БастыReview
Бөлісу

Блогтарда: «өлім айқышы», сирек кездесетін «өгіз» сигналы, «кванттық» қызба жайлы

Артур  Арутюнов

Артур Арутюнов

Блогтарда: «өлім айқышы», сирек кездесетін «өгіз» сигналы, «кванттық» қызба жайлы

Трамптың президенттік қызметіндегі алғашқы 100 күн кейінгі 50 жылдағы АҚШ нарығы үшін ең сәтсіз кезең болды. Алайда, қазір нарық біртіндеп қалпына келе бастады: S&P 500 индексі Трамп ауқымды импорттық баж салығын жарияламай тұрған кездегі деңгейге жуықтап қалды.

Уолл-стрит ардагері Эд Ярдени нарықтың беріп отырған белгілері туралы жазса, Morgan Stanley компаниясының бас инвестициялық директоры Лиза Шалетт нарықтың не себепті әлі де тұрақты өсімге өте алмай отырғанын талдады. Ал Acadian Asset Management сарапшысы Оуэн Ламонт «кванттық» қызбаның күтпеген әсері туралы ой бөлісті.

Өгіз нарығының сигналы

Өткен аптада S&P 500 және Nasdaq 100 индекстерінің графиктерінде «өлім айқышы» деп аталатын белгі қалыптасты. Бұл жағдай 50 күндік жылжымалы орташа көрсеткіш 200 күндік көрсеткішті жоғарыдан төмен қарай кесіп өткенде пайда болады. Тарихта мұндай қиылысу нарықтардың әрі қарай төмендеуі мүмкін екенін көрсететін белгі ретінде қарастырылады. Мысалы, 2020 жылы COVID-19 пандемиясы басталған кезде дәл осындай «өлім айқышы» байқалып, нарық күрт құлдыраған болатын. Алайда, экономист әрі Уолл-стрит ардагері Эд Ярдени өзінің блогында бұл үрейлі атауға қарамастан, бұл фигура әрдайым нарықтың қатты төмендеуін білдірмейтінін жазады. Кейде ол жалған белгі болып шығуы мүмкін.

Қазір нарықта кері бағыттағы жаңа үрдіс – Цвейгтің импульсі (Zweig Breadth Thrust) туралы сөз болып жатыр, дейді Ярдени. Бұл құбылыс биржада өсіп жатқан акциялардың орташа үлесі 40%-дан төмен деңгейден 61,5%-ға дейін тез көтерілген кезде байқалады. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Мысалы, кейінгі 80 жылда небәрі 19 рет қана болған. Бұл – нарықта өсім кезеңі (өгіз нарығы) басталуы мүмкін екенін білдіретін белгі. Осындай құбылыс 24 сәуір күні тіркелді. Ярдени бұны нарықтың көңіл күйі өзгеріп жатқанын көрсететін маңызды нышан деп санайды.

Ол 2026 жылы қарқынды экономикалық өсім қайта оралады деп есептейді. Қазір сала сарапшылары АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы мен рецессия қаупіне байланысты 2025 және 2026 жылдарға арналған компания табысы туралы болжамдарын төмендетіп жатыр. Бірақ инвесторлар бұған қарамастан, болашаққа сеніммен қарайды. Кейінгі апталардағы акция бағаларының өсуі компаниялардың нақты табыстарының артуымен емес, болашаққа деген үмітпен байланысты. Яғни, инвесторлар акцияға қанша ақша төлеуге дайын екенін көрсететін P/E (price-to-earning) көрсеткіші өсіп жатыр. Ярдени бұл үміттің негізі – 2026 жылдан басталатын технологиялық серпіліс пен еңбек өнімділігінің артуы дейді.

Өгіз нарығына кедергілер

Кейінгі күндері нарықта біраз жеңілдеу байқалғанымен, инвесторлардың алаңдаушылығы әлі де сейілмей отыр, деп жазады Morgan Stanley компаниясының бас инвестициялық директоры Лиза Шалетт. Ол 2 сәуір күні баж салығы енгізілетіні жарияланғаннан кейін АҚШ-тың акциялары да, облигациялары да, тіпті доллары да бір мезетте арзандай бастағанына назар аударады.

Мұндай жағдай шектен тыс өрбісе, доллар мен АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларының қауіпсіз актив ретіндегі мәртебесіне күмән туғызып, инвесторлардың АҚШ экономикасы мен қаржы нарығының тұрақтылығына деген сенімін әлсіретуі мүмкін. Шалетттің айтуынша, инвесторлар ең алдымен стагфляция (экономикалық тоқырау мен инфляция қатар жүретін жағдай) мен АҚШ-тың мемлекеттік қарызының шамадан тыс көп болуынан қауіптеніп отыр. Әлсіз экономикалық өсім мен жоғары инфляцияның қатар жүруі компаниялардың табысын азайтып, акциялар мен облигацияларға кері әсер етуі мүмкін.

Бұған қоса, Конгресс талқылап жатқан салық жеңілдіктерін ұзарту мәселесі мемлекеттік қарызды өтеу құнын екі есе арттыруы мүмкін. Шамамен 1 трлн доллардан 2 трлн долларға дейін. Шалетттің пікірінше, қарыздың тым көп болуы инвесторларды алаңдатады, себебі ол капитал құнының өсуіне және экономикалық өсімнің одан әрі баяулауына алып келуі ықтимал.

АҚШ пен Қытай арасындағы жаңа сауда шарттары жөніндегі келіссөздердегі белгісіздік те тағы бір алаңдаушылыққа себеп. Бұл келіссөздер келісімге келмей аяқталса да, келісім жасалса да – инвесторлардың көңілі қалатын сияқты, дейді Шалетт. Оның ойынша, жалғыз оң нәтижелі сценарий бар. Ол – қос тараптың жоғары кедендік баждардан өзара бас тартуы, бірақ мұның ықтималдығы аз.

Осындай жағдайда Шалетт инвесторларға өз портфелін барынша әртараптандыруды ұсынады – яғни актив түрлері, салалар және аймақтар бойынша теңдей бөлу қажет. Егер инвестор S&P 500 индексіне ұзақ мерзімді инвестиция жасағысы келсе, Шалетт үшін қолайлы кіру нүктесі ретінде 5100–5500 ұпай аралығын атап өтеді, бірақ бұл жағдайда рецессиядан қашып құтылу қажет.

Компаниялардың нарықтық құнына негізделген үлеспен салынатын дәстүрлі индекс қорларын (ETF) сатып алудың орнына, Шалетт барлық қағаздарға тең үлес беретін қорларды таңдауға немесе акцияларды жеке өзі іріктеп алуға кеңес береді. Сонымен қатар ол орта мерзімді облигацияларға назар аударуға шақырады, әсіресе өтеу мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейінгі аралықта орналасқан табыстылық қисығының орталық бөлігіндегі бағалы қағаздарға. Бұдан бөлек, АҚШ-тың муниципалдық облигациялар нарығы да қызықты болуы мүмкін дейді.

«Кванттық» қызбаның күтпеген әсері

Америкалық қор нарығының сапасы біртіндеп нашарлап бара жатыр, деп жазады Acadian Asset Management компаниясының аға вице-президенті және портфель менеджері Оуэн Ламонт. Оның айтуынша, кейбір инвесторлардың ақылға қонымсыз қателіктері компания акцияларының негізсіз шарықтап өсуіне алып келуде. Ал нарық ондай бағаларды дереу түзетуге асығар емес.

Мұндай жағдайдың жақын арадағы мысалы – 2024 жылдың желтоқсанындағы «кванттық» қызба. Барлығы Amazon, одан кейін Google кванттық есептеулер саласындағы жетістіктері туралы хабарлағаннан кейін басталды. Бұл жаңалықтар тек шын мәнінде кванттық технологиямен айналысатын компаниялардың ғана емес (тіпті атауында «quantum» сөзі болмаса да), атауында «quantum» сөзі бар, бірақ мүлде қатысы жоқ компаниялардың акция бағасының күрт өсуіне себеп болды.

«Кванттық» атауы бар компаниялардың акцияларын жеке инвесторлар жаппай сатып ала бастады — Quantum Corporation, Quantum-Si, QuantumScape, Quanta Services. Бірақ мәселе — бұл компаниялардың ешқайсысы кванттық есептеулермен айналыспайды. Олардың атауы — шынайы қызмет бағытын емес, маркетингтік айла-шарғыны көрсетеді», — деп жазады Ламонт. Оның айтуынша, бұл шатасу нарықтағы бағаға тікелей әсер етті: 2024 жылдың соңғы екі айында үлкен деректерді сақтау жүйелерін жасайтын Quantum Corporation акциялары 1151%-ға қымбаттаса, ақуыздарды секвенирлеумен айналысатын Quantum-Si компаниясының қағаздары 285%-ға өскен.

Ламонт мұндай компанияларды сынға алады: олар инвесторлар арасындағы бұл қате түсінікті түзетудің орнына, акция бағасының өсуін пайдаланып, қосымша акциялар шығарып, капитал тартуға тырысады.

Мысалы, дәл осындай қадамға Quantum Corporation барды. Компания 2019 жылдан 2024 жылға дейінгі пресс-релиздерінде «кванттық есептеулер» туралы ештеңе айтпаған. Алайда 2025 жылдың қаңтарында — оның акциялары кванттық технологияларға қызығушылық артқан тұста жасалған ресми мәлімдемесінде алғаш рет «кванттық есептеуден шабыттанған алгоритмдер» деген тіркес пайда болды, деп атап көрсетеді Ламонт. Сол айда компания 200 миллион доллар көлемінде акция шығаруды жоспарлайтынын мәлімдеді. Қазіргі таңда бұл компанияның бағалы қағаздары 2024 жылғы қазан айының басындағы бағамен салыстырғанда үш есе жоғары саудалануда.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары