«Ядролық қауіп жойылды»: АҚШ-тың Иранға соққысынан инвесторлар неге сескенбеді

АҚШ-тың Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығысқа араласуы геосаяси дағдарысқа ұласса, бұл нарықтарды құлдыратар еді. Алайда инвесторлар дерлік ешқандай реакция білдірмеді. Сарапшылардың пікірінше бұл қақтығыс жергілікті деңгейде шектеліп қалады — ал кейбір тәуекел активтері үшін тіпті өсім әкелуі де мүмкін.
Егжей-тегжейлі
CNBC мәліметінше АҚШ ӘӘК тарапынан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты үш аса маңызды нысанға жасалған соққы нарықтарда өткен аптадағы Израиль авиациялық шабуылына қарағанда әлдеқайда сабырмен қабылданды. MSCI World индексі (23 дамыған елдің мыңнан астам ірі және орта компаниясының динамикасын көрсетеді) бар болғаны 0,1%-ға төмендеді. Қауіпсіз активтер әртүрлі бағытта қозғалды: иена доллармен салыстырғанда әлсіреді, алтын арзандады, ал доллар негізгі валюталар қоржынына қатысты аздап нығайды.
Сарапшылар не дейді
— «Нарықтар бұл шабуылды жеңіл тыныс алу ретінде қабылдады — аймақтағы ядролық қауіп жойылды», — дейді Wedbush басқарушы директоры Дэн Айвз. Оның айтуынша Иран мен Израиль арасындағы соғыс көрші елдерге тарау ықтималдығы өте төмен, ал қақтығыс «оқшауланған» күйінде қалмақ.
— Басқа экономистер де болып жатқан оқиғалардың ауқымдылығына қарамастан, оның жаһандық нарықтар үшін қауіп төндірмейтінін мойындайды. «Барлығы Иранның реакциясына байланысты, — деді CNBC арнасына Bleakley Financial Group инвестициялық директоры Питер Буквар. — Егер ол өз ядролық амбицияларынан бас тартса, қақтығыс тоқтап, нарықтар қалпына келуі мүмкін». Буквар Иран Ормуз бұғазын жауып тастамайды деп ойлайды, себебі бұл әлемдегі мұнай тасымалының ең маңызды бағыты.
— GeoMacro Strategy бас стратегі Марко Папичтің пікірінше ең нашар сценарий — бұғазды жабу — екіталай. Оның айтуынша егер Иран осы қадамға барса, мұнай бағасы $100-ден асып кетеді, акциялар кемінде 10%-ға құлдырайды, ал инвесторлар қауіпсіз активтерге қарай бет алады. Бірақ нарықтар тыныштық сақтап отыр: Тегеранның ауқымды жауап қайтара алатын құралы аз, дейді ол.
— Siebert Financial бас инвестициялық директоры Марк Малектің айтуынша АҚШ шабуылының кенет және батыл болуы нарық үшін тосын, бірақ оң белгіге айналды, өйткені ол белгісіздікті сейілтті. «Менің ойымша, бұл қор нарығына өте жағымды әсер етеді (...), әсіресе мұның бәрі бір реттік операция сияқты көрініп тұрғанын ескерсек, АҚШ тарапынан ұзаққа созылатын соғыс ашу әрекеті емес», — деп болжады Малек.
— Saxo Bank-тің бас инвестициялық стратегы Чару Чанана қауіпсіз активтерге деген шектеулі сұраныс инвесторлардың АҚШ-тың Иранға соққысын оқшау оқиға ретінде қабылдайтынын, оны жаһандық мұнай жеткізіліміне немесе әлемдік саудаға қауіп ретінде қарастырмайтынын көрсетеді дейді. Сарапшының түсіндіруінше нарықтың реакциясы шабуылдың өзінен гөрі оның қабылдануына байланысты: егер Иранның ядролық бағдарламасына шынымен соққы жасалып, ол әлсіреген болса, бұл жағдай геосаяси тәуекелдің күшеюі емес, керісінше, оның жойылуы ретінде қабылдануы мүмкін.
Акциялар жағдайы
Cramer Berkowitz хедж-қорының негізін қалаушы және CNBC телеарнасының жүргізушісі Джим Крамер Нью-Йорк қор биржасы ашылған сәтте сатып алуға асықпауға кеңес берді. Оның айтуынша акцияны сатып алу үшін ең қолайлы уақыт — биржа ашылғаннан бір сағат өткенде немесе жабылардан бір сағат бұрын: яғни АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша шамамен 10:30 мен 15:30 аралығы. Крамер технологиялық компаниялардың акцияларына қызығушылық білдіреді — Cisco, IBM, Amazon және Netflix, сондай-ақ роботакси жобасын іске қосқан Tesla. Ал дәстүрлі «қорғаныс активтері» — Procter & Gamble, Johnson & Johnson, General Mills және басқа азық-түлік өндірушілерінің акцияларына инвестиция салуды ұсынбайды. Мұнай компанияларының акцияларына келсек — оларды сатып алғаннан гөрі, сатқан дұрыс дейді Крамер.








