Миллиардер Кен Гриффин: сауда бажы жағдайында қолда қаражат ұстау – тиімді стратегия

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысында уақытша бітім жарияланғаннан кейін нарықтар күрт өскен тұста, Citadel хедж-қорының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай инвесторлардың бірі Кен Гриффин: өткенге көз жүгіртсек, нарықтағы тұрақсыздық кезінде қолма-қол ақшамен шетте күту — ең ұтымды шешім болар еді, деп мойындады.
Егжей-тегжейлі
Миллиардер Кен Гриффин Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында жақында болған нарықтағы тұрақсыздық кезінде қолма-қол ақшамен қалған дұрыс болар еді деп бөлісті. «Мүмкін, сол кезде қолма-қол ақшамен күту — ең оңтайлы шешім болар еді. Бірақ бұл біздің болмысымызға сай келмейді — біз әрдайым белсенді әрекет етіп, нарықтан жаңа өсім мүмкіндіктерін іздеуге тырысамыз», — деді ол.
Сондай-ақ, соңғы апталар фундаменталды инвесторлар үшін ауыр сынақ болғанын айтты. Неге десеңіз, «біз инвестиция салатын компаниялардың нарықтық құны бүгінде көбіне Вашингтондағы саяси өзгерістердің ырғағымен қалыптасып отыр».
Ол АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессентің еңбегін атап өтіп, Қытаймен сауда тарифтерінің басым бөлігін уақытша тоқтату туралы келісімді екіжақты саудадағы маңызды алға қадам деп бағалады. Осы сәтте Гриффин негізгі келіссөздер әлі алда екенін еске салды. Бұған дейін ол АҚШ-тың жаңа сауда саясатын бірнеше рет сынға алып, оны жұмысшы табына ауырпашылық жасайтын салық деп атаған. Агенттікке берген сұхбатында ол бұл жағдайлардың із-түзсіз өтпейтінін, әрі аралық сайлауға әсер етуі мүмкін екенін де айтты.
Қолма-қол ақшаның жай-күйі
BlackRock инвестициялық банкінің басшысы Ларри Финк Эр-Риядтағы сауд-арабиялық және америкалық инвестициялық форумда мәлімдегендей, қазіргі кезде ондаған трлн доллар қолма-қол күйінде босқа тұр — бұған сауда соғыстары мен АҚШ экономикасына қатысты белгісіздік себеп болып отыр.
«Еуропада €12 трлн банк шоттарында жатыр. АҚШ-та — $11 трлн ақша нарығы қорларында сақтаулы. Жағдай тұрақсыз болған кезде, адамдар ақшаны қолда ұстағанды жөн көреді — біз дәл қазір соны көріп отырмыз», — деді Финк (Reuters).
Контекст
Әлемнің екі ірі экономикасы АҚШ пен Қытай — өзара саудаға қауіп төндірген баж салығын тоқтататынын және жағдайды едәуір жұмсартатынын жариялағаннан кейін, Уолл-стритте тыныштық орнады. Дүйсенбі күні АҚШ-тың негізгі қор индекстерінің бірі S&P 500 — 3,3% күрт көтерілді, бұл соңғы бір айдан астам уақыттағы ең ірі біркүндік өсім болды. Технологиялық компаниялардың Nasdaq Composite индексі бірден 4,4% артты. Сәуірдегі ең төменгі деңгейден бері бұл индекс 20%-дан аса өсіп, нарық жаңа «бұқа трендіне» аяқ басты. Осылайша нарық 2 сәуірде болған құлдырауды ішінара өтеп алды — бұл күн Дональд Трамптың «Босату күні» деп аталып кеткен. Сол күні ол АҚШ-қа импортталатын тауарларға 10% базалық баж салығын енгізіп, көптеген елге қатысты қосымша салықтар салған еді. Аталған шаралар Қытайға ерекше ауыр тиген: жиынтық сауда бажы 145%-ға дейін жетіп, бұл биржада құлдырауға және алтын бағасының рекордтық өсіміне себеп болды.
S&P 500 индексі 13 мамырдағы сауда барысында өсуін жалғастырып, 0,2% көтерілді. Ал Nasdaq Composite шамамен 1% артты.








