БастыReview
Бөлісу

ФРЖ-дің «ядролық» батырмасы, ЖІӨ көрсеткіші, Лиз Трасстан сабақ – экономикалық шолу

Артур  Арутюнов

Артур Арутюнов

ФРЖ-дің «ядролық» батырмасы, ЖІӨ көрсеткіші, Лиз Трасстан сабақ – экономикалық шолу

Дональд Трамптың саясаты АҚШ-тың қаржы жүйесінде трансформация процесін бастады — бұл елдің жаһандық экономикадағы стратегиялық рөлін әлсіретуі мүмкін. Бостон университетінің өкілі Роберт Н. Макколи ФРЖ дағдарыс кезінде валюта беруден бас тартса не болатыны туралы ой қозғайды. Брукингс институтының экономисі Робин Брукс АҚШ-тың «шектен тыс артықшылық» деп аталатын ұстанымының іргетасы қалай шайқалып жатқанын сипаттайды. Ал Bloomberg шолушысы Ноа Смит 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы АҚШ ЖІӨ-сімен нақты не болғанын саралады.

ФРЖ-дің «ядролық» батырмасы

Дағдарыс кезеңдерінде АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі ондаған жылдар бойы жаһандық экономикадағы негізгі доллар жеткізуші ретінде өзге елдердің орталық банктеріне своп желілері арқылы өтімділік беріп келген. Бұл құрал арқылы шетелдік орталық банктер өз валюталарын доллармен уақытша айырбастап, қаржы жүйесінің өтімділігін сақтап, дағдарыстың тереңдеуіне жол бермейді.

ФРЖ бұл рөлден бас тартады деген ой әзірге сенімсіз көрінеді, бірақ мұндай сценарийді қарастыру қажет, делінген Бостон университетінің Ғаламдық даму саясаты орталығының аға ғылыми қызметкері Роберт Н. Макколи, CEPR сайтына жазған мақаласында. Оның айтуынша, своп желісі арқылы өтімділік беру енді саясат құралына айналуы мүмкін.

Макколи мұндай тұжырым жасауына не түрткі болғанын түсіндіреді: АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің «Еуропаны құтқарудан жалықтым» деген сөзі, Еуроаймақ шенеуніктерінің ФРЖ-ға сенімділікті талқылауы, сондай-ақ Deutsche Bank-тің валюталық стратегi Джордж Саравелос АҚШ-тың өтімділік беруден бас тартуын «ядролық батырмамен» салыстырды, деп түйіндеді ол.

Бұл жағдай америкалық экономист Чарльз Киндлбергердің есімімен аталған «Киндлбергер тұзағын» еске салады, дейді Макколи. Бұл ұғымға сәйкес, әлсіреген алпауыт держава ғаламдық игіліктерді (соның ішінде тұрақты халықаралық валютаны) қамтамасыз ете алмайды, ал күшейіп келе жатқан жаңа держава — оны қамтамасыз еткісі келмейді. Қазіргі таңда әлем дәл осы тұзаққа түсу қаупінде: ФРЖ доллар бере алады, бірақ қаламауы мүмкін, ал ондай жағдайда оның орнын басатын басқа ешбір құрылым жоқ.

Осы қауіптің алдын алу үшін Макколи орталық банктердің коалициясын құруды ұсынады. Бұл коалиция өзара долларлық резервтерін біріктіріп, қажет болғанда өтімділік ұсынуы тиіс. Еуропа орталық банкі, Жапония банкі және Англия банкі сияқты 14 орталық банк АҚШ-та штаб-пәтері жоқ банктердің офшорлық долларлық міндеттемелерінің үштен екі бөлігін, сондай-ақ валюта своптары нарығындағы доллар айналымының бестен төрт бөлігін қамтиды. Бұл елдердің долларлық активтері 2021 жылдың соңында $1,9 трлн-ға бағаланған — бұл ФРЖ своптарының 2008 жылғы ең жоғарғы деңгейінен ($598 млрд) үш есе және 2020 жылғы ең жоғарғы көрсеткішінен ($449 млрд) төрт есе артық.

Әрине, мұндай коалиция ФРЖ сияқты доллар «басып шығара» алмайды, яғни ресурсы шектеулі болады. Дегенмен, экономистің пікірінше, тіпті шектеулі қолдау көрсетудің өзі ешқандай қолдаудың жоқтығынан әлдеқайда жақсы.

АҚШ экономикасы шынымен құлдырады ма?

2025 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі жылдық есептеу бойынша 0,3% төмендеді, деп хабарлады 30 сәуірде АҚШ-тың Экономикалық талдау бюросы (BEA). Статистика қызметінің мәлімдеуінше, экономикалық баяулаудың негізгі себебі — импорт көлемінің өсуі. Мысалы, The Wall Street Journal басылымы бұл құлдырауды Трамп енгізгелі жатқан жаңа тарифтерге дейін америкалық компаниялардың шетелдік тауарларды жаппай сатып алуымен түсіндірді.

Алайда, бұл төмендеу шын мәнінде статистикалық иллюзия болуы мүмкін — яғни, есептеудегі кеткен қателік, ол кейін қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg экономикалық шолушысы Ноа Смит өзінің блогында жазады.

ЖІӨ төрт негізгі құрамнан тұрады: тұтыну, инвестиция, мемлекеттік шығындар және таза экспорт. Алғашқы қарағанда импорттың өсуі экономикалық көрсеткішті төмендететіндей көрінуі мүмкін, өйткені ол таза экспорт формуласына (экспорт азайған импорт) тікелей әсер етеді. Бірақ іс жүзінде импорт басқа компоненттерде де, мысалы, инвестицияда кездеседі. Сондықтан қосарлы есептеуге жол бермеу үшін статистикада алдымен импортты қосып, кейін шегереді. Бұл әдіс нақты тұтыну мен инвестиция көлемінің қаншалықты импортқа тәуелді екенін дәл анықтау қиын болғандықтан қолданылады.

Смиттің мысалына сүйенсек, егер Best Buy компаниясы Қытайда өндірілген теледидарды сатып алып, оны тарифтердің енгізілуін күтпестен қоймаға орналастырса, бұл операция ЖІӨ-де қор инвестициясы ретінде есептеліп, $1000-ға өсім ретінде саналады. Алайда теледидар шетелден әкелінгендіктен, ол таза экспорт есебінде $1000 азайған ретінде көрініс табады. Нәтижесінде, инвестиция мен таза экспорт бірін-бірі толық өтеп, бұл операцияның ЖІӨ-ге ықпалы нөлге тең болады.

Бұл тұстағы түсініспеушілік АҚШ-тың Экономикалық талдау бюросының бұндай жағдайға импорттың өсуі әсер етті деген мәлімдемесінен туындады. Іс жүзінде компаниялар қалыптастыратын қорлар статистикада нақты ескерілмейді. Қорға салынған инвестициялар көбінесе кейін қайта есептеледі, ал биылғы тоқсан статистикалық тұрғыдан «шулы» кезеңге айналуы мүмкін. Сондықтан, алдағы қайта қараулар нәтижесінде АҚШ экономикасы 2025 жылдың бірінші тоқсанында шын мәнінде өскен болуы ықтимал.

Смит келтірген тағы бір түсіндірме — бұл компаниялардың мінез-құлқы. Егер кәсіпорындар тарифтер күшіне енбей тұрып шетелдік тауарларды жаппай сатып ала бастаған болса, олар сол арқылы отандық өндірушілерден сатып алуды азайтып не болмаса жабдықтарға салынатын инвестицияларды кейінге қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда ЖІӨ-дегі төмендеу – статистикалық қате емес, сұраныс құрылымындағы уақытша өзгеріс болуы мүмкін. Бұл импорттың өсуі мен ішкі экономикалық белсенділіктің төмендеуі бір мезетте орын алуы мүмкін екенін түсіндіреді.

«Шектен тыс артықшылық» дәуірі аяқталуда және Лиз Трасс тәжірибесі

1960-жылдары Францияның сол кездегі қаржы министрі Валери Жискар д’Эстен АҚШ-тың арзан әрі жеңіл шартпен қарыз ала алу мүмкіндігін «шектен тыс артықшылық» деп атаған еді — бұл доллардың жаһандық жоғары сұранысына байланысты болатын. Алайда соңғы апталарда инвесторлар мен экономистер арасында Дональд Трамп жүргізіп жатқан саясат мұндай артықшылықтың аяқталуына әкелуі мүмкін деген пікірталас күшейіп келеді.

Брукингс институтының аға ғылыми қызметкері, экономист Робин Брукстың айтуынша, АҚШ-тың бұл «шектен тыс артықшылығы» соңғы айларда расымен де әлсірей бастағандай. 2 сәуірдегі «Азаттық күні» күнінен кейін көп ұзамай доллардың айырбас бағамы күрт төмендеп, ал АҚШ облигацияларының табыстылығы өсе түсті. Бұл құбылыс инвесторлардың жаңа тәуекелдер үшін өтем талап ете бастағанын көрсетеді.

Ол бұл жағдайды 2022 жылы Ұлыбританияда болған оқиғамен салыстырады. Сол кезде премьер-министр Лиз Трасстың үкіметі қаржыландыру көзі нақты көрсетілмеген ауқымды салық қысқартуларын жариялаған еді. Бұл шешім мемлекеттік қаржы тұрақтылығына деген күмәнді күшейтіп, нарықтың тез реакциясына себеп болды: фунт стерлинг күрт құлдырап, ал Ұлыбритания облигацияларының табыстылығы шарықтап кетті, өйткені инвесторлар британдық активтерді жаппай сата бастады. АҚШ-та да осыған ұқсас, бірақ азырақ шұғыл сипаттағы жағдай байқалуда.

Брукстың тұжырымымен көптеген америкалық экономистер де келіседі. Сәуір айының соңында жүргізілген FTxBooth US Macroeconomists Survey сауалнамасына сәйкес, сарапшылардың 55%-дан астамы АҚШ-тың макроэкономикалық келешегіне қатысты алаңдаушылық казначейлік облигациялар нарығындағы құбылмалылықтың басты себебі деп санайды.

АҚШ-тағы жағдай Ұлыбританиядағыдай тым өткір болмаса да, мұндай ұқсастықтың пайда болуының өзі – алаңдатарлық белгі. Осылайша, Брукс АҚШ облигациялары бұрынғыдай инвесторлар үшін тұрақтылық символы ретінде қарастырмайтыны туралы дабыл қағады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары