Майкл Бьюрри Nvidia акцияларының құлдырауына бәс тікті

2008 жылғы тұрғын үй нарығының күйреуін болжаған, әрі «The Big Short» («Құлдырауға бәс тігу») фильміндегі басты кейіпкердің прототипі ретінде танымал инвестор Майкл Бьюрри басқаратын Scion Asset Management компаниясының бірінші тоқсандағы инвестициялық әрекеттері жария болды. Бьюрри Nvidia және Қытаймен байланысты бірқатар компаниялардың акцияларының құлдырауына жаңа «аю» позицияларын ашқан — бұл Дональд Трамп сауда соғысын бастағанға дейінгі кезеңге сәйкес келеді. Инвестор портфеліндегі жалғыз ұзақ позиция — косметика шығаратын Estee Lauder компаниясының акциялары.
Егжей-тегжейлі
АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) ұсынылған 13F формасындағы есепке сәйкес, Scion Asset Management бірінші тоқсанда портфеліндегі биржада сатылатын дерлік барлық акциялардан құтылған. Олардың қатарында:
PDD — Temu маркетплейсінің холдингтік компаниясы,
Molina Healthcare — АҚШ-тағы медициналық сақтандыру провайдері,
Canada Goose — Канадалық жылы киім өндірушісі,
JD.com, Baidu және Alibaba — Қытайлық интернет-ритейлерлер.
Бір мезгілде Бьюрри басқаратын хедж-қор миллиондаған доллар көлемінде пут-опциондар (құнның төмендеуіне бәс тігуге арналған келісімшарттар) сатып алған. Бұл позициялар Nvidia, Alibaba, PDD Holdings, JD.com, Baidu және Trip.com компанияларына қарсы бағытталған. CNBC мәліметінше бұл опциондардың нақты шарттары — орындалу бағасы, мерзімі мен көлемі — жарияланбаған.
Хедж-қордағы ең ірі позиция — Nvidia акцияларына қарсы пут-опциондар, олар бүкіл портфельдің 48,96% бөлігін құрайды және $97,5 млн деп бағаланып отыр.
Бьюрридің портфелінде жалғыз қалған ұзақ позиция — америкалық косметика өндірушісі Estee Lauder. Бірінші тоқсанда Scion компаниядағы үлесін екі есеге арттырып, оны 6,63%-ға жеткізді. 31 наурыздағы жағдай бойынша, бұл үлес $13,2 млн деп бағаланған. CNBC жазуынша Estee Lauder АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынастарына сезімтал компаниялардың бірі. Себебі компания табысының шамамен 26%-ы Қытайдан, ал 25%-ы АҚШ-тан түседі. Нью-Йорк қор биржасындағы премаркетте Estee Lauder акциялары 4,4%-ға қымбаттады, ал сауда барысында өсім 5,7%-ға жетті.
Контекст
Scion Asset Management портфеліндегі күрт өзгерістер жыл басында Қытай технологиялық акцияларының күшті өсуі аясында орын алды. Бұл өсімге DeepSeek компаниясының жасанды интеллект саласындағы серпілісі — ChatGPT-ге арзан балама ұсынуы себеп болды, деп жазады Bloomberg. Бірақ ЖИ технологияларына қатысты үміттің су сепкендей басылуы Nvidia және басқа технологиялық алыптардың акцияларын сатуға түрткі болды: инвесторлар жасанды интеллектке салынған ірі инвестициялардың тиімділігіне күмән келтіре бастады. Бұл жағдайға АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған сауда соғысы қосылып, жалпы нарықтағы тұрақсыздықты күшейтті. Bloomberg мәліметінше Бьюрри қытайлық техкомпанияларға салымдарын қысқартуды 2024 жылдың төртінші тоқсанында-ақ бастаған, сол кезде JD мен Alibaba-дағы үлесін азайтқан.
Инвестор үшін не маңызды
Scion Asset Management — төрт клиенті бар шағын хедж-қор, оның басқаруындағы жария етілуге жататын бағалы қағаздар портфелі $199,2 млн құрайды. Бұл қаражаттың барлығы дерлік қордың ең ірі он позициясына шоғырланған.
SEC ережесіне сәйкес, $100 млн-нан астам активтерді басқаратын барлық институционалдық инвесторлар әр тоқсан сайын 13F формасы арқылы өз позицияларын жария етуі тиіс. Дегенмен, бұл есеп 45 күн кешігіп беріледі, сондықтан жарияланған сәтте портфельдің нақты құрамы едәуір өзгеріп кетуі мүмкін екенін The Wall Street Journal атап өтеді.








