8 трлн долларлық нарық: Ұзақ өмірден кім пайда табады?

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) бірнеше рет ескерткен халықтың қартаюы тек мемлекеттік зейнетақы жүйелері мен күтім саласындағы дағдарысқа ғана емес, сонымен қатар табыс көзіне де айналуда.
Швейцариялық UBS банкі халықтың қартаюын алдағы онжылдықта акциялар өсімін ынталандыратын «трансформациялық жаңалықтар үшін мүмкіндік» ретінде қарастырады. CNBC-дің хабарлауынша, банктің бағалауынша, ұзақ өмір сүру саласының жыл сайынғы нарығы 2,5 трлн долларға ұлғайып, 2030 жылға қарай 8 трлн долларға жетеді.
Қазіргі таңда UBS-тің ұзақ өмірге қатысты портфелі негізінен денсаулық сақтау саласындағы компаниялардан құралған. Дегенмен, банк зейнетақы жоспары мен қаржылық тұрақтылық саласындағы мүмкіндіктерді де көріп отыр.
Осыған ұқсас пікірді Morgan Stanley де ұстанады. Банктің талдаушысы Майкл Сайприс өмір сүру ұзақтығының артуы активтер мен капиталды басқару индустриясына «елеулі әсер» етеді деп санайды. Адамдар ұзақ өмір сүретін болған соң, оларға зейнетке жеткілікті капитал жинау қажет болады. Бұл өз кезегінде қаржылық кеңес беру нарығында өсім тудырады. Morgan Stanley болжауынша, зейнетақыны жоспарлау қызметтері 2028 жылға қарай қаржы компанияларына 400 млрд доллар қосымша табыс әкеледі.
Ұзақ өмірден кім пайда таба алады? Morgan Stanley Blackstone мен Brookfield компанияларын атайды. Екеуі де клиенттерге ұзақ мерзімді төлемдер беретін аннуитеттер мен инвестициялық шешімдер ұсынады. Сондай-ақ, BlackRock компаниясы да тізімде бар. Мысалы, олардың LifePath Paycheck деген қорында клиент белгілі бір уақытқа дейін капитал жинап, кейін сақтандыру серіктестіктерімен бірге табыс алып отыра алады. Бұдан бөлек, Morgan Stanley Bank of America банкі де ұтады деп санайды, өйткені ауқатты клиенттерден жеке зейнетақы жоспарларына сұраныс артады.
Ұзақ өмір – жаңа статустың символы
Мұның бәрі тек қаржымен шектелмейді. Қазіргі кезде ұзақ өмір дегеніміз – жастықты ұзарту, өмір сапасын сақтау және оны жақсарту амалдарының жиынтығы.
«Ұзақ өмір сүру – бүгінде әлеуметтік статус символына айналды», – дейді The Future Laboratory стратегиялық болжау бөлімінің директоры Алекс Хокинс Financial Times газетіне. Оның айтуынша, болашақта бұл сән мен қымбат аксессуарлардың орнын басуы мүмкін. Статустың маңызды өлшемі – адамның қандай ем-дом түрлеріне қол жеткізе алатыны және қартаюды бақылау құралдарының қандай екені болмақ.
Vogue Business 2024 жылғы қарашада жазғандай, тұтынушылар ұзақ өмірге жету үшін арнайы алдын алу шешімдеріне қаржы құюда.
Euromonitor агенттігінің 40 мыңнан астам тұтынушыны қамтыған сауалнамасы адамдардың ұзағырақ өмір сүру үшін күнделікті әдеттерін өзгертіп жатқанын көрсетті.
McKinsey мамандары 2025 жылғы мамырдағы есебінде: АҚШ-та тұтынушылардың 84%-ы, Ұлыбританияда – 79%-ы, Қытайда – 94%-ы денсаулықты сақтауды «негізгі» немесе «маңызды» басымдық деп есептейтінін жазды. АҚШ-та адамдар денсаулыққа жылына 500 млрд доллардан астам қаржы жұмсайды. McKinsey жаһандық салауатты өмір салты нарығын 2 трлн долларға бағалайды.
Аға буын өз денсаулығына белсенді қарайды, бірақ нарықты алға сүйреп отырған – миллениалдар мен зумерлер. Миллениалдар көбіне физикалық денсаулыққа көңіл бөлсе, зумерлер кешенді тәсілді ұстанады: жақсы ұйқы, зейін мен сыртқы келбетті қамтитын өмір салты.
АҚШ-та Z ұрпағы мен миллениалдар ересек тұрғындардың 36%-ын құрайды, бірақ олар салауатты өмірге арналған жылдық шығындардың 41%-ын жасайды. 58 жастан асқандар (35% халық) – небәрі 28%.
Бұл тұжырымдар басқа өңірлерге де тән. McKinsey сарапшыларының айтуынша, жастар мен орта жастағылар өзін жиі шаршаңқы, күйзелген күйде сезінеді, ал әлеуметтік желілердегі шексіз кеңестер мен жасартатын трендтер оларды тауар сатып алуға итермелейді.
Ұзақ өмір – гаджетпен және жасанды интеллектпен
Миллениалдар мен зумерлер – гаджеттер мен трекерлерге сенеді. Егде жастағылар да оларды қолданады, бірақ сирек.
Vogue Business Euromonitor мәліметтеріне сүйеніп, смарт құрылғыларды қолданушылар саны 2020 жылдан бері үнемі өсіп келе жатқанын жазады. Бүгінде трекерлер тек қадам мен калорияны емес, ұйқы сапасын, глюкоза деңгейін, жүрек ритмін, күйзеліс, етеккір циклі мен ұрықтылықты бақылай алады.
Stylus зерттеу агенттігінің трендтер жөніндегі бас редакторы Эмилия Морано-Уильямстың айтуынша, брендтер бұл құрылғыларды спорт немесе фитнес үшін емес, денсаулық саласындағы көмекші ретінде насихаттап отыр.
Apple, Samsung, Oura Health, Garmin, Zoe, Flo сияқты компаниялар нақты уақыт режимінде дерек пен талдау ұсынады. Ендірілген жасанды интеллект ассистенттері тек мәселе туралы ескертіп қоймай, оны шешу жолдарын, арықтау бағдарламаларын, жаттығу кешендерін, ұйқы мен тамақтану бойынша кеңестер береді.
Мысалы, Whoop – адамның денсаулығы жөніндегі деректерді түсінуге көмектесетін ЖИ-жаттықтырушы ұсынады. Google Pixel Watch сағаты дене қызуы мен жүрек соғуы жиілегенін байқаса, тыныс алу жаттығуларын ұсынады. Flo етеккір цикліндегі ауытқуларды байқаса, дәрігерге жүгінуге кеңес береді.
Ал Apple Watch соңғы жаңартуларында пайдаланушыны жігерлендіретін, прогрессін бақылап, нәтижесін түсіндіретін ЖИ-жаттықтырушы пайда болды. 2019 жылы Time 100 саммитінде Apple бас директоры Тим Кук: «Бір күні адамдар өткенге қарап, Apple-дің адамзатқа қосқан ең үлкен үлесі – денсаулық саласы болды деп айтады» деген еді.
Қартаю – қымбат әрі ұзақ үдеріс
Euromonitor атап өткендей, ұзақ өмір мен денсаулыққа қатысты тағы бір өсіп келе жатқан нарық – биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ).
Financial Times шолушысы Кэрола Лонгтың жазуынша, темекіден бас тарту, дене белсенділігін арттыру, жалғыздықтан аулақ болу сияқты ұзақ өмірдің дәлелденген тәсілдері көпшілікті онша қызықтырмайды. Керісінше, адамдар қымбат әрі коммерциялық процедураларға жүгінеді.
Мысалы, Euromonitor NAD+ пептиді бар тамшылардың танымалдығы артқанын айтады. Компания болжамынша, 2025 жылы әлем бойынша витаминдер мен қоспалар сатылымы 139,9 млрд долларға жетеді. Бұл өнімдер көбіне арықтаудан бастап психологиялық саулық пен тамақтану қолдауы үшін қолданылады.
Сұлулық индустриясы мен люкс косметика да ұзақ өмір трендін игере бастады.
FT мысал ретінде Dior-дың L'Or de Vie La Crème кремін келтіреді. 50 мл үшін бағасы – 1600 еуро. Ол құрамында Golden Drop Life Technology деген ұзақ өмірдің «эликсирі» бар, оның басты ингредиенті – супероксиддисмутаза антиоксиданты. Бұл ақуыз ұзақ өмір сүретін тіршілік иелерінде белсендірек бөлінеді. Сонымен қатар, кремде NAD+ те бар.
Тағы бір мысал – Швейцариялық Loya бренді. Бұл компания 2025 жылдың 13 мамырында SkyLab биотехнологиялық инкубаторымен бірлесіп іске қосылды. Олар «қартаю – тек физикалық емес, эмоционалдық тәжірибе» деген идеяны ұстанады. «Уақыт өте келе терінің құрылымы, серпімділігі мен жарқырауы өзгереді. Сонымен қатар, біз энергия, көңіл-күй мен өзімізді бақытты сезіну деңгейін де өзгеше сезінеміз», – дейді олар.
Компания алғашқы алты өнімін – ылғалдандырғыш кремдер мен сарысуларды шығарды. Microbloom-SH технологиясы белсенді заттарды тері жасушасына жеткізсе, Happy Feel Boost көңіл-күйге әсер етеді.
Бұл өнімдер тек ғылыми негізделген шешімдерді ғана емес, сонымен қатар пайдалану барысында ерекше сезім сыйлайтынын уәде етеді. The Future Laboratory мұны «жаңа люкс парадигмасы» деп атайды.
Бұл тренд жас көрінуге ұмтылумен қатар, расымен де ұзақ әрі сапалы өмір сүруге деген ұмтылысты білдіреді.








