Ерлерге арналған контрацепция: неге нарықта әлі күнге дейін «сиқырлы таблетка» жоқ?

Қазіргі уақытта ерлерге арналған екі ғана гормонсыз контрацепция әдісі бар: мүшеқап пен вазэктомия (ұрық жолдарын байлап тастау операциясы). Ал гормоналды құралдар соңғы елу жылдан бері зерттеліп келе жатқанына қарамастан, әлі күнге дейін клиникалық сынақ кезеңінен аса алмай отыр. Бұған себеп – жанама әсерлер мен АҚШ пен Еуроодақтағы реттеуші органдардың рұқсатын алудағы кідірістер.
Сондықтан сәуір айында жарияланған, ADAM деп аталатын жаңа, аз инвазивті, гормонсыз контрацепция құралының алғашқы фазалық сынақтарының сәтті өткені туралы жаңалық бірден бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілікті.
ADAM қалай жұмыс істейді?
Бұл – ұрық жасушаларының қозғалысын бөгейтін гидрогель. Ол белгілі бір уақыт өткен соң ағзада еріп кетеді. Жоба авторы – Contraline компаниясының айтуынша, гельді енгізу процедурасы жергілікті анестезиямен небәрі 10 минутқа созылады. Гельдің әсер ету мерзімі – екі жыл, деп жазады The Guardian. Contraline компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Кевин Айзенфратстың айтуынша, бұл – «ер адамдарға арналған спираль секілді».
Contraline 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытқа дейін компания 24,6 миллион доллар инвестиция тартқан, оның 7,2 миллионы – 2022 жылы Google Ventures тарапынан берілген (Crunchbase мәліметі бойынша).
Алайда сынақ нәтижелері әзірге ғылыми рецензияланған басылымдарда жарияланған жоқ. Енді биыл Аустралияда екінші фазалық сынақтар өтпек. Med City News басылымының жазуынша, Вирджиния штатында орналасқан Contraline компаниясы 2022 жылы клиникалық зерттеулер аясында алғаш рет ер адамдарға контрацептивті гель имплантациялаған. Компания 2028 жылға дейін АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасынан (FDA) рұқсат алуды көздейді. Ал Аустралиядағы мақұлдауды одан да ертерек алғысы келеді. Бірақ DW басылымы бұл құралдың нарыққа шығуына кемінде 5–10 жыл қажет болуы мүмкін екенін жазады.
Сұраныс бар, бірақ ұсыныс жоқ
Ерлерге арналған «сиқырлы контрацепция таблеткасын» жасауға бағытталған ізденістер 1960-жылдардан бері жалғасып келеді. Алайда әлі күнге дейін нарықта мұндай өнім жоқ. Бұл мәселе бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған емес.
DW басылымының мәліметінше, бүгінде әлемде репродуктивті жастағы 2 миллиардтан астам ер адам бар. The Guttmacher Institute 2022 жылы жариялаған дерекке сәйкес, жыл сайын дүниежүзінде 213 миллион жоспарланбаған жүктілік тіркеледі.
Көп жағдайда контрацепция жауапкершілігі әйелдерге жүктеледі, бұл әділетсіз жағдай. Алайда зерттеулер көрсетіп отырғандай, ер адамдардың да өздерінің ұрықтылығын бақылауға алуға қызығушылығы бар.
Мысалы, 2022 жылы Билл және Мелинда Гейтс қоры қаржыландырған зерттеу нәтижесінде, Нигерияда сұралған ерлердің 76%-ы жаңа контрацепция әдісі шықса, қолдануға дайын екенін айтқан. Бангладеш пен Вьетнамда – 70%, Кот-д’Ивуарда – 62%. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш – бар-жоғы 49%.
Жалпы ерлерге арналған жаңа контрацепция нарығы – өте ауқымды. 2012 және 2021 жылдардағы маркетингтік зерттеулерге сүйенсек, тек АҚШ-тың өзінде мұндай өнімді тұтынуға дайын ерлер саны 12–19 миллион шамасында. Ал әлем бойынша бұл сан 400 миллионнан асады.
Ерлерге арналған контрацепция Инициативасының (MCI) дерегі бойынша, бүгінде 100-ден астам түрлі жоба әзірлену үстінде. Олардың қатарында тестостерон инъекциялары, теріге жағылатын гормоналды гель, гормоналды таблеткалар бар. Бұл құралдар қолдануға ыңғайлы, бағасы қолжетімді, улы емес, әрі уақытша әсер ететін болуы тиіс – яғни, қолдану тоқтағаннан кейін ер адамның ұрықтандыру қабілеті қалпына келуі қажет.
Алайда қазіргі таңда осы талаптардың бәріне бірдей жауап беретін препарат әлі жасалған жоқ.
Неліктен ерлерге арналған гормоналды контрацептивтер әлі жоқ?
Мәселе мынада: көптеген гормоналды препараттар күшті жанама әсерлерді тудырады — жыныстық құштарлықтың төмендеуі, көңіл күйдің күрт ауытқуы, депрессия, салмақ қосу, бауырға жүктеме түсу немесе беттің бөртуі (акне). NPR басылымының 2016 жылғы жазуынша, кейбір қатысушыларда көңіл күйдің ауытқуы күшті болғаны сонша, бір адам зерттеу кезінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Осыдан кейін бұл бағыттағы сынақтар шұғыл тоқтатылған.
Ерлерге арналған гормоналды контрацептивтердің негізгі әрекет ету механизмі әйелдерге арналған түрімен ұқсас — жыныс жасушаларының дамуын басатын гормондар деңгейін арттыру. Бұл үшін көбінесе эстроген, прогестин (прогестеронның синтетикалық түрі), тестостерон немесе осы гормондардың үйлесімі қолданылады.
Прогестерон тестостеронның бөлінуін тежей алады. Ал тестостерон – сперматозоидтардың түзілуінің ең маңызды кезеңдеріне жауапты негізгі гормон. Бірақ тестостеронның төмендеуі — жыныстық құштарлықтың төмендеуі, салмақ қосу және эректильді дисфункция секілді жағымсыз әсерлерге әкелуі мүмкін. Бұл – контрацептивтен күтілетін нәтиже емес, сол себепті тестостерон препараттар құрамына тепе-теңдік үшін қайтадан қосылады. Міне, осы гормондық теңгерімді табу – ерлерге арналған гормоналды контрацептивтерді жасаудағы басты қиындықтың бірі.
Мәселе – мұндай препараттардың мүлде әсер етпейтінінде емес, гормондардың дұрыс мөлшерін есептеу мен олардың қатынасын үйлестіруде. Мақсат – ер адамның өмір сапасына зиян келтірмейтін, бірақ ұрықтылығын уақытша басатын әдісті жасау.
Ер мен әйел ағзасының айырмашылығы
Тағы бір үлкен кедергі — физиологиялық ерекшелік. Әйел ағзасы бір айлық цикл ішінде, әдетте, бір ғана аналық жасуша дайындайды. Ал ер адам ағзасы циклге тәуелсіз, күн сайын миллиондаған белсенді сперматозоид өндіреді. Сондықтан ерлерге арналған контрацепция үшін қажет гормон мөлшері әйелдерге қарағанда әлдеқайда жоғары, әрі оны дәл есептеу қиын.
Қиындық тек биологияда емес
Ерлерге арналған контрацепцияның баяу дамуы тек биологиялық ерекшеліктермен емес, бұл бағытта бекітілген нақты стандарттар мен бағалау жүйесінің болмауымен де байланысты. Мәселен, әйел контрацептивтерін сынау барысында жүкті болуы немесе болмауы нақты бір адамның ағзасында бақыланады. Ал ерлерге арналған жағдайда препаратты бір адам (ер адам) қабылдайды, ал оның әсері басқа адамда (әйелде) байқалады. Бұл жағдай зерттеулерді қиындатады, деп жазады Нью-Йорктегі Халық саны жөніндегі кеңестің Биомедициналық зерттеулер орталығының өкілі Режин Ситрук-Уэр.
Мысалы, зерттеуге қатысушы жұптардың арасында жүкті болу жағдайлары тіркелмесе, бұл жақсы нәтиже. Бірақ ер адам сол уақытта басқа әйелмен қарым-қатынаста болып, ол әйел жүкті болып қалса, немесе әйел басқа ер адамнан жүкті болса, бұл ақпарат зерттеушілерге жетпейді. Сондықтан да зерттеу нәтижелері толықтай сенімді болмауы мүмкін.
NES/T гелі – алғашқы үміткер
Жалпы, жаңа препараттың FDA (АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы) рұқсатын алуы үшін кемінде 8 жыл қажет. Қазіргі уақытта ең алда келе жатқан гормоналды контрацептив — NES/T гелі. Бұл — иыққа жағылатын гормоналды гель. DW жазуынша, ол алғашқы ресми бекітілген ерлер контрацептиві атануға басты үміткер.
NES/T — Population Council халықаралық ұйымының өнімі, ол АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институтының (Юнис Кеннеди Шрайвер атындағы бала денсаулығы мен адам дамуы ұлттық институты) қолдауымен жасалған.
2019 жылы бұл гель 400 жұп арасында екінші фазалық сынақтан сәтті өткен. Енді тек үшінші, соңғы фаза қалды — бұл FDA рұқсатын алу үшін қажет.
Гормонсыз контрацепция
Кейбір ықтимал ерлерге арналған контрацептивтер табиғаттан кездейсоқ жолмен табылған. Мұндай алғашқы мысалдардың бірі мақта өсімдігімен байланысты. 1929 жылы дәрігерлер мақта майын тұтынған ер адамдардың бедеулікке ұшырағанын байқаған. Кейінірек анықталғандай, мұның себебі — өсімдікте кездесетін госсипол заты, ол сперматозоидтардың түзілуін тежейді. Қытай мен Бразилияда жүргізілген клиникалық сынақтар оның тиімділігін растаған, алайда кейінгі зерттеулер мына жайттарды анықтады: кейбір ер адамдарда бедеулік қайтымсыз болған, сонымен қатар госсипол қан құрамындағы калий деңгейін қауіпті түрде төмендеткен.
Ұқсас жағдай Tripterygium wilfordii деп аталатын қытай өсімдігімен байланысты болған, ол көбіне «найзағай құдайының шыбығы» деген атаумен белгілі. Бұл өсімдікті үш айдан артық қабылдаған ер адамдар ұрықтылығын жоғалта бастаған — бұл құбылыс дәрігерлердің назарын аударды. Зертханалық сынақтар көрсеткендей, бұл өсімдіктің сығындылары шынымен де сперма өндірісін төмендетеді, бірақ сонымен бірге жанама әсерлері бар және ағза үшін уытты болып шыққан. Сондықтан бұл идея да кейінге шегерілді.
Гормонсыз баламаларды іздеу жалғасуда. Миннесота университетінің фармацевтикалық колледжінде жүргізілген зерттеу биылғы жылдың наурыз айында Communications Medicine журналында жарияланды. Ол ерлерге арналған алғашқы гормонсыз пероральді контрацептивті клиникалық сынақтан өткізуге негіз қалады.
YCT-529 деп аталатын бұл дәрі — өз санатындағы алғашқы ерлерге арналған, гормондарсыз және ауыз арқылы қабылданатын контрацептив. Бұл құрал Колумбия университеті (Нью-Йорк) және YourChoice Therapeutics компаниясымен бірлесе жасалған. Миннесота университетінің хабарлауынша, YCT-529 сперма өндірісін тоқтатады.
Зерттеу нәтижелері бойынша:
• Тышқандарда бұл дәрі бедеулік тудырып, қолданғаннан кейінгі төрт апта ішінде жүктіліктің алдын 99% жағдайда алған.
• Адамға ұқсас приматтарда дәріні қабылдағаннан кейін екі апта ішінде сперматозоид саны күрт төмендеген.
• Дәріні қабылдауды тоқтатқан соң, тышқандар мен приматтарда да ұрықтылық толық қалпына келген.
• Зерттеуге қатысқан топтардың ешқайсысында жанама әсерлер байқалмаған.
Алайда жануарларға жүргізілген сынақтар сәтті өтті дегеннің өзі адамдарда дәл сол әсер болады дегенді білдірмейді. Ал егер препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі расымен дәлелденсе, оның ресми тіркелуі мен мақұлдануы үшін әлі бірнеше жыл қажет болады.
Ерлерге арналған контрацептивтердің клиникалық сынақтарының ұзаққа созылып, мақұлдануы кешеуілдеп жатқан тұста, басқа әдістер де пайда бола бастады. Мысалы, Thoreme деп аталатын термокольце, оны Максим Лабрит өзінің гаражында ойлап тапқан, деп жазады DW. Сперматозоидтардың түзілуі температураға өте сезімтал, ал бұл сақина аталық бездерді денеге жақын етіп қысып ұстап, олардың табиғи жылуды сіңіруіне мүмкіндік береді. Температураны бірнеше градусқа көтеру уақытша бедеулікке әкелуі мүмкін.
Алайда Thoreme FDA немесе EMA сияқты ресми агенттіктерден мақұлдау алмаған. Сондықтан «декоративті құрал» ретінде ғана сатылуда.
Дәл осы температуралық әсерге негізделген тағы бір құрал — термоіш киім. Бұл идея 1930-жылдары Үндістанда дүниеге келген. Швейцариялық дәрігер Марта Фегели жүргізген тәжірибелер күнделікті ыстық ванналардың ерлердің ұрықтылығын төмендететінін көрсеткен. Бұл идеяны Францияның Тулуза қаласындағы ғалымдар жалғастырған. 1980-жылдары андролог Рожер Мьессе мен репродуктивтік биолог Луи Бужан ерлердің бала көтеру қабілеті мен контрацепция тақырыбын зерттеген. Сперматогенезге жоғары температураның жағымсыз әсерін бұрыннан зерттеп жүрген Мьессе арнайы іш киім үлгісін ойлап тапқан. 1987 жылы ол осы әдісті алғаш рет жариялады.
1994 жылы тулузалық екі дәрігер Халықаралық андрология журналында алдын ала зерттеу нәтижелерін жариялады. Онда тоғыз жұп қатысып, 150-ден астам етеккір циклі талданған. Бұл зерттеу термоіш киімнің тиімді, жағымсыз әсері аз әрі қайтымды әдіс екенін көрсетті.
Алайда сперматозоид санын айтарлықтай азайту (1 миллион/мл-ден төмен деңгейге) үшін мұндай іш киімді күніне кем дегенде 15 сағат бойы киіп жүру керек. Қазіргі кезде бұл іш киімді сатып алуға болады, бірақ ондай құрбандыққа кім дайын екені белгісіз.
Ақыр соңында, 10 минуттық операция арқылы енгізілетін ADAM гидрогелі мен иыққа жағылатын гормоналды гель қазіргі сәтте ең шынайы және жүзеге асуы жақын нұсқалар болып көрінеді.
Енді барлығы реттеуші органдардың шешіміне байланысты.








