БастыЖаңалықтарSmall Caps
Бөлісу

АҚШ акциялары қайта өсе бастады. Citigroup пен JPMorgan аутсайдерлерге сенім артады

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
АҚШ акциялары қайта өсе бастады. Citigroup пен JPMorgan аутсайдерлерге сенім артады

Стратегтер қысқа мерзімді инвестиция үшін шағын әрі аса бағалана қоймаған компанияларға назар аударуды ұсынды.

Citigroup пен JPMorgan сарапшылары сауда-саттықтағы шиеленістің бәсеңдеуіне байланысты АҚШ нарығындағы акцияларға сенім білдіруде: олар жыл басынан бері жақсы нәтиже көрсете алмаған компаниялардың акцияларына инвестиция салуға кеңес береді. Мұндай компанияларға ең алдымен экономикалық өзгерістерге сезімтал шағын капиталды (small-cap) акциялар, сондай-ақ қаржылық есеп беруі әлсіз болғаннан кейін құнсызданған компаниялардың қағаздары жатады.

Егжей-тегжейі

АҚШ-тың негізгі қор индекстері жыл басындағы шығындарын толық өтеді. Алайда Citigroup пен JPMorgan стратегтері инвесторлардың назарын соңғы өсу кезеңінде S&P 500 индексінен қалып қойған компанияларға аударуда. Алдағы бірнеше аптада сарапшылар шағын капиталды компаниялар, технологиялық жабдық өндірушілер және құрылыс саласындағы компаниялардың акцияларына қатысты оптимистік көзқарас танытып отыр, деп жазады Bloomberg.

Агенттік Goldman Sachs индексіне назар аударды. Бұл индекс ең көп қарызға батқан 50 компанияның жағдайын бақылайды. Аталған индекс соңғы сегіз сауда сессиясының жетеуінде S&P 500 көрсеткішінен асып түскен. Бұл трейдерлердің арзандаған акцияларға қайтадан бет бұра бастағанын білдіреді.

Стратегтер кеңесі

«Қазір қаржылық көрсеткіштері әлсіз компаниялардың акциялары қызығушылық тудырып отыр», дейді Citigroup-тың АҚШ-тағы акциялар саудасы стратегиясы бөлімінің басшысы Стюарт Кайзер. Оның айтуынша, нарықтағы өсімді жіберіп алған инвесторлар енді артта қалған секторларға белсенді қаржы сала бастайды. «Қазіргі уақытта (олардың) акциялардағы үлесі аз, бірақ артта қалған қағаздарды сатып алуға жеткілікті қаражаты бар», — деп пайымдайды Кайзер.

Citi стратегиясы бойынша, соңғы апталарда кәсіби басқарушылар акцияларға салымдарын қысқартқанымен, S&P 500 индексінің өсуі оларды нарыққа қайта оралуға итермелеуі мүмкін. Бұған қоса, шағын капиталды компанияларды бақылайтын Russell 2000 индексіне жасалған «аю» позицияларын жапқан трейдерлер жақын апталарда small-cap акцияларының одан әрі өсуін қолдайды деп болжайды Стюарт Кайзер.

JPMorgan пікірінше, қазіргі сәтте ең көп зардап шеккен секторлардың акцияларын туынды қаржы құралдары арқылы сатып алу тиімді. Бұған мысал ретінде бөлшек сауда не күнделікті қажет емес тұтыну тауарларын өндіруші компанияларды айтуға болады. Мұндай тәсіл, олардың есебінше, short squeeze-ке алып келуі мүмкін (яғни акциялар бағасы күрт өскенде, шорт жасаған инвесторлар оларды тез арада кері сатып алуға мәжбүр болады, бұл бағаның одан әрі өсуіне түрткі болмақ).

Bloomberg Эндрю Тайлер жетекшілік ететін JPMorgan стратегтер тобы «Кез келген short squeeze, ең алдымен, шағын және орта капиталды компаниялардың жылдам өсуіне алып келуі мүмкін», — деп жазғанын хабарлады.

Нарық әлі де тәуекел аймағында

Bloomberg ұзақмерзімді инвестициямен айналысатын нарық қатысушыларының пікірінше, шағын капиталды акциялар мен қаржылық көрсеткіштері ең әлсіз компаниялардың қағаздары әлі де тәуекелге толы екенін жазды. Бұған себеп — пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы және экономикалық өсімнің баяулауы. Осы аптада АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарындағы уақытша жұмсару кең нарықтың өсуіне әсер еткенімен, агенттік атап өткендей, көптеген инвесторлар екі ел арасындағы шиеленістің қайта өршуінен қауіптеніп отыр.

«Нарық сауда тарифтері бойынша тәуекел аймағынан толық шыққан жоқ, сол себепті біз шағын капиталды компаниялардың немесе тәуекелі жоғары активтердің акцияларын сатып алмас едік. Бұл қысқа мерзімді сауда идеясы ретінде тиімді болуы мүмкін, бірақ ұзақмерзімді инвесторлар үшін қолайлы емес», — дейді Globalt Investments компаниясының аға портфельдік басқарушысы Томас Мартин.

Сонымен қатар, шағын компаниялар Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін басты бенефициарлардың бірі болғанымен, оның иммиграциялық заңнаманы қатайту туралы ұсыныстары еңбек шығындарын арттырып, ішкі нарыққа бағытталған бизнестерге кері әсер етуі мүмкін, деп жазады Bloomberg.

Дегенмен, 22V Research компаниясының негізін қалаушы Деннис Дебюсшердің айтуынша, сапалы акциялар мен экономикаға сезімтал, тәуекелі жоғары компания қағаздарының арасындағы бағалау айырмашылығы соншалықты үлкен, бұл соңғыларына алдағы уақытта өсуге кең мүмкіндік береді. «Қытайдан импортқа салынған баж салықтары шағын компаниялар үшін өте ауыр болды. Сондықтан дәл осы топтың өсу әлеуеті қазір жоғары», — дейді ол.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары