БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Қартайғанымды 90-ға келгенде сезіндім»: Баффет отставкаға кету себебін түсіндірді

Юлия Котова

Юлия Котова

Oninvest жаңалықтар қызметінің жетекшісі.
«Қартайғанымды 90-ға келгенде сезіндім»: Баффет отставкаға кету себебін түсіндірді

Атақты инвестор Уоррен Баффет Berkshire Hathaway компаниясын өмірінің соңына дейін басқаруды ешқашан жоспарламағанын айтты.

Berkshire Hathaway компаниясының бас директоры Уоррен Баффет компанияны 60 жыл басқарғаннан кейін биыл не үшін басшылықтан кетуге бел байлағанын алғаш рет толық түсіндірді. Ол отставка себебі, болашаққа жоспары және инвестордың ең құнды қасиеті туралы The Wall Street Journal басылымына телефон арқылы сұхбат берді. Төменде сол әңгімеден үзінділер ұсынылды.

Отставка себебі:

Баффеттің айтуынша, зейнетке шығуының басты себебі – жасы. Қазір ол 94 жаста. Соңғы жылдары өзінің жұмыс қарқыны бәсеңдеп бара жатқанын байқаған.

«Қызығы, 90 жасқа дейін өзімді қарт сезінбедім. Бірақ бір қартайғаның басталса, оны тоқтату мүмкін емес», – дейді ол.

Баффет өзін 62 жастағы орынбасары әрі мұрагері Грег Абельден еңбекқорлық жағынан қалып келе жатқанын анық байқағанын айтады.

«Бір күнде он сағат жұмыс істегенде, оның менен көп нәрсеге үлгеретіні барған сайын көзге көріне бастады. Ол барлық жағынан әлдеқайда тиімді», – дейді инвестор.

Көпшіліктің ойында Баффет Berkshire компаниясын өмірінің соңына дейін басқарады деген түсінік болғанымен, өзі бұл жайлы ешқашан ойламағанын айтады.

«Мен бас директор лауазымында басқалардан көп пайда келтіріп тұрғанымды сезінгенше боламын деп ойлағанмын. Әрі бұл рөлде осыншама ұзақ болғаныма өзім де таң қалдым», – дейді ол.

Болашаққа жоспарлары

Баффет Омахада (Небраска, АҚШ) жұмысын жалғастыра бермек. Ол: «Үйде отырып сериал көріп отыратын ниетім жоқ. Қызығушылықтарым сол күйі қалды», – деп әзілдеді.

Денсаулығы туралы

«Денсаулығым жақсы – күн сайын өзімді жақсы сезінемін. Кеңседемін, ұнайтын адамдармен жұмыс істеймін, олар да мені жақсы көретін сияқты. Біз бірге рахаттана жұмыс істейміз», – дейді Баффет.

Алайда The Wall Street Journal газетінің жазуынша, 94 жастағы инвестор кейде тепе-теңдігін жоғалтып, адамдардың есімін ұмытып жатады және газеттегі жазуларды оқуда қиналатын кездері бар.

Инвестордың ең құнды қасиеті туралы

Жасына байланысты кей қабілеттері әлсіресе де, Баффет инвестор үшін ең маңызды әрі сирек кездесетін қасиетті әлі де жоғалтпағанын айтады.

«Мен 20, 40, 60 жыл бұрын қандай шешім қабылдасам, сол мәселелерде әлі де оңай шешім қабылдай аламын. Егер нарықта дүрбелең басталса, мен әлі де пайдалы боламын. Себебі бәрі үрейленіп, баға құлдырағанда, мен үрейге берілмеймін. Бұл жасқа байланысты емес», – дейді ол.

Контекст

2025 жылғы 3 мамырда Омахада өткен Berkshire Hathaway компаниясының жыл сайынғы акционерлер жиналысында Баффет күтпеген жерден биыл жылдың соңында бас директор қызметінен кететінін жариялады. Одан кейін бұл қызметті вице-төраға Грег Абель атқаратын болады.

Баффет өзі «жақын жерде болатынын» айтқанымен, соңғы шешімдерді Абель қабылдайды.

Сонымен қатар ол Berkshire акцияларын сатпайтынын мәлімдеді: «Акцияларды сатпау – бұл таза экономикалық шешім. Себебі менің ойымша, Berkshire-дің келешегі Грегтің басшылығымен менікінен де жарқын болады», – деді ол.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары