Маск көліктеріне қайта бет бұрды: бюрократиямен күресі немен аяқталды?

Әлемдегі ең бай адам Илон Маск биылғы мамыр айынан бастап Мемлекеттік басқару тиімділігі департаментіндегі жұмысын тоқтатып, оған аптасына бір-екі күн ғана уақыт бөлетінін айтты. Енді ол негізгі уақытын Tesla-ға арнайды. Бұл туралы ол өзі мәлімдеді. Ал 30 сәуірде оның бұл шешімін Трамп та жанама түрде растады: министрлер кабинетінің отырысында ол Маскқа: «Сен қанша қалғың келсе, сонша уақыт қала аласың. Бірақ меніңше, ол өз көліктеріне оралғысы келеді», — деді.
Осылайша, Масктың мемлекеттік қызметтегі мансабы аяқталды. Ол не нарсеге қол жеткізді?
Мемлекеттік қызметкер Маск
Дональд Трамптың сайлауалды науқанына 288 миллион доллар жұмсаған Илон Маск мемлекеттік қызметкер рөлін алғаш рет былтыр күзде қабылдауға келіскен болатын. Қараша айында Трамп Масктың мемлекеттік басқару тиімділігін арттырумен айналысатын жаңа құрылымның қос жетекшісінің бірі болатынын жариялады. Екінші жетекші ретінде кәсіпкер Вивек Рамасвами тағайындалды, алайда ол бұл команданы көп ұзамай тастап кетті.
Джо Байденнің президенттігі кезінде Масктың бизнесі елеулі реттеуші қысымға ұшырады: New York Times мәліметінше, кәсіпкердің компаниялары мен активтеріне қатысты жиырмадан астам тексеру мен тергеу басталған. Осыған байланысты Маск Трамптың ұсынысын ықыласпен қабылдап, өз тағайындалуын «бюрократияға төнген қауіп» деп сипаттады.
Жаңа құрылымға DOGE атауы берілді, бұл танымал ит бейнеленген мем-коинге ашық сілтеме болатын. Маск пен оның командасы мемлекеттік шығындарды азайту және шенеуніктер санын қысқарту міндетін алды. Масктың өзі мақсат ретінде жалпы шығындарды 2 трлн долларға қысқартуды жариялады.
Ресми түрде DOGE 20 қаңтарда, Трамп президенттік қызметіне кіріскен алғашқы күні құрылды. Алайда іс жүзінде бұл жаңа құрылым Ақ үйдің технологиялық бөлімінің атауын өзгерткен түрі ғана болды. Ол бастапқыда 2014 жылы Барак Обама кезінде ақпараттық жүйелер мен үкіметтік сайттардың жұмысын жақсарту үшін құрылған болатын.
Масктың ресми мәртебесі біраз уақыт бойы нақты анықталмаған күйде болды. Бастапқыда Трамп оны тек бейресми кеңесші ретінде таныстырып, ал DOGE ұйымы тек кеңес беру функциясын орындайды деп мәлімдеген. Ақ үй бұл жөнінде нақты жауап бермей, Маскты «арнайы мемлекеттік қызметкер» деп сипаттаумен шектелді. Бұл статус оған өз бизнесін басқаруды жалғастыруға әрі қаржылық есептілігін ашық жарияламауға мүмкіндік береді. Тек DOGE жұмысын бастағаннан кейін екі ай өткен соң, бұл құрылымды іс жүзінде Эми Глисон басқаратыны анықталды. Ол Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде осы бөлімде қызмет атқарған, ал Байден әкімшілігінің соңғы кезеңінде Масктың командасына жол ашу мақсатында қайтадан жұмысқа кіріскен.
DOGE құрамына шамамен 60 адам кірді, олардың көбісі бұған дейін Маскқа тиесілі X, Tesla және SpaceX компанияларында жұмыс істеген. Қызметкерлердің басым бөлігін үкіметтік ғимараттардың біріне орналастырды, онда бір қабатты жатын орындары, кір жуатын машинасы және тіпті балаларға арналған ойын аймағы бар жатақхана ретінде қайта жасақтады. Жұмыс орнында түнеу тәжірибесін Маск бұған дейін өзге компанияларында да енгізген болатын.
Мемлекеттік аппаратқа арналған шынжырлы ара
Ресми түрде тағайындалғаннан бір ай өткен соң Маск Консервативтік саяси әрекеттер конференциясында сахнада Аргентина президенті Хавьер Милей сыйлаған шынжырлы араны қолына ұстап шығып, «Бұл — бюрократияға арналған», — деді кәсіпкер.
DOGE үшін алғашқы маңызды сынақ халықаралық көмек агенттігі — USAID болды. Маск бұл мекемені «жойылуға тиіс қылмыстық ұйым» деп атады. Агенттік күзетшілері DOGE қызметкерлерін ғимаратқа кіргізуден бас тартқанда, олар дерлік шабуылмен кірді. Осыдан кейін USAID басшылығының көпшілігі әкімшілік демалысқа жіберілді. Агенттік іс жүзінде таратылды: 10 мыңнан астам қызметкердің ішінен тек 293 адам жұмысын сақтап қалды. 6,2 мың келісімшарттың тек 400-і қалдырылды, ал 9,1 мың гранттың 4,1 мыңы жойылды — бұл 58,4 млрд доллар үнемдеуге мүмкіндік берді. Осы қысқартулар нәтижесінде ондаған жылдар бойы жұмыс істеген медициналық және гуманитариялық бағдарламалар тоқтатылды.
Басқа ведомстволарда қысқартулар соншалықты радикалды болмағанымен, олар да елеулі қиындықтарға әкелді. Мысалы, Энергетика министрлігінде ядролық қаруды сақтау бағдарламасында жұмыс істеген бірнеше жүз қызметкер шұғыл түрде жұмыстан босатылды. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі қысқарту құс тұмауына қарсы күрес бөлімінің жұмысын тоқтатып қойды — бұл дерт АҚШ-та эпидемия деңгейіне жетіп отыр. Екі жағдайда да үкімет қызметкерлердің қателікпен жұмыстан шығарылғанын мойындауға мәжбүр болды. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемелерде де мыңдаған ғалымдар, медицина қызметкерлері және басқа мамандар жұмыстан шығарылған.
Маск командасының қызметінен келген шығындар туралы жекеменшік бизнес те хабарлады. Мысалы, АҚШ-тағы ең ірі ұялы байланыс операторы Verizon 2025 жылдың бірінші тоқсанында 289 мың абонентінен айырылғанын мәлімдеді — компания бұл қысқарудың бір бөлігін федералды ведомстволардың шығындарды азайту аясында тапсырыстарды қысқартуымен түсіндірді. Ал IBM 100 млн долларлық 15 мемлекеттік келісімшартының дәл осы себеппен тоқтатылғанын хабарлады.
Ал шығындарды 2 трлн долларға қысқарту жөніндегі мақсат не болды? Наурыз айының соңында Маск бұл межені 1 трлн долларға дейін төмендетті. Дегенмен бұл да аса ауқымды көлем болатын, өйткені АҚШ-тың жылдық бюджет шығындары шамамен 7 трлн долларды құрайды. Ал сәуірдің басында Маск тағы да азайтып, 150 млрд долларға дейін түсірді.
DOGE-тің өз ішкі есебі бойынша, әзірге тек 160 млрд доллар үнемделген. DOGE Tracker тәуелсіз жобасының мәліметінше, қысқартулардың ішінде құжат жүзінде тіркелгені — 61,5 млрд доллар, ал олардың ресми түрде расталған тек — 12,5 млрд доллар.
DOGE жүргізіп отырған деректер базасының өзінде де жиі қателіктер кеткен. Мысалы, департамент қызметкерлері бір келісімшарттың күшін жою арқылы 8 млрд доллар үнемделді деп көрсеткен, алайда оның нақты сомасы бар болғаны 8 млн доллар болған. Кейбір келісімшарттар мүлде болмаған, ал кейбірі бірнеше рет қайталанып жазылған. Кейде мерзімі өтіп кеткен келісімшарттар да үнемделген қаржы ретінде тіркеліп отырған. DOGE мұндай қателіктердің бір бөлігін мойындап, наурыз айының басында базадан мыңнан астам қате жазбаны өшірген.
Тіпті Маск командасы үнемдедік деп отырған 160 млрд доллар толықтай дұрыс деп есептеген жағдайда да, жүргізілген қысқартулар мен жаппай жұмыстан босатулар бюджет шығындарының одан әрі артуына әкелуі мүмкін. Partnership for Public Service ұйымының бағалауынша, ондаған мың шенеуніктің ақылы демалысына, қателікпен жұмыстан шығарылғандарды қайта жұмысқа алуына және жалпы еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты шығындар 135 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл сома DOGE әрекеттеріне қарсы берілген көптеген талап-арыздар бойынша заңдық қорғанысқа жұмсалатын шығындарды қамтымайды. Сонымен қатар, Салық қызметіндегі жаппай қысқартулар да қаржылық тәуекелдерге алып келуі ықтимал — бұл мекемеде қызметкерлердің 40%-ы жұмыстан босатылуы мүмкін. Нәтижесінде, АҚШ-тың ең бай азаматтарына жасалатын салық аудиттерінің қысқаруы мен жалпы салық түсімінің төмендеуінен федералды бюджет келесі 10 жылда 2,4 трлн долларға дейін қаражаттан қағылуы мүмкін. Бұл — Йель университетінің Бюджеттік зерттеу зертханасының есебі.
Ведомствоаралық шиеленістер
Маск Трамп әкімшілігінің өзге мүшелерімен тез арада келіспеушілікке тап болды. Ақпанда миллиардер барлық шенеуніктерден өткен аптада атқарған жұмыстары бойынша есеп беруді талап етті: олар бес тармақпен не істегендерін көрсетуі тиіс болатын. Бұл бастама үлкен түсініспеушілік туғызды, ал бірқатар агенттіктердің, әсіресе күштік құрылымдар мен арнайы қызметтердің басшылары өз қызметкерлеріне Масктың талабын елемеуді бұйырды. Ақ үй бұл мәселе бойынша түсініктеме беріп, хаттарға жауап беру міндетті емес екенін мәлімдеген соң, өзге министрліктер де есеп беруді тоқтатты.
Наурыз айында Маск Мемлекеттік хатшы Марко Рубионы өз ведомствосында жеткілікті қысқартулар жүргізбегені үшін сынға алды. Сол кезде ол көлік министрі Шон Даффимен және Ардагерлер істері жөніндегі министр Даг Коллинзбен де сөзге келді — олар DOGE-ті авиадиспетчерлер мен медицина қызметкерлерін жұмыстан босатқаны үшін айыптады. Екі тарапты татуластыруға Трамптың өзі араласып, қысқартуларға жауапкершілік министрлердің өз мойнында болатынын, ал Маск тек кеңесші рөлін атқаратынын қадап айтты.
Одан кейін Маск импортқа салынатын ауқымды баж салығына қарсы екенін ашық білдірді. Ол сауда мәселелері жөніндегі Трамптың кеңесшісі Питер Наварроны сынға алды — дәл осы тұлға сауда соғысының ең қатаң нұсқасын ұсынған болатын. Бұған жауап ретінде Наварро Маскты өз компаниясының мүддесін қорғап отыр деп айыптады. Ал Маск X желісінде: «Наварро — нағыз ақымақ» деген пікір жазды.
Ең ірі қақтығыс Маск пен қаржы министрі Скотт Бессент арасында туындады. Сәуірде министр шетелде жүргенде, Маск Трампты көндіріп, салық қызметінің басшысы етіп Гэри Шаплиді тағайындатқан. Алайда Шапли бұл қызметті небәрі үш күн ғана атқарды: Бессент елге оралған соң, оны қызметтен алып, орнына өз орынбасары Майкл Фолкендерді отырғызды. Сөйтіп бір апта ішінде АҚШ салық қызметінің үш басшысы ауысты. Ал Бессент пен Маск Ақ үйдің өзінде ашық жанжалға барып, дөрекі сөздер айтудан да тайынбаған.
Масктың екі партиямен де қарым-қатынасы нашарай бастады. Конгресстегі кейбір республикалықтар жаппай қысқартулар сайлаушылардың наразылығын тудырып, 2026 жылғы сайлауда олардың қайта сайлануына кедергі келтіреді деп алаңдады. Ал демократтар Маскты әлеуметтік бағдарламаларды жойып, қарапайым америкалықтардың мұқтажын елемейтін, Трамп билігіндегі олигархияның символына айналдырды.
Алайда Маск, ең үлкен зиянды өз бизнесіне келтірді. 2025 жылдың басынан бері Tesla компаниясының нарықтық құны үштен біріне дейін қысқарды — инвесторлар мен тұтынушылар оның саясатқа тым белсенді араласуына барған сайын наразылық білдіруде. АҚШ пен Еуропада белсенділер компания автосалондарының алдында наразылық акцияларын өткізіп, Tesla көліктерін өртеп, сындырып жатыр. Германияда электромобиль сатылымы 60%-дан астамға төмендеді. Bloomberg жазуынша, Масктың ақпандағы сайлауда Германияның ультраоңшыл «Германияға балама» партиясын қолдауы себеп болуы мүмкін. «Егер Tesla көліктерін бүлдіру немесе сызу қаупі бар болса, сатып алушылар екі рет ойлануы керек», — деді наурызда CNBC-ге Bairs компаниясының сарапшысы Бен Калло. Нәтижесінде, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Tesla-ның таза пайдасы 71% азайып, 409 млн долларды құрады. Жалпы табыс 9%-ға қысқарып, 19,34 млрд доллар болды. Ал электромобилді сатудан түскен табыс — 14 млрд.
1 мамыр күні, Трамп Масктың «өзіне тиесілі көліктерге оралғысы келетінін» айтқаннан кейін, The Wall Street Journal газеті Tesla директорлар кеңесі жаңа бас директорды іздей бастағанын хабарлады. Алайда бұл материал жарияланғаннан бірнеше сағат өткен соң компания бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ал Маск X желісінде бұл басылымды «журналистиканың беделіне нұқсан келтірді» деп жазды.
Масктың танымалдығы күрт төмендей бастады. Трамп жеңіске жеткенге дейін оның рейтингі бейтарап болса, қазір сауалнамалар нәтижесін біріктірген деректерге сәйкес, америкалықтардың 40%-дан азы оған оң көзқараспен қарайды, ал шамамен 55%-ы теріс пікірде. Data for Progress жүргізген соңғы сауалнамада респонденттердің 56%-ы Масктың үкіметтегі қызметінен кеткенін қалайтынын мәлімдеген.
Маск DOGE қатарынан кететін болса, өз ықпалының бір бөлігін жоғалтып, министрлерге өз ведомстваларын қайтадан толық бақылауға мүмкіндік береді.
Бірақ, бұл шенеуніктерді жұмыстан босату мен бағдарламаларды қысқарту енді болмайды деген сөз емес. Сәуір айында Трамп ондаған мың мемлекеттік қызметкердің мәртебесін қайта қарау туралы жарлыққа қол қойды. Енді олар «саяси тағайындаулар» қатарына өтеді — яғни президент оларды қалаған уақытта, әдеттегі еңбек кепілдіктеріне қарамастан, қызметтен босата алады.
Алайда, Масксыз бұл өзгерістер айналасында бұрынғыдай көп жарнама мен дүрбелең болмауы мүмкін.








