Техсектор құлдырауынан ірі егеменді қор 2023 жылдан бері рекордтық шығынға ұшырады

Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры (Мұнай қоры деп те аталады), әлемдегі ең ірі ұлттық әл-ауқат қоры әрі мемлекеттік компаниялар акцияларының ең ірі иегері, нарықтағы жаһандық тұрақсыздық салдарынан соңғы алты тоқсан ішіндегі ең үлкен шығынға ұшырады. Норвегиялық қор негізінен технологиялық компаниялардың акцияларын алып отырғандықтан олардың құнсыздануы бұған негізгі себеп болды.
Толығырақ
Норвегияның егеменді қоры 2025 жылдың қаңтар-наурыз аралығында инвестициядан 0,6%-дық, яғни $40 млрд көлемінде шығынға батты. Бұл туралы қорды басқаратын Norges Bank Investment Management (NBIM) ұйымы хабарлады. Bloomberg мәліметтері бойынша бұл 2023 жылдың үшінші тоқсанынан бергі ең үлкен активтердің құнсыздануы.
Қордың ең үлкен шығыны акциялар портфелінен болды – олар 1,6%-ға арзандады. «Тоқсандық көрсеткіштерге нарықтағы айтарлықтай ауытқулар әсер етті. Акциялардан түскен табыс теріс болды, негізінен технологиялық секторға байланысты», — деп мәлімдеді NBIM бас директоры Николай Танген.
Сонымен қатар, қордың тұрақты кіріс құралдарына салған инвестициялары 1,6% табыс әкелсе, жылжымайтын мүлік бойынша 2,4%, ал жаңартылатын энергия көздері саласындағы активтер 1,2% табыс әкелді.
Мұнай қоры қандай акцияларға инвестиция құяды
Қазіргі уақытта Мұнай қорына әлемдегі барлық мемлекеттік компаниялардың акцияларының шамамен 1,5%-ы тиесілі. Ол технология саласына басымдық береді: акциялар портфелінде Apple, Microsoft, Nvidia, Alphabet (Google-дің холдингтік компаниясы) және Amazon сияқты компаниялардың бағалы қағаздары басым. Қор сонымен қатар Tesla-ның да акцияларына иелік етеді. Бұрын бұл активтер айтарлықтай табыс әкелетін – мысалы, 2024 жылы ол 13%-ды құраған, деп хабарлайды Bloomberg.
Дегенмен, өткен жылы қор америкалық технологиялық акцияларға салымын қысқартуға кіріскен еді. Мұның мақсаты – әлемдік қор нарықтарында үстемдік ететін компаниялардың акциялары бойынша түзетулерге ұшырау қаупін азайту болатын. Енді қор басшылығы бұл салымдардың теңгерімсіздігін реттеу жоспарын қолға алды.
Қордың жұмысы негізінен пассивті стратегияға негізделген: ол акциялар үшін FTSE Global All Cap және облигациялар үшін Bloomberg Barclays индекстерін қадағалайды. Индекстерден белсенді түрде ауытқу мүмкіндіктері бар болғаны 1,45 пайыздық пунктпен шектелген. Ұйымның этикалық стандарттары адам құқықтарының бұзылуымен, экологияға айтарлықтай зиян келтірумен немесе қару-жарақ өндірумен байланысты компанияларға инвестиция салуға тыйым салады. Бұл шектеулерге Норвегия парламентінің оңшыл оппозициясы қарсы шығып, Норвегияның өзі сатып алатын қаруларды өндіретін Lockheed Martin сияқты қорғаныс компанияларына инвестиция салуға рұқсат беруді ұсынуда.
NBIM әлем бойынша 8 500-ден астам компанияның акцияларына иелік етеді. Қазіргі уақытта билік қорды қайта құрмақ: Норвегияның қаржы министрі Йенс Столтенбергтің айтуынша қор дамушы нарықтардағы кішігірім компаниялардың акцияларын сата бастайды. Бірақ қордың көлемі үлкен болғандықтан, қайта құрылымдау процесі біраз уақыт алады, деп атап өтті Bloomberg.
Контекст
“Керемет жетілік” деп аталатын жетекші технологиялық компаниялардың акциялары 2024 жылы нарықтың қалған бөлігінен басым түссе, енді олар әлсіз динамика көрсетіп жатыр. 2025 жылы АҚШ-тың ірі жеті технологиялық компаниясы S&P 500 негізгі индексіне қарағанда нашар нәтиже көрсетуде. Бұл индекс жылдың басынан бері шамамен 9%-ға төмендеді. Мұндай күрт құлдырау, негізінен, баж салықтары, инфляция және технологиялық сектордағы табыстың күтілгеннен баяу өсуіне байланысты инвесторлардың алаңдаушылығынан туындап отыр.








