Сыра, банктер мен құпия компания: Баффеттің сауда соғысы қарсаңындағы инвестициялары

Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway холдингі жыл басында жасаған инвестициялық мәмілесін жария етті. Сауда соғысы қарсаңында қандай акциялардан бас тартып, қай акцияларды сатып алды?
Berkshire-тің бірінші тоқсандағы қадамдары
— Berkshire компаниясының ең ірі сатып алуы Constellation Brands акциялары болды. Бұл компания АҚШ-та Corona және Modelo брендтерімен сыра сатады. Бірінші тоқсанда Berkshire өз үлесін 113% ұлғайтты. 31 наурыздағы жағдай бойынша бұл үлес $2,2 млрд болып бағаланды.
— Berkshire қаржы секторындағы инвестицияларын қысқартты. Компания Citigroup банкінің және бразилиялық финтех-стартап Nu Holdings-тің капиталына иелігін толық тоқтатты. Сонымен қатар, Berkshire Bank of America-дегі үлесін 7%, ал Capital One-дегі үлесін 4% азайтты. Тоқсан соңында бұл банктердегі үлестері сәйкесінше $26 млрд және $1,3 млрд болып бағаланды.
— Apple акцияларымен қатарынан екінші тоқсан ешқандай мәміле жасаған жоқ, бұған дейін компания пакеттерін белсенді қысқартқан еді. Дегенмен, iPhone өндірушісіндегі $60 млрд-тан астам бағаланған үлесі — Berkshire-тің ең ірі инвестициясы болып қалуда. Акция портфелінің шамамен 25%-ын құрайды.
— Berkshire АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясынан бір немесе бірнеше инвестиция туралы мәліметті жасырын ұстауға рұқсат сұрады. Barron’s басылымының жазуынша, бұл Баффеттің әлдебір компаниядағы үлесін жасырын түрде ұлғайта беру үшін қажет болуы мүмкін — инвесторлардың қызығушылығын оятып, бағаның өсуін болдырмас үшін. Осыған ұқсас әдісті Chubb сақтандыру компаниясының акцияларын сатып алғанда да қолданған, бұны ол 2024 жылы жариялаған.
— Berkshire Hathaway қатарынан оныншы тоқсанда сатып алғанынан көп акция сатты. 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы сату мен сатып алу арасындағы айырма $1,5 млрд болды.
Контекст
Соңғы жылдары Уоррен Баффет ірі мәміледен бойын аулақ ұстап, қолма-қол қаражат қорын рекордтық деңгейге дейін ұлғайтып жатыр. Бірінші тоқсанның соңында Berkshire-тің «қаржылық жастығы» $350 млрд-қа жуықтады.
Баффет мамыр басындағы акционерлер жиналысында Berkshire жақында $10 млрд көлемінде инвестиция салуға дайын шақ қалғанда келісім жүзеге аспай қалғанын айтты. Нақты қандай компания екенін айтпады.
Сондай-ақ, жуырда болған қор нарығының құлдырауы, S&P 500 индексі ақпандағы максимум көрсеткішінен 20%-ға төмендегені — «шындығында ештеңе емес» деді ол. Өйткені Berkshire Hathaway акциялары құнының жартысына дейін төмендеп кеткен кездер де болған. Биыл Berkshire акцияларының құны 10%-дан аса өсті. Ал кең нарық индексі S&P 500 небәрі 1%-ға да жетпейтін өсім көрсетті.
Инвестор үшін маңызды
Berkshire 15 мамырда жариялаған келісімдер бірінші тоқсан ішінде жүзеге асырылған. Бұл тоқсан АҚШ президенті Дональд Трамп импорттық баж салығын күрт көтеретінін жариялап, қор нарығының құлдырауына себепші болған күннен екі күн бұрын аяқталған.
АҚШ-та Berkshire секілді ірі инвесторлар әрбір күнтізбелік тоқсанның соңында акцияларға салған инвестициялары туралы 13F формасындағы есеп беруі тиіс, құжат тапсыру мерзімі — 45 күн. Сондықтан The Wall Street Journal басылымының жазуынша, есеп жарияланған кезде ондағы мәліметтер ескіріп қалуы мүмкін. Соған қарамастан, инвесторлар мен сарапшылар әрқашан Berkshire есептеріне жіті назар аударады — бұл Баффет пен оның командасының әрекетін түсіну үшін маңызды. Есептерде нақты кімнің шешім қабылдағаны көрсетілмеген, мүмкін: Баффет, болашақ бас директор Грег Абель, портфельді басқарушы Тодд Комбс пен Тед Вешлер. Бірақ басылым акциялар портфелінің шамамен 90%-ын — 94 жастағы Баффет басқаратынын жазды.








