Инвесторлар Еуропа акцияларын алуда, ал АҚШ қорларынан қаражат кете бастады

30 сәуірде аяқталған аптада америкалық қорлардан қаражаттың кетуі кейінгі бес айдағы ең ірі көлемге жетті.
30 сәуірде аяқталған аптада еуропалық акция қорларына бір жылдан бергі ең көп қаржы құйылды. Ал сол уақытта америкалық қорлар қатарынан үшінші аптада шығынға ұшырады. Бұған кедендік салықтардың жаһандық экономикалық өсімге қалай әсер ететініне қатысты белгісіз жағдай себеп болып отыр.
Егжей-тегжейі
30 сәуірде аяқталған аптада инвесторлар еуропалық қорларға 14,64 миллиард доллар құйған. Бұл – 2024 жылғы наурыздан бергі ең ірі қаржы ағыны, деп хабарлады Reuters LSEG Lipper деректеріне сілтеме жасап. Ал Азия қорлары сол кезеңде 6,68 миллиард доллар инвестиция тартқан.
Ал америкалық қорлар керісінше, дәл сол аптада 15,56 миллиард доллар жоғалтқан. Бұл қатарынан үшінші аптадағы қаражаттың кетуі және 2024 жылғы 18 желтоқсаннан бергі ең үлкен көрсеткіш. Reuters агенттігі трейдерлер АҚШ активтерінен жаһандық өсімге кедендік тарифтердің әсеріне қатысты белгісіздік себебінен қашып жатыр деп түсіндіреді.
Ең көп шығын ірі компаниялардың акцияларына негізделген қорларда байқалды. Олардан 14,06 миллиард доллар шыққан. Бұл — соңғы алты аптадағы ең ірі көрсеткіш. Сонымен қатар шағын компанияларға арналған қорлардан 3,94 миллиард доллар, мультикап қорлардан 1,48 миллиард, ал орта капитализациялы қорлардан 1,26 миллиард доллар шығып кеткен.
Сонымен қатар АҚШ-тағы белгілі бір салаларға бағытталған қорлар тоғыз аптадан кейін алғаш рет қаражат тарта бастады. Әсіресе қаржы саласы (502 млн доллар) мен күнделікті тұтыну тауарлары саласы (433 млн доллар) қарқынды инвестиция қабылдаған. Облигациялық қорлар да қатарынан екінші аптада оң нәтиже көрсетті. Ал АҚШ-тың ақша нарығындағы қорларынан 2,87 миллиард доллар шығарылды. Бұл өткен аптадағы 24,43 миллиард долларлық кірістен кейін тіркелген.
Контекст
Дональд Трамп бастаған сауда соғысы салдарынан туындаған макроэкономикалық тұрақсыздық аясында АҚШ капиталына деген сенім екі ай бойы әлсіреп келеді. Мәселен, Goldman Sachs бағалауынша, наурыз бен сәуірдің басында шетелдік инвесторлар өз портфельдерінен 60 миллиард доллардан астам америкалық акциядан құтылған.
Аналитиктердің бұл үрдіске қатысты көзқарастары әртүрлі. Мысалы, Goldman аналитигі Даниэль Чавестің айтуынша, үрейге негіз жоқ. Ол бұл құбылысты уақытша деп бағалап, соңғы кездері сауда мәселесіне қатысты риторика жеңілдеп, нарық өз шығындарын қайта қалыпқа келтіріп жатқанын атап өтті. Экономистің пікірінше, мұндай динамика сатылым қарқыны бәсеңдеуі мүмкін дегенді білдіреді.
Jefferies компаниясының сарапшысы Кристофер Вуд сияқты кейбір мамандар АҚШ қор нарығының ең жақсы күндері артта қалды деп есептейді. Оның айтуынша, АҚШ доллары алдағы уақытта басқа әлемдік валюталарға қарағанда әлсірей береді. Бұл өз кезегінде америкалық құнды қағаздар нарығының құнын төмендетеді. Өткен аптада доллар индексі соңғы 50 жылдағы президенттік мерзімнің ең сәтсіз басталуына жақын қалды. Осыған байланысты Вуд инвесторларға АҚШ активтерінен гөрі Қытай, Үндістан және Еуропа нарығына назар аударып, қаржылық қоржындарын әртараптандыруды ұсынады.
Сонымен қатар, көп сарапшы АҚШ-тың негізгі қор индексі — S&P 500 бойынша өсім болжамдарын қайта қарап, оларды төмендетіп жатыр. Бұл болжамдардың түсу қарқыны тіпті пандемия кезіндегіден де жылдамырақ жүріп жатыр.
2 мамыр күнгі сауда-саттықта S&P 500 индексі 1,5%-ға көтерілді. АҚШ-тың кедендік салықтар енгізетіні туралы 2 сәуірдегі хабардан кейін бұл индекс қатты құлдыраған еді, бірақ бір ай ішінде барлық шығындарын қайта қалпына келтірді. Дегенмен, 2025 жылдың басымен салыстырғанда индекс әлі де 3,3%-ға төмен тұр.








