Cartier өндірушісі сатылымды сақтап қалды. Сарапшылар акция алуға кеңес береді

Уолл-стриттегі ең оптимистік болжамдардың бірін JPMorgan ұсынды — олар Richemont акцияларының шамамен 13%-ға өсетінін күтеді.
Cartier мен Van Cleef & Arpels сағат және зергерлік бұйымдар брендтеріне иелік ететін Richemont жаһандық тұрақсыздық салдарынан сән-салтанат тауарлары секторына түскен қысымға қарамастан сатылымды төмендетпей сақтап қалды. Сарапшылар швейцариялық компанияның акцияларын Дональд Трамп енгізуі мүмкін сауда бажынан ең аз зардап шегетін активтердің бірі деп атап отыр. 16 мамырдағы саудада Richemont акциялары соңғы екі айдағы ең жоғары деңгейге көтерілді.
Егжей- тегжейі
Richemont 2025 қаржы жылының төртінші тоқсанында 5,17 млрд еуро табыс тауып, сарапшылар күткеннен жоғары нәтиже көрсетті.
2025 қаржы жылының 31 наурызда аяқталған төртінші тоқсанында Richemont сатылымы 8%-ға артып, 5,17 миллиард еуроға жетті. Сарапшылар 5,14 миллиард еуро түсім болады деп болжаған еді, деп жазды The Wall Street Journal Visible Alpha деректеріне сілтеме жасап. Жалпы алғанда, жылдық сатылым 4%-ға өсіп, 21,4 миллиард еуроны құрады.
Bloomberg-тің хабарлауынша, компанияның зергерлік бұйымдар сегменті жыл қорытындысы бойынша 8%-ға өсіп, сарапшылар күткен 7,5%-дық өсімнен асып түсті. Ал төртінші тоқсанда бұл бөлімше табысын 11%-ға арттырды. Richemont-тың жалпы табысының шамамен 72%-ы дәл осы зергерлік бұйымдар бағытына тиесілі.
Ал сағат өндірісі бойынша жағдай сәл әлсіздеу: бұл бөлімшенің төртінші тоқсандағы сатылымы 11%-ға төмендеп, 759 миллион еуроны құрады. WSJ-дың жазуынша, бұған басты себеп — қытай нарығына жоғары тәуелділік пен жаһандық сағат нарығындағы баяулау.
Америка аймағында, соның ішінде негізгі нарық — АҚШ-та төртінші тоқсанда сатылым 16%-ға өсті. Richemont компаниясының бас атқарушы директоры Николя Бос WSJ-ға берген сұхбатында: «Америкалық нарықта өсім серпінді жүріп жатыр, бұл үрдіс жалғасын табады деп үміттенеміз», — деді. Еуропада сатылым 13%-ға, Жапонияда — 22%-ға артты. Ал Қытайды қоса алғанда Азия-Тынық мұхиты аймағында сатылым 7%-ға төмендеді.
Richemont директорлар кеңесінің төрағасы Йохан Руперт: «Қытайдағы сатылым тұтынушылар өздерін сенімді сезіне бастағанда қайта қалпына келеді», — деп атап өтті. Ол сонымен қатар: «Бес қозғалтқышың болса, біреуі істен шықса да, қалған төртеуі жұмыс істей береді — бұл жақсы жағдай», — деп басқа аймақтардағы мықты нәтижелерді осылай бағалады.
Инвестор үшін маңызды жайттар
Richemont компаниясы келесі даму кезеңіне жақсы дайындалғанын мәлімдеді. Дегенмен жаһандық белгісіздік икемділік пен тәртіпті талап етеді. Компания сауда баж салығына жауап ретінде бағаның көтерілуін де жоққа шығармайды.
Bloomberg-тің жазуынша, Richemont сұраныстың төмендеуімен бәсекелестеріне қарағанда әлдеқайда сәтті күресіп келеді. Бұған зергерлік бұйымдардың экономикалық құлдыраулар мен сән үрдістерінің өзгерісіне азырақ тәуелді болуы әсер етеді. Осы ретте, зергерлік брендтері (Bulgari және Tiffany) бар француздық LVMH сәтсіз тоқсандық нәтижелер көрсетті. Бұл компания экономикалық ахуалға тәуелді киім мен сөмке сынды тауарларға көбірек байланған.
Қаржылық есеп жарияланғаннан кейін Richemont акциялары бірден 7,7%-ға қымбаттап, 166,9 швейцарлық франкке ($199,3) жетті. Бұл — 14 наурыздан бергі ең жоғары көрсеткіш. Соңғы 12 айда компанияның акциялары Швейцария биржасында шамамен 20%-ға өскен.
Сарапшылар не дейді?
Сауда баж салығы туралы хабар тараған соң, люкс брендтердің акциялары биржада күрт арзандады. Инвесторлар жаңа сауда саясаты мен құбылмалы нарық премиум тауарларға сұранысқа кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді, деп жазды Barron’s. Алайда жоғары бағаны ұстап тұра алу мүмкіндігі кейбір люкс компаниялардың акцияларын «тыныш айлаққа» айналдырады. TD Cowen мен Citi сарапшылары дәл осы санатқа Richemont пен Hermes-ті жатқызды.
Vontobel сарапшысы Жан-Филипп Берши: «Richemont қаржылық жылды табысты аяқтап, зергерлік нарықтағы үлесін арттырып келеді. Бұл өсім мен кіріс, әсіресе негізгі бәсекелесі LVMH-пен салыстырғанда, әсерлі», — дейді. Айта кетейік, LVMH бірінші тоқсанда күткеннен әлсіздеу нәтижелер көрсеткен.
16 мамырда Bernstein сарапшысы Лука Солка Richemont акцияларына қатысты «сатып алу» ұсынысын сақтап, мақсатты бағаны 155 швейцарлық франк деңгейінде қалдырды. UBS сарапшысы Зузанна Пуш та сол кеңесті беріп отыр, бірақ оның болжамынша, акциялар 10%-ға өсіп, 171 франкқа жетуі мүмкін. JPMorgan сарапшысы Кьяра Баттистини де «сатып алу» рейтингін қалдырды, ал оның мақсатты бағасы — 175 франк. Бұл — ең оптимистік болжамдардың бірі, шамамен 13% өсім күтеді. Jefferies сарапшысы Джеймс Гжинич те «сатып алу» ұстанымын өзгертпей, бірақ мақсатты бағаны 140 франк деңгейінде қалдырды — бұл шамамен 10% арзандауы мүмкін екенін білдіреді. Deutsche Bank болса Richemont акциялары үшін «ұстау» рейтингін растады, ал мақсатты бағасы — 150 франк. Бұл шамамен 3% төмендеуді білдіреді.








