Apple рейтингте екі саты төмен сырғыды. Сарапшылар салықтың кері әсерінен қауіптенеді

2 мамырдағы сауда-саттық кезінде Apple акциялары 5%-ға құлдырады.
Apple-дің тоқсандық есебінен кейін бірден Jefferies және Rosenblatt инвестициялық банктері компания акцияларының рейтингін төмендетті. Бұған қарамастан, өткен тоқсандағы нәтижелер Уолл-стриттің күткенінен жоғары болды. Дегенмен, сарапшыларды компанияның болашағы көбірек алаңдатып отыр. Олардың пікірінше, Apple-ге баж салығының кері әсеріне қарсы тұру қиынға соғады. Ал компания жасанды интеллектімен жабдықталған iPhone сатылымын күрт арттырса ғана өсімге қол жеткізеді. Алайда ондай серпіліс жақын арада бола қоймайды. Айта кету керек, Уолл-стриттегі барлық сарапшылар мұндай пессимистік көзқараспен келісе бермейді.
Егжей-тегжейі
Jefferies аналитигі Эдисон Ли Apple акцияларының рейтингін Hold деңгейінен Underweight-ке түсірді. Бұл іс жүзінде акцияны сатуға кеңес беру дегенді білдіреді. Bloomberg дерегінше, ол мақсатты бағаны бірнеше доллар көтеріп, 170,62 долларға жеткізгенімен, бұл баға компанияның нарықтағы құны қазіргі деңгейден тағы 20%-ға төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді. Эдисон Ли – iPhone өндірушісіне күмәнмен қарайтын сирек мамандардың бірі, деп жазады Bloomberg. Apple-дің тоқсандық көрсеткіштері Уолл-стриттің ортақ болжамынан да, Jefferies-тің өз үмітінен де жоғары болғанымен, Эдисон Лиді компанияның келешегі көбірек алаңдатып отыр. Сарапшының пікірінше, «баж салығының қысымы уақыт өте күшейіп, табысқа ықпал етеді». Оның идеалды сценарийі: Қытай импортына салынған баж 20% деңгейінде сақталып, Үндістан мен Вьетнамнан жеткізілімге шектеу қойылмайды. Лидің ойынша, егер салааралық баждар енгізілсе және оларды айналып өту мүмкін болмаса мұндай жағдай ұзаққа бармайды
Бұғна дейін Apple акцияларын сатып алуға кеңес берген Rosenblatt аналитигі Бартон Крокетт болса ойынан айынып, бейтарап ұстанымға көшті. Ол мақсатты бағаны 223 доллардан 217 долларға дейін түсірді. Бұл қазіргі нарық бағасынан небәрі 1,7% жоғары. Крокетттің айтуынша, есеп Apple компаниясының тауар тасымалдауды жақсы жолға қойғанын және iPhone-ға сұраныс күткеннен де жоғары болғанын көрсетті. Бірақ оның пайымынша, акциялардың сенімді өсуі үшін ЖИ-мен байланысты iPhone сатылымының айтарлықтай артуы қажет, ал мұндай болжам уақыт өте ойлағандай болмауы мүмкін. «Біз жақсы компанияны көріп отырмыз – өсу қарқыны орташа, бірақ бағасы жоғары. Ол, әсіресе, баж салығы мен реттеудің тұрақсыз жағдайында жаңа серпін беретін өнімге зәру», – деп жазды сарапшы Bloomberg келтірген жазбасында.
Акцияларға не болды?
2 мамырда Apple акциялары 5%-дан астам құлдырап, 202 доллар деңгейіне түсті. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 18%-ға азайды. Салыстыра кетсек, АҚШ-тың негізгі қор индексі – S\&P 500 дәл сол кезеңде небәрі 3% төмендеген.
Басқа сарапшылар не дейді?
Jefferies пен Rosenblatt сынды пессимистік ұстанымдағы сарапшыларға қарамастан, Уолл-стриттің барлығы мұндай пікірді қолдай бермейді. Мысалы, Morgan Stanley акцияларға «нарықтан жоғары» рейтингін сақтап отыр, ал мақсатты бағаны 235 доллар деп бағалаған. Бұл қазіргі деңгейден шамамен 10% жоғары. «Компания Қытайға қатты тәуелді болса да, кедендік баж салығынан келетін шығынның бар-жоғы 900 млн доллармен шектелуі – өндірісті Оңтүстік-Шығыс Азияға көшірудің тиімді екенін дәлелдейді. Бірақ басшылық қызметтер бойынша да, Үндістан мен Вьетнамнан жеткізілімдер жайлы да, тарифтерді жеңілдету стратегиясы бойынша да нақты болжам айтпады — тіпті жаңа Siri-дің қашан іске қосылатынын да жариялаған жоқ», — дейді CNBC келтірген инвестбанк сарапшысы.
Citi компаниясының сарапшысы Атиф Малик Apple акцияларын сатып алуға әлі де кеңес беріп отыр, бірақ мақсатты бағасын сәл төмендетіп, 245 доллардан 240 долларға түсірді. Оның айтуынша, Apple-дің негізгі қаржылық көрсеткіштері тұрақты қалпында қалып отыр, ал компания қиын экономикалық жағдайда да лайықты нәтижелер мен сенімді болжам көрсете алды.
Evercore ISI де Apple акцияларына «нарықтан жоғары» деген бағасын растады және мақсатты бағаны 250 доллар деп қалдырды. Инвестбанк сарапшысы: «Apple макроэкономикалық қиындықтарға қарамастан жұмысын өте жақсы атқарып келеді. Жылдың екінші жартысында бұлыңғыр жайттар көп болғанымен, iPhone 17-нің шығуына және кедендік баж салығына қатысты жағдайдың біршама айқындалуына байланысты оң өзгерістер болуы мүмкін», — деп пікір білдірді.
MarketWatch деректеріне сүйенсек, Apple акцияларының қозғалысын 52 сарапшы бақылап отыр. Олардың басым бөлігі – 32 сарапшы – инвесторларға бұл компанияның акцияларын сатып алуға кеңес береді. Тағы 16 сарапшы бейтарап ұстанымда, яғни бұрын сатып алынған акцияларды портфельде ұстауды ұсынады. Қалған төртеуі бұл қағаздарды сатуға кеңес береді.
Уолл-стрит сарапшыларының ортақ болжамына сәйкес, Apple акцияларының мақсатты бағасы – 237 доллар. Бұл 1 мамырдағы жабылу бағасынан 11%-ға жоғары.








