Маск OpenAI-дің коммерциялық үлгісінен бас тартқанына қарамастан сотты жалғастырмақ

Илон Масктың адвокаты Марк Тобероффтың айтуынша OpenAI-дің коммерциялық құрылымға толық өтуден ішінара бас тартуы ештеңені өзгертпейді. Бұл мәлімдеме миллиардердің ChatGPT жасаушысына қарсы сот ісін жалғастыру ниетін білдіреді, деп хабарлайды Bloomberg.
«OpenAI мәлімдемесі нақты жауаптан жалтару. Ол басты мәселені шешпейді: қор активтері әрі қарай да жеке мүддеге — Альтман, оның инвесторлары мен Microsoft пайдасына беріліп жатыр», — дейді Тоберофф. Оның айтуынша OpenAI-дің жаңартылған қайта құрылымдау жоспары компанияның бастапқы мақсатына — жасанды интеллектіні бүкіл адамзат игілігі үшін дамытуға — қайшы келеді.
Ал OpenAI өкілі: «Илонның негізсіз шағымды жалғастыруы оның басынан-ақ бізді тоқтатуға бағытталған әрекет болғанын көрсетеді», — деді Bloomberg-ке. Бұған дейін OpenAI басшысы Сэм Альтман Масктың сот жүйесін бәсекелестерге қысым көрсету құралы ретінде пайдаланатынын айтқан болатын. 5 мамырда OpenAI компанияны толық коммерциялық құрылымға айналдырудан бас тартатынын және ұйым жұмысын бақылауды коммерциялық емес қорда қалдыратынын мәлімдеді.
OpenAI-дің негізін қалаушылардың бірі Маск стартапты коммерциялық ұйымға айналдыруға сот арқылы тыйым салуды талап етіп отыр. 2025 жылдың наурызында Калифорниядағы сот Масктың қайта құрылымдауды сот шешімі шыққанша тоқтату туралы өтінішін қабылдамады. Мамырдың басында судья Масктың талаптарының бір бөлігін қысқартты, бірақ стартап басшылығына алаяқтық айыбы бойынша іс жалғасатынын хабарлады. Сондай-ақ судья OpenAI мен оның ең ірі инвесторларының бірі — Microsoft-қа қарсы түсірілген заңсыз пайда табу туралы талапты да жоюдан бас тартты.
Масктың пікірінше 2018 жылы директорлар кеңесінен кеткеннен кейін OpenAI мен Microsoft арасында құрылған альянс жасанды интеллект индустриясында үстемдік орнатуға бағытталған және басқа бәсекелестерге кедергі келтіреді. Масктың заңгерлері сонымен қатар Сэм Альтман мен Грег Брокман оны алдап, Масктың идеялары мен қолдауын өз пайдасына пайдаланғанын, ал Microsoft бұл әрекеттен хабардар болғанын айтады.








