«Әлемге бейімделуге тура келеді»: Баффеттің жас инвесторларға арналған алты кеңесі

Бұл миллиардердің жыл сайынғы Berkshire Hathaway жиналысындағы басшы ретінде жасаған соңғы баяндамасы болды.
Berkshire Hathaway компаниясының жыл сайынғы жиналысында Уоррен Баффет күтпеген жерден өз орнын жыл соңына дейін мұрагері Грег Абелге тапсыратынын мәлімдеді. Баффет бұл қызметті 60 жыл бойы атқарып келді. Инвесторлық түйсігімен танылған миллиардердің идеяларын әлемнің түкпір-түкпіріндегі нарық ойыншылары қадағалап отырады. «Алайда енді шешімді Грег Абель қабылдайды», деп уәде берді Баффет. Бірақ ол өз қызметіне «жақын жүретінін» де айтты. Ол кететінін төрт сағаттан астам уақытқа созылған сұрақ-жауап сессиясының ең соңында хабарлады. Oninvest бұл жиынды онлайн бақылап отырды. Бүгін біз 60 жылдық тәжірибесі бар инвестордың жас буынға айтқан ақыл-кеңестерін ұсынамыз.
Эмоциялар мен икемділік туралы
Жақында АҚШ-тың бірнеше елге қатысты кең ауқымды баж салығын енгізуінен кейінгі қаржы нарықтарында болған құлдырауды Баффет үлкен оқиға деп санамайды. «Соңғы 30-45 күнде болған жағдай — шын мәнінде ештеңе емес», — деді ол. Сондай-ақ ол өз басқаруындағы Berkshire Hathaway компаниясының акциялары 60 жылда үш рет екі есеге дейін құлағанын атап өтіп. «Бұл мүлдем драмалық аюлы нарық немесе соған ұқсас нәрсе емес. Егер сізді құлдырап жатқан нарықтар қорқытса, ал өрлеген нарықтар сізді шабыттандырса... Адамдардың эмоциялары бар, бірақ инвестиция жасаған кезде оларды ұмыту қажет», — деп кеңес берді Баффет.
Портфеліндегі құбылмалы құндарға алаңдамай тұра алмайтындарға Баффет инвестициялық стратегияны қайта қарауды ұсынды. Berkshire басшысы әлемде де, қаржы нарығында да күтпеген жағдайлар үнемі орын алатынын еске салып, бәрі жақсы болғанда қуанып, жаман болғанда қорқатын адам үшін қор нарығы — «өте қорқынышты орта» екенін айтты.
«Егер әлемдегі өзгерістер сіздің инвестициялық мақсаттарыңызды өзгертетін болса, онда жағдайға басқаша қарау керек. Акцияларыңыздың құны 15%-ға төмендеді ме, жоқ па — егер сіз үшін бұл маңызды болса, онда сізге сәл басқа инвестициялық философия қажет. Әлем сізге бейімделмейді. Сізге әлемге бейімделуге тура келеді», — деп ескертті Баффет.
«Мысалы, келесі аптада Berkshire акциялары 50%-ға құлдырап кетсін делік. Мен мұны керемет мүмкіндік ретінде қабылдар едім және бұл мені еш алаңдатпас еді. Ал көпшілік мұндай жағдайда мүлде басқаша әрекет етеді. Менде акция бағасына қатысты ешқандай эмоция жоқ. Шын мәнінде, шешімдер бірден миыма жетеді, ал эмоциялар жолда қалып қояды», — деді Баффет.
Төзім туралы
Инвестицияда сабыр сақтаудың қажеті бар ма деген сұраққа жауап берген Уоррен Баффет, өзінің әдеттегі байыптылығына қарамастан, кей кездері жылдам әрекет ету керек екенін айтты. Оның айтуынша, Berkshire көп табысқа нақты әрі жедел шешім қабылдай білуінің арқасында жеткен.
«Жақсы мүмкіндік туғанда – міне, сол кезде төзімділік танытуға болмайды. Төзімділік – дәл сондай сирек сәттерді күту үшін қажет. Ал шынымен мағынасы бар мәмілеге келгенде кідірмеген жөн. Және ешқашан жүзеге аспайтын нәрселер туралы әңгіме айтып отыратын адамдарға да төзімділік танытудың қажеті жоқ», – дейді Баффет.
Тағы бір сұраққа жауап бере отырып, Баффет әрдайым жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді іздеуде екенін айтты. Алайда, «шынымен тартымды мүмкіндіктер өте сирек кездеседі», – деп қынжылды инвестор. Ол компания шоттарында қолма-қол қаражаттың тым көп болғанын құптамайтынын, тіпті оларды 50 миллиард долларға дейін қысқартқысы келетінін жеткізді.
«Жақында біз 10 миллиард доллар жұмсауға шақ қалдық. Біз 100 миллиард доллар жұмсауға да дайынбыз. Егер бізге түсінікті, мағынасы бар әрі құндылығы жоғары мүмкіндік туса, шешім қабылдау қиын емес. Инвестиция саласындағы басты мәселе – мүмкіндіктер ешқашан ретімен келмейді. Және бұл ешқашан өзгермейді», – деді Баффет сессия барысында.
Орта мен мансапты таңдауға қатысты
Жас инвесторлар өздерінің инвестициялық ұстанымдарын қалай қалыптастыруы керек деген сұраққа жауап берген Уоррен Баффет ең алдымен қоршаған орта мен араласатын адамдардың маңызына тоқталды:
«Сіз өзіңізден мықты адамдармен араласуыңыз керек. Себебі сіз өзіңіз байланыста болған адамдар қай бағытқа кетсе, сол бағытта өзіңіз де қозғала бастайсыз», – деді ол.
Баффеттің өмірге деген көзқарасқа қатысты кеңестері оның инвестициялық идеяларынан бір мысқал да кем бағаланбайды. Мысалы, ол мынадай өмірлік кеңес айтты:
«Менің ойымша, бақытты адам өзіне ұнамайтын істермен айналысатын адамға қарағанда ұзақ өмір сүреді».
Компанияны басқаруды Грег Абельге тапсыру тақырыбын сөз еткен Баффет жастарға мамандық пен мансапты таңдауға қатысты мынадай кеңес берді: «Сіз өзіңізге ұнайтын іспен айналысуыңыз керек».
Оның пікірінше, қызметкерлер көбіне айналасындағы әріптестерінің әдеттерін сіңіріп алады, сол себепті жұмыс орнын таңдағанда аса мұқият болу қажет. Сонымен қатар, басшылықтың да қандай екенін ескеріп бағалаған жөн. Ал бастапқы жалақыға аса қатты мән берудің қажеті жоқ дейді миллиардер: «Егер сізге сол ортада жұмыс істеу ұнайтын болса — демек, бұл сізге арналған дұрыс орын», – деді ол.
Ал егер біреу Berkshire компаниясына жұмысқа орналасқысы келсе, Баффеттің кеңесі қарапайым: «Білімге құштар болыңыз және көп оқыңыз».
АҚШ экономикасы туралы
Баффет ел экономикасының бағытына қатысты алаңдаушылықтар артып келе жатқанына қарамастан, Америка Құрама Штаттарының болашағына әлі де толық сенімді.
«Біз аграрлық қоғам ретінде бастадық. Біз үлкен үмітпен құрылған қоғам едік, бірақ сол уәделердің барлығы бірдей орындала бермейтін. Біз үнемі өзгеріс үстіндеміз. Ел ішінде әрқашан сын айтатын себептер табылады, бірақ менің өмірімдегі ең сәтті күн — туған күнім, өйткені мен Америка Құрама Штаттарында тудым», — деді инвестор.
«Біз ауыр дағдарыстарды бастан өткердік, әлемдік соғыстардан өттік, мен дүниеге келген кезде ешкім армандамаған атом бомбасының пайда болғанына куә болдық. Сондықтан біз әлі шешімін таппаған мәселелерге бола уайымдаудың қажеті жоқ, — деп сөзін жалғастырды Баффет.
Доллар жайлы
АҚШ нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты доллардың тартымдылығы төмендегені жөнінде пікір білдірген Баффет валюталық тәуекелдерді басқару үшін тоқсан сайын немесе жыл сайын ешқандай арнайы әрекет жасамайтынын айтты.
«Әрине, егер қандай да бір валютаның құнсызданатынына сенсек, біз ол валютамен көрсетілген активтерді иеленбес едік», — деп әзілдеді ол. Сонымен қатар, Баффет АҚШ-та кейбір оқиғалар орын алуы мүмкін екенін жоққа шығармады, сол себепті Berkshire басқа валюталарды көбірек ұстауға ұмтылуы ықтимал екенін де атап өтті.
Сәтсіздіктер туралы
Акционерлердің бірі өмірдегі сәтсіздіктермен қалай күресу керектігі жайында кеңес сұрады. Баффет былай деп жауап берді: «Мен жаман нәрселерге емес, жақсы болған жайттарға көңіл бөлер едім. Тағдыр ауыр соққылар жасаса да, өмір бәрібір ғажап болуы мүмкін».








