Super Micro-ның есебі сарапшылар мен компанияның өз болжамынан нашар шықты

Сервер өндірушісі Super Micro жариялаған алдын ала тоқсандық нәтижелері инвесторлардың да, компанияның өз болжамдарының да үдесінен шықпады. Бұл хабардан кейін акциялары қосымша саудада 20%-ға құлдырады. Бұл — ЖИ саласындағы дүрбелең арқасында күрт өскен, кейін есеп беру мәселелері мен делистинг қаупінен соққы алған Super Micro үшін тағы бір ауыр соққы.
Толығырақ
2025 қаржылық жылдың үшінші тоқсанындағы кіріс $4,5–4,6 млрд болады деп күтілуде. Бұл ақпанда жарияланған компания болжамынан ($5–6 млрд) және аналитиктердің күткенінен ($5,35–5,5 млрд) едәуір төмен. Өсу қарқыны 18%-ды ғана көрсетіп отыр, былтыр бұл көрсеткіш 200% болған.
Компанияның пікірінше акцияға шаққандағы пайда тек $0,29–0,31 аралығында болады. Бұл да ақпан айындағы $0,46–0,62 аралығындағы болжамнан және нарықтың күткен $0,53–0,54 деңгейінен төмен.
Акцияларға әсері
29 сәуірдегі қосымша саудада Super Micro акциялары 20%-ға арзандап, $28,75 деңгейіне түсті. Негізгі сауда кезінде де олар 3,4%-ға төмендеді. Dell мен HP акциялары да біршама арзандады.
2025 жылдың басымен салыстырғанда Super Micro акциялары 18% жоғары, бірақ соңғы 12 айда 59%-ға арзандаған.
Нарықтың реакциясы мен тәуекелдер
CNBC компания үшін бұл есеп кезекті соққы болды деп жазады. Компания бұған дейін ИИ серверлеріне сұраныс артқаннан кейін инвесторлар фаворитіне айналған еді. Алайда кей клиенттер тапсырыстарын кейінге шегеріп, компания GPU-дың ескі үлгілерін қор ретінде жинап алды. Бұл — жаңа Nvidia Blackwell чипін күтіп отырған клиенттердің шешімі болуы мүмкін, дейді Bloomberg Intelligence.
Контекст
2025 жылы компания Nasdaq тізімінен шығарылу қаупінен әрең аман қалды. 2024 жылы есеп беруді кешіктіріп, аудитормен (EY) айырылысты. Тек 2025 жылғы ақпанда жаңа аудитормен (BDO USA) есебін ұсынды. Осы уақыт аралығында компания капитализациясының 80%-дан астамын жоғалтты.
Сарапшылардың ұстанымы
MarketWatch дерегі бойынша Super Micro акцияларына алты Hold, бес Buy немесе Overweight, екі Sell бағасы берілген. Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы — $48,91, бұл 29 сәуірдегі жабылу бағасынан 36% жоғары.








