АҚШ-пен сауда келісімінен кейін Қытай экономикасының өсімі бойынша болжамдар жаңарды

JPMorgan мен Morgan Stanley инвестициялық банктері Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда келісімі жарияланған соң Қытайдың ЖІӨ өсімі бойынша болжамдарын көтерді. JPMorgan сарапшыларының пікірінше, енді Қытай билігі жыл соңына дейін экономиканы ынталандыру үшін қосымша шаралар енгізбейді. Ал Morgan Stanley бұл келісімді екі ел арасындағы «сауда эмбаргосын» еске салған қақтығыстан үзіліс деп атады.
Толығырақ:
JPMorgan сарапшылары егер жаңадан төмендетілген баж салығы жылдың соңына дейін сақталса, Қытай ЖІӨ өсімі жыл қорытындысы бойынша бұрын болжанған 4,1%-дың орнына 4,8% болады деп болжайды (Reuters дерегі). «Енді біз Қытай билігі жыл ортасынан кейін қосымша бюджеттік ынталандыру енгізеді деп күтпейміз», — деді олар Reuters келтірген жазбада.
Банк өкілдері АҚШ пен Қытай арасындағы келісімді «күтпеген жерден жағымды» әрі екі ел арасындағы сауда соғысын жұмсартуға бағытталған қадам деп сипаттады. Сарапшылар «уақытша баж салығының төмендетілу ауқымы біздің күтулерімізден жоғары болды» деп бағалап, әсіресе АҚШ-тың 34 пайыздық «айна» салығын басқа елдерге қолданылатын әмбебап 10 пайыздық мөлшерлемемен алмастырғанын ерекше атады.
Morgan Stanley де Вашингтон мен Бейжің арасындағы келісімді Қытай экономикасына қолдау ретінде оң бағалап отыр. Олардың пікірінше, бұл «уақытша бітім» арқасында Қытай ЖІӨ-нің екінші тоқсандағы өсімі бұрынғы 4,5% болжамынан жоғары, ал үшінші тоқсанда күтілген 4%-дан жоғары болуы мүмкін. Сарапшылардың болжауынша, уақытша баж жеңілдігін пайдалануға тырысатын компаниялар есебінен экспорт жеделдеуі ықтимал.
The Wall Street Journal келтірген Morgan Stanley экономисі Робин Синг: «Баж салығын уақытша алып тастау екі ел арасындағы сауда эмбаргосына айнала бастаған қақтығыстан біраз үзіліс алуға мүмкіндік берді», — деп мәлімдеді. Дегенмен, ол «қақтығысты тұрақты түрде шешу — екіжақты қарым-қатынастың күрделілігін ескерсек, оңай шаруа емес» екенін айтты.
Контекст:
Швейцарияда екі күнге созылған келіссөздерден кейін АҚШ пен Қытай өзара енгізілген сауда баждарының басым бөлігін уақытша тоқтату туралы уағдаласты. Дональд Трамп әкімшілігі енгізген қытайлық тауарларға салынған баж салығы 125%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Тек фентанил есірткісін заңсыз жеткізуге байланысты 20 пайыздық салық сол күйі сақталады. Қытай да АҚШ өнімдеріне салынатын тарифті 125%-дан 10%-ға дейін төмендетуге келісті.
Келісім 90 күнге есептелген, бұл уақыт ішінде тараптар ұзақ мерзімді сауда келісімі бойынша келіссөздерді жалғастыруы тиіс. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, алдағы күндері Қытай өкілдерімен ірі келісімге дайындық бойынша жаңа кездесу өткізу жоспарланып отыр. Бессент қазіргі «бітімнің» мерзімін созу мүмкіндігін де жоққа шығармайды, бұл — баж салығының бұрынғы деңгейіне қайта оралу қаупін болдырмау үшін жасалуы мүмкін.








