БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Баффеттен инсайдтар: кэш, келісімдер және сабыр

Весна Педченко

Весна Педченко

Oninvest редакторы
Баффеттен инсайдтар: кэш, келісімдер және сабыр

3 мамырда Омахада өтетін дәстүрлі жыл сайынғы акционерлер жиналысы қарсаңында Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway қоры рекордтық көлемде – $300 млрд астам кэшпен отыр. Соңғы тоқсандарда Баффет Apple мен Bank of America сияқты ірі позицияларын қысқартқан болатын. Ал биылғы нарықтағы тұрақсыздық кезінде оның алысты болжайтын данышпандығы тағы да жоғары бағаланды.

Көп инвесторлар жиналыс кезінде Баффеттің АҚШ-Қытай арасындағы «қарымта баж салықтарына» дейінгі және кейінгі әрекеттерін, ол нарықтағы түзетулерді пайдаланды ма, сондай-ақ алдағы ірі мәмілелер жайлы пікірін білгісі келеді. 94 жастағы инвестор үшін бұл — сирек баяндамаларының бірі, сондықтан әр сөзін – нарық ерекше назар салып тыңдайды.

Berkshire-дің қазіргі ахуалы

Баффеттің Berkshire компаниясы – көптеген инвесторлар портфелінде шығын байқалған тұста өсу көрсетіп отырған санаулы корпорациялардың бірі. Barron’s басылымының мәліметінше жыл басынан бері Berkshire акциялары 17%-ға өскен – бұл 2007 жылдан бергі S&P 500-ден ең үлкен алшақтық. Bloomberg мәліметі бойынша Баффеттің жеке капиталы $24 млрд-қа өсіп, әлемдегі ең бай 4-адам атанды.

Тұрақсыз нарық пен геосаяси шиеленіс кезінде Berkshire – инвесторлар үшін сенімді «саф орын». CFRA зерттеу орталығының вице-президенті Кэти Сайферттің айтуынша Баффет қысқа табысқа емес, ұзақмерзімді құндылыққа мән беретін стилімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, Berkshire-тің сақтандыру бизнесі жаһандық сауда қақтығыстарына аз тәуелді.

Дегенмен, Barron’s жазуынша дәл қазір Berkshire акцияларын сатып алу аса тиімді емес. АА класындағы акциялар баланстық құннан 1,7 есе қымбат – бұл 2007 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ал P/E мультипликаторы (акция бағасының пайдаға қатынасы) – 25. S&P 500-де бұл көрсеткіш – шамамен 20. Сарапшылар Berkshire табысы биыл да, келесі жылы да қатты өспейді деп болжайды.

Баффеттің өзі де акциялардың қазір қымбат екенін мойындайтын болуы мүмкін: Berkshire 2024 жылдың мамырынан бастап 2025 жылдың наурызына дейін өз акцияларын қайта сатып алған жоқ. Салыстыру үшін: 2020 және 2021 жылдары компания акцияларын $24 млрд-қа қайтарып алған.

Баффет пен тарифтер

Инвесторлар Баффеттің сауда соғысы туралы көзқарасын, АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа қатысты пікірін білгісі келеді. Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығын Баффет «белгілі бір дәрежеде соғыс әрекеті» деп атаған.

Көпшілікті қызықтыратын сұрақ – Баффет нарықтағы құлдырау кезінде $300 млрд артық кэшті іске жаратты ма? Barron’s жазуынша инвесторлар 2022 жылғы сценарий қайталана ма деп күтуде. Ол кезде Баффет $50 млрд көлемінде сатып алулар жасап, Occidental Petroleum және Chevron акцияларын алған.

Алайда KBW сарапшысы Мейер Шилдс инвесторлар тым үлкен мәмілелер күтіп, көңілі қалуы мүмкін екенін ескертеді. Соңғы 5 жылдың ішінде Berkshire көбінесе активтерді сатып жіберіп, сатып алудан тартынып жүр. Соңғы ірі мәміле 2016 жылы болған – Precision Castparts компаниясын $34 млрд-қа сатып алған. Бұл инвестиция сәтсіз болған еді.

Шилдстің айтуынша кэш жинаудың тағы бір себебі – мұрагер Грег Абель үшін сақтық қорын қалыптастыру. Егер Баффеттен кейін акциялар құлдырай қалса, Абель сол қор есебінен акцияларды кері сатып ала алады.

Қандай мәмілелер күтілуде?

Нарықта талқыланатын ықтимал мәмілелер қатарында – Occidental Petroleum-тың қалған 72% үлесін сатып алу, сондай-ақ D.R. Horton немесе Toll Brothers сынды ірі құрылыс компанияларын сатып алу. Баффет қазіргі уақытта бесжылдық минимумда тұрған PepsiCo акцияларына да қызығушылық танытуы мүмкін. Бірақ Barron’s пікірінше, ол Coca-Cola-ға деген адалдығы үшін PepsiCo-ны алмайды.

WSJ-дің дерегі бойынша, Berkshire-тің капитализациясы $1 трлн-нан асқандықтан, қандай да бір жаңа инвестицияның әсері болу үшін ол аса ірі болуы керек. Автор Алекс Моррис тіпті Coca-Cola немесе American Express акцияларын толығымен сатып алып, оларды жекеменшік компанияға айналдыру нұсқасын ұсынады.

Berkshire Баффеттен кейін

Сондай-ақ инвесторлар Баффеттің денсаулығы мен көңіл-күйіне алаңдаулы. Ол тамызда 95 жасқа толады. Ақпандағы дәстүрлі хатында Баффет мұрагері ретінде Грег Абельді атап, оның қазіргі уақытта компанияның сақтандырудан тыс активтерін басқарып отырғанын жазған.

Barron’s мәліметінше Berkshire бренді Баффет есімімен өте тығыз байланысты, бұл – инвесторлар үшін белгілі бір тәуекел. KBW сарапшысы Шилдс: «Ол – CEO тарихындағы ең танымал тұлға. Көптеген инвесторлар Berkshire акциясын Баффет үшін ұстайды» дейді.

Биылғы жиналыста «сұрақ-жауап» сессиясы бір сағатқа қысқарады. Соңғы жылдары Баффет жалпыға арналған сөз сөйлеулер санын күрт қысқартты. Сондықтан бұл – оны көруге болатын сирек мүмкіндік.

Жетекші құрамдағы басқа өзгерістер де болуы мүмкін. Атап айтқанда, 73 жастағы Аджит Джайн – сақтандыру бизнесінің кілт фигурасы – зейнетке кетуі мүмкін. MarketWatch сұрағына сай: «Абель – 62 жаста. Джайн – 73-те. Компанияда келесі буын көшбасшылары кімдер?».

Дивиденд туралы сұрақ

Тағы бір маңызды мәселе – Баффет кеткеннен кейін Berkshire дивиденд төлей ме? Өзінің айтуынша Баффет әрдайым кэшті өзі басқарған тиімді деп санайды.

Алайда Barron’s пікірінше, мұрагерлік өткен соң бұл саясат өзгеруі мүмкін. Alphabet пен Meta сияқты компаниялар да бастапқыда дивидендке қарсы болған, бірақ соңында төлеуге кірісті. KBW сарапшысы Шилдс: «Бұл – корпоративтік мәдениетті бұзбай-ақ жаңа басшы ретіндегі көшбасшылықты көрсету тәсілі» дейді. Дивидендтер Абельге Berkshire пайдасын тиімді инвестициялау қысымын да азайтады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары