AMD байбек бағдарламасын екі есе көбейтті. Акциясы 9%-ға қымбаттады

14 мамырдағы саудада чип өндіруші Advanced Micro Devices акциялары соңғы төрт айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Компания өз акцияларын кері сатып алу бағдарламасының көлемін 150%-ға ұлғайтатынын хабарлады. Яғни, сома 10 млрд долларға дейін жетеді.
Бұдан бір күн бұрын AMD Сауд Арабиясының Humain атты жасанды интеллект компаниясымен серіктестік басталғанын мәлімдеді. Бұл жобаға 10 млрд $ инвестиция салу жоспарланған. Айта кетейік, Humain сонымен қатар Nvidia чиптерін де сатып алып отыр.
Егжей-тегжейі
AMD байбек көлемін 10 млрд долларға жеткізді
Advanced Micro Devices директорлар кеңесі акцияларды кері сатып алудың жаңа бағдарламасын мақұлдады. Оның көлемі — 6 млрд $. Бұған дейін компания 4 млрд $ көлеміндегі байбек жоспарын жариялаған болатын. Осылайша, кері сатып алуға бөлінген жалпы сома 10 млрд долларға жетті.
Компания мәліметінше, акцияларды сатып алу мерзімі мен көлемі нарық жағдайына байланысты болады. Бағдарлама кез келген уақытта тоқтатылуы немесе күшін жоюы мүмкін.
«Байбек бағдарламасының кеңеюі — AMD-нің стратегиялық бағытына, өсу әлеуетіне және тұрақты түрде жоғары бос ақша ағынын қалыптастыра алу қабілетіне директорлар кеңесінің сенімін көрсетеді», — делінген компания хабарламасында. Мұндай пікірді директорлар кеңесінің төрайымы әрі AMD бас директоры Лиза Су білдірді.
Акциялардағы өсім
Сәрсенбі күнгі саудада AMD акциялары бір сәтте 9%-ға дейін өсіп, 122,5 $ деңгейіне жетті. Бұл — 24 қаңтардан бергі ең жоғары баға.
Инвестор үшін маңызды жайттар
Директорлар кеңесінің байбек бағдарламасын мақұлдауы AMD-нің Сауд Арабиясының Humain компаниясымен жаңа серіктестігі туралы хабардан кейін бір күн өткен соң белгілі болды. Barron’s мәліметінше, бұл серіктестік аясында екі компания алдағы бес жыл ішінде жасанды интеллектке негізделген деректер орталықтарының 500 мегаватттық желісіне 10 млрд долларға дейін инвестиция салмақ.
AMD-нің басты бәсекелесі Nvidia да Humain компаниясымен осыған ұқсас жобада жұмыс істеп жатыр. BofA Research аналитигі Вивек Арьяның жазуынша, AMD алғаш рет ірі жобаларда Nvidia-мен бір деңгейде көріне бастады. Дегенмен, оның пікірінше, Nvidia тікелей келісімшарттар жасасса, AMD жобаларға көбіне бірлескен кәсіпорын форматы арқылы қатысады.
Сондай-ақ, Piper Sandler сарапшыларының айтуынша, АҚШ пен Қытай арасындағы өзара кедендік тарифтерді 90 күнге тоқтату шешімі де AMD мен Nvidia-ға пайда әкелуі мүмкін. Аналитик Харш Кумардың айтуынша, болашақтағы келіссөздер нәтижесінде жартылай өткізгіштерге қойылған экспорттық шектеулер жеңілдеуі ықтимал.
«Ресми түрде расталмағанымен, біз АҚШ үкіметі Nvidia мен AMD секілді компанияларға Қытайға бұрын экспорттауға тыйым салынған чиптерді сатуға рұқсат береді деп ойлаймыз», — деп жазды Кумар CNBC-ге берген сараптамасында.
Сарапшылар не дейді?
BofA 14 мамырда AMD акцияларының мақсатты бағасын 120 доллардан 130 долларға дейін көтеріп, Buy (сатып алу) рейтингін сақтап қалды. Жаңа мақсатты баға 13 мамырдағы жабылу бағасымен салыстырғанда 15,5% өсімді болжайды.
Жыл басынан бері AMD акциялары 2%-ға арзандады, ал соңғы 12 айда шамамен 26%-ға құнсызданған. MarketWatch дерегінше, AMD акцияларын бақылайтын 54 сарапшының 37-сі оларды сатып алуға кеңес береді, 16-сі портфельде ұстауды ұсынады және тек біреуі сатуды жөн көреді. Уолл-стриттегі орташа мақсатты баға — 128,8 доллар, бұл 13 мамырдағы жабылу бағасынан 14,5% жоғары.








