FedEx пен Nike, инфляция және ФРЖ басшысы есебі: инвестор осы аптада не білуі керек

Өткен аптада қор нарықтары негізінен бірқалыпты қозғалды. Негізгі оқиға — АҚШ Федералдық резервінің пайыздық мөлшерлеме бойынша отырысы — айтарлықтай әсер еткен жоқ. Реттеуші мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды, ал ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл бұрынғыдай байсалды позициясын растады. Осы аптада Пауэлл тағы Уолл-стрит назарында болады. Себебі ол АҚШ Конгресінде ақша-несие саясаты бойынша есеп береді. Бұған дейін президент Дональд Трамп ФРЖ-ны пайыздық мөлшерлемені төмендетуге қайта шақырған еді, деп жазады Barron's.
Аптадағы басты макроэкономикалық дерек — АҚШ-тың мамыр айындағы жеке тұтыну шығындары индексі (PCE) болады — бұл ФРЖ үшін негізгі инфляциялық көрсеткіш. Корпоративтік есептер тұрғысынан апта салыстырмалы түрде тыныш өтеді деп болжайды. Есептерді америкалық FedEx, Micron және Nike ұсынады. Лондон нарығында қорғаныс саласындағы Babcock International табысы туралы ақпарат назарда болады — оның акциялары биыл мемлекеттік қорғаныс шығындарының өсуіне үмітпен жоғарылап жатыр, деп хабарлайды Yahoo Finance.
23 маусым, дүйсенбі күні S&P Global маусым айының өндіріс және қызмет көрсету салалары бойынша іскерлік белсенділік индекстерін (PMI) жариялайды. Консенсус-болжам өндірістік индекс бойынша 51 және қызмет көрсету саласы бойынша 52,9 мәнін көрсетеді. Бұл көрсеткіштер мамыр айындағы мәннен бір пунктке төмен. S&P деректері ISM көрсеткішінен азырақ танымал болғанымен, «АҚШ экономикасының жай-күйін бақылап отырған нарық қатысушылары үшін бұл деректер маңызды», деп жазады The Wall Street Journal Investec-ке сілтеме жасап.
KB Home тоқсандық қаржылық есебін ұсынады.
24 маусым, сейсенбі күні ФРЖ төрағасы Пауэлл Өкілдер палатасында ақша-несие саясаты бойынша жартыжылдық есеппен сөз сөйлейді. Келесі күні ол осы есепті Сенатта да таныстырады. Barron's мәліметінше конгрессмендердің басты сұрағы — Пауэлл неге әлі күнге пайыздық мөлшерлемені төмендетпеq отыр.
Сол күні Conference Board АҚШ-тың маусым айындағы тұтынушылар сенімі индексін жариялайды. Көрсеткіштің мамыр айындағыдан бір тармаққа өсіп, 99-ға жетуі күтілуде. Бұл индекс алдыңғы бес айдағы құлдыраудан кейін өткен айда күрт қалпына келген — бұл тарифтік тәуекелдердің азаюымен байланысты.
S&P CoreLogic АҚШ-тың ең ірі 20 қаласы бойынша тұрғын үй бағасының сәуір айындағы Case-Shiller индексін жариялайды. Наурызда бұл индекс алдыңғы аймен салыстырғанда 0,3%-ға төмендеген — бұл 2023 жылдың қаңтарынан бергі алғашқы төмендеу.
Carnival және FedEx өткен тоқсандағы табысы туралы есеп береді.
25 маусым, сәрсенбі күні АҚШ-тың Халық санағы бюросы мамыр айындағы жаңа тұрғын үй сату статистикасын жариялайды. Консенсус-прогноз бойынша, жылдық көрсеткіш 691 мың үй болады — бұл сәуірмен салыстырғанда 52 мыңға аз.
General Mills, Micron және Babcock International компаниялары қаржылық нәтижелерін ұсынады.
26 маусым, бейсенбі күні АҚШ-тың Экономикалық талдау бюросы (BEA) 1-тоқсандағы ЖІӨ өсімінің үшінші және соңғы бағасын жариялайды. Нарық болжамы бойынша, сыртқы сауда дефицитінің рекордтық деңгейіне байланысты АҚШ экономикасы жылдық есептеуде 0,2%-ға қысқарады — бұл алдын ала бағамен бірдей.
McCormick, Nike және Walgreens Boots Alliance тоқсандық табыстары туралы хабарлайды.
27 маусым, жұма күні BEA мамыр айындағы жеке тұтыну шығындары индексін (PCE) жариялайды. Жылдық өсім болжамы — 2,3%, бұл сәуірдегі деңгейден 0,2 пайыздық тармаққа жоғары. Core PCE (азық-түлік пен энергия бағасын қоспағанда) 2,6% деңгейінде болады деп күтілуде — бұл наурыз 2021 жылдан бергі ең төменгі өсім. Core PCE — ФРЖ үшін негізгі инфляциялық көрсеткіш және ол пайыздық мөлшерлемелердің болашағы туралы нарыққа белгі беруі мүмкін.








