Баффет акцияларын сатып, Berkshire-тің қолма-қол қаражаты 350 млрд долларға жетті

Жылдың басында қор нарығындағы құлдырау мен инвесторлардың жаппай акция сатуына байланысты Уоррен Баффет те өз компаниясы Berkshire Hathaway-дің портфеліндегі кейбір акцияларды сатуды жалғастырды. Қаңтар мен наурыз аралығында Berkshire Hathaway шамамен 4,7 млрд долларға акция сатқан, ал сатып алынған акциялардың көлемі 3,2 млрд доллар шамасында болған. Бұл туралы компанияның Омахадағы жыл сайынғы акционерлер жиналысы алдында жарияланған есепте айтылды.
Berkshire он тоқсан қатарынан акцияларды сатуды жалғастырып келеді, деп хабарлайды Financial Times. Соңғы мәмілелер компанияның қолма-қол қаражатын жаңа рекордтық көрсеткішке — 348 млрд долларға дейін жеткізді.
Berkshire Hathaway акционерлер жиналысы алдында бірнеше мәліметтерді жария етті
— Компанияның бірінші тоқсандағы операциялық табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,1% төмендеп, 9,64 млрд долларды құрады. Баффет бұл көрсеткішті негізгі деп есептейді, өйткені ол акциялар құнының тоқсан сайын ауытқуына тәуелсіз есептеледі.
— Таза табыс, яғни акциялардағы инвестициялардың іске аспаған (әлі сатылмаған) пайдасы мен шығынын ескеретін көрсеткіш, шамамен 64% төмендеп, 4,6 млрд долларды немесе A санатты бір акцияға шаққанда 3200 долларды құрады. Associated Press атап өткендей, бұл көрсеткішке Калифорниядағы орман өрттерінен келген шығындар әсер еткен.
— Бірінші тоқсанда Berkshire өз акцияларын нарықтан қайта сатып алмаған.
Инвесторлар үшін маңызды
2025 жылы Berkshire акциялары 18%-дан астамға өсті, ал АҚШ-тың кең қор нарығының индексі S&P 500 бұл кезеңде 3%-ға жуық төмендеді.
Сенбі күні Уоррен Баффет Омахадaғы Berkshire акционерлерінің жиналысында сөз сөйлейді. Бұл — АҚШ импорттық баж салығын көтеріп, жаһандық нарықтарда жаппай сатылым туындағаннан кейінгі Баффеттің алғашқы жария сөзі болмақ.








