Нарық дүрбелеңде: биткоин құлдырап, банктер болжамдарын қайта қарауда

Америкалық
акциялар құлдырауда, инвесторлар рецессия қаупінен алаңдаулы. S&P 500
индексі одан әрі төмендейді деп болжануда, ал биткоин құнын жоғалтуды
жалғастыруда. Бұған Дональд Трамптың криптовалюта резервіне қатысты жарлығы
әсер етті. Бұл және басқа да тақырыптар жөнінде 11 наурыздағы әлемдік БАҚ
шолуын ұсынамыз.
Америкалық
акциялар күрт төмендеді
10 наурызда АҚШ
қор нарығы құлдырады, деп жазады CNBC. S&P 500 2,7%-ға төмендесе, Dow Jones
Industrial Average 2,08%-ға, ал Nasdaq Composite 4%-ға құлдырап, 2022 жылдың
қыркүйегінен бергі ең нашар көрсеткішін көрсетті.
Еуропалық
нарықтар да төмендеді: Stoxx 600 индексі 1,29%-ға, ал Германияның DAX индексі
1,69%-ға құлдырады. Бұл Германия экспортының қаңтар айында 2,5%-ға азайғаны
туралы деректер жарияланғаннан кейін орын алды.
Технологиялық
компаниялардың акциялары да 2022 жылдан бері ең үлкен күндік шығынға ұшырады,
деп хабарлайды Bloomberg. АҚШ-тың ең ірі технологиялық компанияларының индексі
– Bloomberg Magnificent 7 – 5,4%-ға төмендеді. Tesla акциялары бір күнде
15%-дан астам арзандап, бұл сектордағы ең ірі құлдырауға ұшырады. Apple,
Alphabet және Meta акциялары 4%-дан астам, ал Microsoft пен Amazon сәйкесінше
3% және 2%-ға төмендеді.
Financial Times-тің
мәліметінше АҚШ-тың ірі банктері 2025 жылға арналған нарыққа қатысты оптимистік
болжамдарынан бас тартуда. Citigroup сарапшысы Дрю Петтит: «Бұл құлдырау өте
жағымсыз көрінеді. Жылға жоғары өсім күтілетінімен кірдік, ал қазір нарық жаңа
тәуекелдерге – тұтыну секторының белгісіздігі мен Трамптың агрессивті сауда
саясатына бейімделуде», – деп атап өтті.
Нарықтың бұл
төмендеуі Трамптың рецессия немесе инфляция қаупін жоққа шығармауы және оның
сауда жоспарларына қатысты бизнес қауымдастығының алаңдаушылығына мән бермеуі
аясында орын алды.
Биткоин $80
000-нан төмен түсті
CNBC-нің
мәліметінше 10 наурызда биткоин қысқа мерзімге $80 000-дан төмен түсті. Coin
Metrics деректеріне сәйкес оның бағасы 3%-ға төмендеп, $80 185,27 болды, ал ең
төменгі көрсеткіш $79 162,46-ға жетті.
Криптоиндустриямен
байланысты компаниялардың капитализациясы да төмендеді. Coinbase 9%-ға,
Robinhood 13%-ға, ал MicroStrategy (қазіргі Strategy) 11%-ға арзандады.
Сондай-ақ, криптовалюта нарығына Bitcoin ETF қорларынан қаражаттың кетуі қысым
көрсетуде: соңғы төрт аптада инвесторлар олардан $4,75 млрд қаражат шығарған.
Бұған Дональд
Трамптың крипторезерв туралы жарлығы да ықпал етті. Құжатқа сәйкес резерв
қылмыстық және азаматтық істер аясында тәркіленген биткоиндерден
қалыптастырылады, ал АҚШ қосымша биткоин сатып алуды жоспарламайды.
Алайда кейбір
сарапшылар нарықтың бұл жаңалықты қате түсінгенін алға тартады. Bitwise Asset
Management-тің инвестициялық директоры Мэтт Хоуган: «Мен нарықтың қатты
қателескеніне сенімдімін. Инвесторлар үкіметтің 100 000–200 000 биткоин бірден
сатып алуын күткен еді», – деп мәлімдеді.
Morgan
Stanley: S&P 500 5%-ға төмендеуі мүмкін
Bloomberg-тің
хабарлауынша Morgan Stanley стратегтері АҚШ акцияларының кірісі жаңа баж салығы
мен мемлекеттік шығындардың қысқаруы себебінен қысымға ұшырап, S&P 500
индексі 5%-ға төмендеуі мүмкін екенін ескертуде.
Стратег Майкл
Уилсонның болжамынша 2025 жылдың бірінші жартысында S&P 500 5500 пунктке
дейін түсіп, кейін 6500 пунктке дейін (қазіргі деңгейден +13%) көтерілуі
мүмкін. Алайда ол нарықтың тұрақсыз болатынын және инвесторлардың экономикалық
баяулауға қатысты тәуекелдерді бағалау қажеттігін атап өтті.
Bloomberg
деректеріне сәйкес 2025 жылы АҚШ нарығы жаһандық нарықтардан артта қалып отыр,
себебі технологиялық алпауыттарға деген алаңдаушылық күшейген. Бұған қоса
Трамптың импорттық тарифтерге қатысты белгісіз саясаты да нарықтағы
сенімсіздікті арттыруда.
Қытайдың
мемлекеттік облигациялары арзандауда
CNBC-дің жазуынша
Қытайдың мемлекеттік облигацияларының құны 2025 жылғы ең жоғары кірістілік
деңгейіне жетті. Инвесторлар Қытай үкіметінің экономикалық өсуді ынталандыру
үшін қосымша мемлекеттік шығындарды жоспарлауына байланысты облигацияларын
сатуда.
10 жылдық
облигациялар кірістілігі 10 базистік пунктке артып, 1,865%-ды құрады. 30 жылдық
облигациялар 2,03%-ға жетті. Бұл Қытайдың 2025 жылы ІЖӨ өсімін 5%-ға дейін
жеткізу және бюджет тапшылығын 4%-ға дейін арттыру туралы шешімі аясында орын
алды.
Nvidia екі
айда нарықтық құнының үштен бірін жоғалтты
CNBC-дің
мәліметінше Nvidia акциялары соңғы екі айда құнының үштен бірін жоғалтты. 10
наурызда акциялар тағы 5%-ға төмендеді, бұл технологиялық сектордағы жаппай
сатылымдармен байланысты.
CoreWeave
OpenAI-мен $11,9 млрд келісім жасады
Reuters-тің
хабарлауынша OpenAI жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымды дамыту үшін
CoreWeave компаниясымен $11,9 млрд көлеміндегі бес жылдық келісімшартқа қол
қойды.
CoreWeave IPO-ға
дайындалуда, бірақ оның биржаға шығу мерзімі нарықтық жағдайларға байланысты
өзгеруі мүмкін. OpenAI компаниясы бұл келісім аясында CoreWeave-тен акциялар
алады, ал стартап өзінің акцияларының бір бөлігін жеке орналастыру арқылы
сатуды жоспарлап отыр.
Reuters
мәліметінше Нью-Джерси штатының Ливингстон қаласында орналасқан және АҚШ-тағы
ең перспективалы жасанды интеллект стартаптарының бірі саналатын CoreWeave осы
акцияларды шығарудан тікелей табыс алмайды.
OpenAI бас
директоры Сэм Альтман CoreWeave-тің компания инфрақұрылымының маңызды бөлігіне
айналғанын атап өтті. Ол Microsoft және Oracle-мен жасалған коммерциялық
келісімдерді, сондай-ақ SoftBank-пен бірлескен Stargate жобасын толықтырады.
CoreWeave алдағы
апталарда Нью-Йорк қор биржасында акцияларын орналастырады деп күтілуде.
Алайда, бұл жоспарлар, оның ішінде дебют мерзімі мен ауқымы, нарықтық
жағдайларға байланысты өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар, OpenAI-мен жасалған
келісімнің шарттары да қайта қаралуы мүмкін.








