфляциялық салдарын күтпестен ставканы ұстап тұру ниеті үшін тағы да сынға алды. Трамптың бұл мәлімдемелері америкалық активтердің жаппай сатылуына, Уолл-стрит пен доллардың әлсіреуіне әкелді.

Сарапшылар не дейді

«Раллидің соңғы кезеңі АҚШ президенті Дональд Трамптың ФРЖ төрағасы Джером Пауэллге жасаған жария шабуылынан басталды», — дейді Heraeus Metals Germany компаниясының бағалы металдар трейдері Александр Цумпфе Reuters-ке. «Саяси белгісіздік пен ақша-кредит саясатына қатысты алаңдаушылықтар сақталып отырғандықтан алтынға деген күшті қолдау да жалғасуы мүмкін. Қазір негізгі техникалық қолдау деңгейлері $3450 және $3400 шамасында, ал келесі психологиялық мақсат — унциясына $3600».

«Биылғы алтын бағасының шапшаң өсуі нарықтардың АҚШ-қа деген сенімі бұрынғыдан да төмен екенін көрсетеді», — деп жазды Kallanish Index Services сарапшысы Ли Лян Ле. Оның айтуынша бұрынғы «Trump trade» — яғни Трамп кезінде АҚШ экономикасының өсуіне ставка жасау стратегиясы — енді «Американы сат» (sell America) нарративіне айналған.

Barron's үшін мақала жазған Уолл-стриттің бұрынғы инвестициялық кеңесшісі Джек Хоудың айтуынша акциялардан қашып, алтынға толық көшудің қажеті жоқ. Соңғы айлардағы алтын бағасының өсуі әсерлі көрінгенімен, тарихи тұрғыдан бұл — сирек кездесетін жағдай: 1975 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта алтынға салынған әр доллар $16-ға айналса, америкалық акцияларға салынған доллар $348-ға жеткен. Оның пікірінше инвестициялық портфельдің негізі табыс әкелетін шикізатты өнімге айналдыратын компаниялардың акциясы болуы тиіс. Тіпті алтын өндіруші Newmont компаниясының өзі S&P 500 индексіне кіреді, дейді Хоу.

Алтын инфляциядан қорғау құралы бола бермейді — мысалы, 2022 жылы АҚШ-та инфляция соңғы 40 жылда алғаш рет 9%-ға жеткенде, алтын бағасы өзгермеген. BlackRock портфельдік менеджері Расс Кестеричтің айтуынша бұл пайыздық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты: егер облигациялардан жылына 5% табыс алуға болса, онда көптеген инвестор үшін бұл — алтын құймасы немесе ETF түріндегі алтыннан гөрі тартымдырақ, өйткені соңғылары табыс әкелмейді.

2025 жылы алтын қор нарығындағы құлдырауды белгілі бір дәрежеде өтеді, бірақ бұл әрқашан дер кезінде бола бермейді. Сәуірдің басында америкалық акциялар үш күн ішінде 11%-ға төмендегенде, алтын да 5%-ға арзандады. «Мұндай жағдай жиі кездеседі, — дейді RBC сарапшысы Крис Луни. — Инвесторлар басқа активтерде шығынға ұшырағанда, сол шығындарды жабу үшін алтындарын да сатады».

Акциялар жайлы не білеміз

2025 жылдың басынан бері алтын бағасы шамамен үштен бірге қымбаттады. Алайда Bloomberg-тің жазуынша бағалы металлдың салыстырмалы күш индексі (RSI) 79 пунктке жетіп, оның шамадан тыс сатып алынғанын көрсетіп отыр.

Алтын бағасының көтерілуі алтын өндіруші компаниялардың акцияларына серпін берді. 22 сәуірде Гонконгтағы саудада Қытайдың алпауыт Zijin Mining Group компаниясының акциялары 6,5%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері олардың өсімі 27%-ды құрады.

UBS сарапшысы Дэниел Мэйджор жуырда америкалық Newmont пен канадалық Barrick Gold компанияларының рейтингін «бейтараптан» (Neutral) «сатып алуға» (Buy) дейін көтерді. Сонымен қатар оған Лондонда тіркелген және Торонто биржасында листингтелген Endeavour Mining компаниясы да ұнайды — оның акциялары соңғы үш жылда 40%-ға өскен.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары