Meta табысы мен болжамы баж салығы жарнамаға кері әсер етеді деген күмәнді жоққа шыға

Meta компаниясының жасанды интеллектіге арналған дата-орталықтарға инвестиция көлемін арттыру жоспары да инвесторлардың сенімін нығайтты.
Facebook пен Instagram-ның иесі Meta Platforms биыл дата-орталықтарға жұмсалатын күрделі шығындарды арттыру жоспарымен бөлісті және бірінші тоқсандағы жарнамадан түскен табысы бойынша сарапшылардың күткенінен де көп көрсеткішке ие болды. Бұған қоса, компания басқа компаниялар күмәнданып отырған кезде екінші тоқсанға қатысты сенімді болжам жариялады. Осылайша жасанды интеллектіге қызығушылық бәсеңдеп, сауда соғысы салдарынан жарнама түсімдері азаяды деген инвесторлар алаңдаушылығын сейілтті. Осы есеп жарияланған соң Meta акциялары қосымша саудада 6%-ға өсті.
Егжей-тегжейі:
2024 жылғы 31 наурызда аяқталған алғашқы тоқсанда Meta-ның жарнама табысы 41,39 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш Wall Street сарапшылары күткен 40,44 миллиард доллардан жоғары болды (дереккөз: LSEG, CNBC). Жалпы тоқсандық табыс бір жылда 16%-ға өсіп, 42,31 миллиард долларға жетті. Сарапшылар бұл жолы 41,4 миллиард доллар болады деп болжаған еді. Акцияға шаққандағы түзетілген пайда 6,43 долларды құрап, күтілген 5,28 доллардан едәуір жоғары болды. Таза пайда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 35%-ға артып, 16,64 миллиард долларға жетті.
Компания тек өткен тоқсан емес, қазіргі тоқсан бойынша да сарапшылардың үмітін ақтады. Meta-ның болжамынша, екінші тоқсандағы табыс 42,5–45,5 миллиард доллар аралығында болады. Бұл диапазонның орташа мәні (44,03 млрд доллар) сарапшылардың болжамына сәйкес келеді, деп хабарлайды CNBC.
Компания табысы алдағы айларда да өсе береді деген болжам айтқан. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп енгізуі мүмкін баж салығы Meta-ның жарнама бизнесіне теріс әсер етеді деген инвесторлар алаңдаушылығын сейілтті. Мәселен, MoffettNathanson сарапшылары сәуірде Meta биыл Қытайдан келетін ірі жарнама берушілерді жоғалту салдарынан 7 миллиард доллар табыстан айырылуы мүмкін деп ескерткен еді.
«Біздің бизнесіміз жақсы нәтиже көрсетіп жатыр және макроэкономикалық тұрақсыздықты еңсеруге жақсы дайындалдық деп есептеймін», – деді Meta бас директоры Марк Цукерберг CNBC-ге берген сұхбатында.
Басқа мәліметтер
Meta 2025 жылға арналған жалпы шығындар болжамын төмендетіп, 113–118 миллиард доллар аралығында болады деп мәлімдеді (бұрын – 114–119 млрд). Ал күрделі шығындар болжамын, керісінше, арттырды: 64–72 миллиард доллар аралығында болады (бұрын – 60–65 млрд).
«Бұл өзгеріс жасанды интеллект саласындағы жұмысымызды қолдайтын дата-орталықтарға қосымша инвестиция мен инфрақұрылымға жұмсалатын шығындардың өсуіне байланысты», – делінген Meta баспасөз хабарламасында.
Meta-ның виртуалды шындық гарнитуралары (Quest) мен ақылды көзілдіріктер (Ray-Ban Meta) шығаратын Reality Labs бөлімшесінің табысы бір жылда 6%-ға азайып, 412 миллион доллар болды. Сарапшылар 492,7 миллион доллар болады деп болжаған. Дегенмен, бөлімшенің операциялық шығыны болжамнан төмен болып шықты – 4,2 миллиард доллар (күтілген – 4,6 млрд). CNBC мәліметінше, 2020 жылдың соңынан бері Reality Labs бөлімшесінің жалпы шығыны 60 миллиард доллардан асқан.
Meta өнімдерін күн сайын қолданатын адамдар саны бірінші тоқсанда 3,43 миллиардқа жетіп, сарапшылар болжамынан асып түсті (бұрын – 3,35 млрд). Ал Meta AI деп аталатын жасанды интеллектіге негізделген көмекшіні қазір ай сайын 1 миллиардқа жуық адам қолданады. Қаңтарда бұл көрсеткіш 700 миллион еді. Бір күн бұрын Meta осы көмекшіге арналған бөлек қосымша ұсынған болатын.
Сондай-ақ Meta Еуроодақтағы бизнестері мен табысына Еуропа комиссиясының жаңа шешімі айтарлықтай кері әсер етеді деп ескертті. Себебі ЕО Meta-ның жарнаманы өшіруге мүмкіндік беретін жазылымы заңға сәйкес емес деп таныды.
Акциялар қалай өзгерді
Meta акциялары 30 сәуірде есеп жарияланған соң кеңейтілген саудада 6%-ға өсіп, бағасы 583 долларға дейін жетті. Ал негізгі саудада сәрсенбі күні 1%-ға төмендеп, 549 доллар болды.
Сарапшылар не дейді
Жыл басынан бері Meta (Facebook пен Instagram иесі) акциялары 6%-ға арзандады. MarketWatch дерегінше, Meta акцияларын бақылайтын 72 сарапшының 63-і оны сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight), жетеуі ұстауға кеңес береді (Hold), ал екеуі сатуды ұсынады (Underweight және Sell). Wall Street-тің орташа бағалауынша, Meta акциясының құны 705,9 доллар болуы тиіс. Бұл 30 сәуірдегі сауда жабылу бағасынан 28,5% жоғары.








