Алтын екі апталық ең жоғарғы деңгейіне жетті: инвесторлар қорғаныш активтерге көшуде

Алтын бағасы соңғы екі аптадағы ең жоғары деңгейіне жетті. Нарықта Дональд Трамптың жаңа тарифтік қоқан-лоққыларына байланысты алаңдаушылық күшейіп жатыр, ал инвесторлар назарын АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің алдағы отырысына аударуда. Қытайдағы сатып алушылар да мамыр мерекелерінен кейін нарыққа оралып, бағалы металға деген сұранысты қолдап отыр.
Егжей-тегжейлі
5 мамырда алтын бағасы шамамен 3%-ға күрт көтерілгеннен кейін, 6 мамыр таңында спот алтын тағы 1,6%-ға қымбаттап, унциясы $3387-ге жетті. Бұл – 22 сәуірден бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Нью-Йорктегі фьючерстер бұдан да жоғары өсім көрсетті — 2,2%-ға көтеріліп, $3395 болды.
Бағаның өсуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелері әсер етті: 4 мамыр жексенбіде ол шетелде түсірілген фильмдерге 100% кеден салығын енгізетінін айтты, бірақ бұл қалай жүзеге асатынын нақтыламады. Ал 5 мамырда тағы да екі апта ішінде фармацевтикалық өнімдер импортына тариф енгізетінін хабарлады. Бұл жағдайды Reuters нарықтың «қауіпсіз айлақ» – алтынға көшкені деп сипаттайды.
Бұдан бөлек, Bloomberg хабарлауынша, Қытай мерекеден кейін нарыққа оралған сатып алушылардың арқасында бағалы металға сұраныс қайта жанданды, әсіресе АҚШ доллары нығайып жатқан сәтте.
Сарапшылар не дейді
IG компаниясының нарық стратегі Йеп Джун Ронгтың айтуынша инвесторлар Трамптың жаңа тарифтік қадамдарына қатысты қауіптер күшейген соң портфельдерінің құбылмалығын азайту үшін алтынға қайта бет бұруда.
Алайда басты қауіп — алда: 7 мамырда АҚШ Федералдық резерв жүйесінің отырысы аяқталады. Уолл-стрит бұл жолы мөлшерлеме туралы шешімнен гөрі (нарық мөлшерлеме 4,25–4,50% диапазонында қалады деп күтуде) ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің пікірлеріне көбірек назар аударады — дәл осы пікірлер нарыққа бағыт береді. «ФРЖ тарапынан кез келген жұмсақ (нарықты қолдаушы) мәлімдемелер алтынға қосымша қолдау көрсетіп, оның өсу бағытын күшейтуі мүмкін», — дейді Ронг.
Алтын — пайыздық табыс әкелмейтін актив — төмен пайыздық мөлшерлемелер жағдайында ұтысқа ие болады. ФРЖ негізгі мөлшерлемені 2024 жылдың желтоқсанынан бері өзгертпей келеді, бірақ алдағы айларда оны бірнеше рет төмендетуі мүмкін. Goldman Sachs шілде, қыркүйек және қазан айларында әрқайсысы 0,25 пайыздық тармаққа үш төмендетуді күтуде.
«ФРЖ өкілдері мөлшерлемені төмендетпес бұрын еңбек нарығы мен басқа да объективті көрсеткіштерден дәлелдер көргісі келеді. Біздің ойымызша, бұл үшін бірнеше ай қажет болады», — делінген Goldman Sachs аналитикалық жазбасында.








