Криптонарық өсімі кезінде инвесторлар биткоин мен Ethereum ETF-теріне $3 млрд салды

Өткен аптада нарықтық
капитализациясы бойынша ең ірі
криптовалюта саналатын — биткоин
10%-ға қымбаттады.
Биткоин мен нарықтағы
екінші ең ірі криптовалюта Ethereum-ды
бақылайтын биржалық қорлар (ETF) өткен
аптада 3,2 млрд доллардан астам инвестиция
тартты. Бұл соманың жартысына жуығы бір
ғана биткоин ETF-іне тиесілі болды. Ал
оған келіп түскен қаржы биылғы ең жоғары
апталық көрсеткішке айналды.
Бүгінде инвесторлар
криптовалютаға қаржы құя бастады.
Өйткені Дональд Трамптың Қытаймен
мүмкін болатын сауда келісімдері туралы
мәлімдемесінен кейін қор нарығы өсе
бастаған. Кейбір сарапшылар егер сауда
соғысы жалғасатын болса биткоинды
алтынның орнына қорғаныс активі ретінде
қолдануға болатынын айтады.
Толығырақ
Bloomberg-тің хабарлауынша,
өткен аптада биткоин мен Ethereum-ды
бақылайтын ETF қорлары 3,2 млрд доллардан
астам инвестиция тартты. Ең ірі апталық
қаржы құйылымын iShares Bitcoin Trust ETF тіркеді.
Оған шамамен 1,5 млрд доллар келіп түсті.
Бұл — қор үшін жыл ішіндегі рекордтық
көрсеткіш. Сондай-ақ ARK 21Shares Bitcoin ETF қорына
620 млн доллардан астам, ал Fidelity Wise Origin
Bitcoin Fund-қа шамамен 574 млн доллар инвестиция
тартылды. Ethereum-ға бағытталған қорлар
да ақпаннан бері алғаш рет таза апта
сайынғы ақша ағынын көрсетті.
Өткен жетіде криптовалюталар
нарығы тәуекелді активтердің, соның
ішінде АҚШ-тың негізгі индексі S&P
500-дің, айтарлықтай өсуі аясында күшейді.
S&P 500 өткен аптада шамамен 4,6%-ға өсті.
Биткоин осы уақыт ішінде 10%-ға қымбаттап,
94 мың долларға жетті. Бұл АҚШ-тағы
президент сайлауынан бергі ең жоғары
апталық өсім. Ethereum бағасы шамамен 15%-ға
артты.
Бұл нені білдіреді
Криптовалютаға ірі
көлемде қаржының құйылуы биткоинның
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы
кезінде акциялардан гөрі тұрақтырақ
актив екенін көрсетті, деп жазады
Bloomberg. Салыстырар болсақ, жыл басынан
бері биткоин бағасы айтарлықтай
өзгермесе, S&P 500 индексі 6%-ға төмендеді.
Бұл биткоинның алтын секілді «тыныш
айлақ» активіне айналып келе жатқанын
көрсетеді.
«Институционалдық
инвесторлардың биткоинға деген
қызығушылығын көрсететін спот ETF
қорларына таза қаржы ағыны айтарлықтай
артты», — деді eToro брокерлік платформасының
сарапшысы Саймон Питерс Bloomberg-ке берген
пікірінде.
«Алтын бағасы тарихи
шегіне жеткен шақта, инвесторлар
биткоинды — эмиссиясының шектеулі
болуына байланысты жиі «цифрлық
алтын» деп аталатын криптовалютаны
— экономикалық белгісіздік жалғасқан
жағдайда балама қорғаныс активі ретінде
қарастыра бастады», — деп қосты ол.
Контекст
Трамптың АҚШ-тағы
президент сайлауындағы жеңісінен кейін
биткоин және басқа да криптовалюталар
белсенді түрде өсе бастады. Жаңа
президенттің Американы әлемдік
«криптоастанаға» айналдыру туралы
уәдесіне үміт артқан инвесторлар қаңтар
айында биткоин бағасын 109 мың долларға
дейін жеткізді. Трамп ұлттық биткоин
резервін құруға уәде берген еді. Алайда
Ақ үй алғашқы мемлекеттік цифрлық
активтер қоры үшін биткоин сатып алу
немесе сату жоспары жоқ екенін
жариялағаннан кейін, биткоин бағасы 85
мың доллардан төмен құлдырады.
Трамптың сауда соғысы
жариялаған соң, нарықтағы тұрақсыздық
салдарынан биткоин тағы да арзандап,
76 мың долларға түсті. Бұл жаңалық
жарияланған сәтте биткоин бағасы 94,5
мың доллар деңгейінде саудаланып жатыр.








