АҚШ индекстері бір айда қатты құлдырады. Инвесторларды ФРЖ мөлшерлемесі алаңдатуда

13 қарашада америкалық акциялар ФРЖ мөлшерлемені биыл қайта төмендетпейді деген инвесторлардың алаңдаушылығына байланысты күрт төмендеді. Мұндай қауіп үкіметтің шатдауны салдарынан мемлекеттік агенттіктердің статистикалық деректерді жариялай алмауы себепті күшейді. Төрт негізгі индекс 10 қазаннан бергі ең ірі құлдырауды көрсетті, деді CNBC. Инвесторлар сондай-ақ технологиялық сектор қағаздарын, әсіресе жасанды интеллектпен байланысты компаниялардың акциясын, олардың бағалауы шамадан тыс жоғары деген қауіпке байланысты сатуды жалғастырды, деп хабарлады CNBC.
Егжей-тегжейлі
— «Көгілдір фишка» индексі Dow Jones Industrial Average 13 қарашадағы саудада 1,65% төмендеп, 47 457,22 пунктке түсті. Сауда сессиясының басында индекс өзінің бүкіл тарихындағы жаңа рекордты жаңартқанымен, кейін тез құлай бастады.
— Нарықтың кең индексі S&P 500 бейсенбі күні 1,66% жоғалтып, 6737,49 пунктке түсті. Индекс екі апта ішінде үшінші рет 1%-дан көп жоғалтты — мұндай жағдай соңғы үш айда бір-ақ рет болған, деп жазды Bloomberg. Әсіресе байланыс қызметтері секторында және IT-секторында акцияларға қысым күшейді. Disney акциясы есептен кейін 7,75% арзандады.
— Технологиялық сектор акцияларын қамтитын Nasdaq Composite индексі аптаның күшті басталуына қарамастан 2,29% төмендеді. Индекс қатарынан үшінші күн төмендеп отыр. Инвесторлар ЖИ-ге байланысты қағаздарды, соның ішінде Nvidia, Broadcom және Alphabet акциясын сатуды жалғастырды.
— Шағын капитализациялы компанияларды қамтитын Russell 2000 индексі 2,77% төмендеді.
— Нарықтағы құбылмалылықты өлшейтін CBOE Volatility (VIX), яғни «Уолл-стриттің қорқыныш индексі», 14,5% өсіп, 20 деңгейінен жоғары көтерілді. Бұл нарықтағы жоғары волатильдікті көрсетеді.
— CoinGecko дерегінше, биткойн бағасы соңғы 10 күнде үшінші рет $100 000-дан төмен түсті. Капитализациясы бойынша ең ірі криптовалюта соңғы 24 сағатта кемі $98 102 болып, 3%-дан астам жоғалтты. MarketWatch Dow Jones Market Data-ға сүйене отырып, биткойн алты айдағы ең төмен деңгейіне түскенін, себебі ұзақ мерзімді инвесторлар сатуды жылдамдатқанын жазды. Басылымның мәліметінше, қазір криптовалюта 6 қазандағы рекордтық $126 273 бағасынан шамамен 22% арзан тұр.
Акцияларға не әсер етті?
АҚШ үкіметінің шатдауны аяқталғаннан кейінгі бір апталық тыныштықтан соң Уолл-стритте ірі жаппай сатылымдар қайта басталды. Федрезерв өкілдерінің «қыранды» мәлімдемелері және алда күтіліп отырған макродеректер толқыны трейдерлерді технологиялық акциялардан бастап криптовалюталарға дейінгі тәуекелді активтерден құтылуға итермеледі, деп жазды Bloomberg.
Желтоқсандағы отырыста ФРЖ мөлшерлемені төмендетеді деген инвесторлардың үміті әлсіреп қалды: CME FedWatch құралы бойынша, бұл сценарийдің ықтималдығы 62,9%-дан 52,9%-ға дейін түсті. Фед төрағасы Джером Пауэлл қазанда «желтоқсандағы мөлшерлемені төмендету мүлде алдын ала шешілген нәрсе емес» екенін және бұл шешім келіп түсетін деректерге байланысты болатынын айтқан. Нарық қатысушыларының бір бөлігі шатдаун салдарынан негізгі статистиканың жарияланбауы ағымдағы ақша-несие саясатын сақтап қалу аргументтерін күшейтуі мүмкін деп алаңдайды, деді Bloomberg. Алдыңғы күні Ақ үй еңбек нарығы бойынша деректер мен қазан айының тұтыну бағалары индексі (CPI) жарияланбауы ықтимал екенін мәлімдеді.
Үкімет жұмысының қайта басталуы туралы оптимизм акция бағаларына әлдеқашан кіріктірілгендіктен, инвесторлар назары әсіресе технологиялық сектордағы қағаздардың артық бағалануы туралы алаңдаушылыққа ауысты, деп санайды Bloomberg. Нарық бақылаушылары қорғаныс активтеріне капитал ағымының артқанын да байқады.
Сарапшылар пікірі
«Менің ойымша, бұл — нарықтың табиғи консолидация кезеңі», — деді CNBC-ге Laird Norton Wealth Management инвестициялық директоры Рон Альбахари, нарықтағы құлдырауды «сау құбылыс» деп атап. «ЖИ туралы негізгі нарративтің бір бөлігі — осы барлық капиталдық шығындар ақыры нақты қайтарым береді деген сенім. [...] Егер сіз ЖИ-дің денсаулық сақтау, өнеркәсіп, өндіріс секторынан шынайы пайдасын көре бастасаңыз, онда бұл ЖИ-ге салынатын инвестициялар жалпы өнімділікті арттырады деген басты тұжырымды қолдайды», — деп қосты Альбахари.
«Біз бастапқыдан-ақ шатдаун салдарынан жіберілген көптеген деректер қайта қалпына келмейді деп ойлағанбыз, бірақ жариялау қайта басталғанда инфляция мен жұмыспен қамту көрсеткіштері қандай болатыны — ашық сұрақ», — деді CNBC-ге BMO Private Wealth бас нарықтық стратегі Кэрол Шлейф. — «Алдағы апталарда мемлекеттік жүйе мен экономикалық статистика қайта іске қосылғанша, нарықта біраз құбылмалылық болуы біз үшін таңқаларлық емес».
«Нарық қымбат, ал мұндай нарықтар ағымдағы жоғары бағалауды ақтау үшін мөлшерлеменің төмендеуіне мұқтаж, — деді Bloomberg-ке Miller Tabak + Co өкілі Мэтт Мэйли. — Бір реттік жарияланатын үлкен көлемдегі деректер жағдайды тез өзгерте алады деген ой және осы белгісіздік инвесторлардың қорқынышын күшейтіп отыр».
JonesTrading сарапшысы Майкл О'Рурктың айтуынша, есептілік маусымы аяқталған соң инвесторлар қазіргі жағдайды «пайдасын бекітіп алу үшін қолайлы уақыт» ретінде қарайды, деп жазды Bloomberg.








