АҚШ Қаржы министрлігі: Нарықтағы тұрақсыздық Қытаймен келіссөздерге әсер етпейді

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент CNBC арнасына берген сұхбатында, қор нарығындағы құбылмалылық елдің Қытаймен сауда келіссөздеріндегі ұстанымын өзгертпейтінін айтты. Оның сөзінше, президент Дональд Трамп «жоғары қор нарығын ұнатады», бірақ «өсу – дұрыс саясаттың нәтижесі» деп есептейді.
«Біз қор нарығы түсіп кетті екен деп келіссөз жүргізбейміз. Сол себепті Пекинге қарсы нақты шаралардан да бас тартпаймыз. Біз АҚШ-тың экономикалық мүддесіне сүйеніп әрекет етеміз», — деді Бессент.
Нарықтар бұл ескертуді елемей, өсуін жалғастырды: сауда ашылғанда S&P 500 индексі 1%-ға, Nasdaq 100 — 1,1%-ға, ал Dow Jones — 0,7%-ға көтерілді.
Контекст
10 қазанда АҚШ акциялары күрт арзандады. Себебі президент Трамп Қытайдан келетін тауарларға жаңа, бұрынғыдан 100% жоғары кеден салығын енгізетінін айтты. Ол Пекинді «барған сайын дұшпандық танытып отыр» деп айыптады. Бұған себеп — Қытайдың сирек кездесетін металдардың экспортын шектеуі, ал бұл АҚШ-тың технологиялық және қорғаныс салалары үшін маңызды ресурс.
Нарық құлағаннан кейін Трамп өз пікірін жұмсартып, Truth Social платформасында «Қытаймен бәрі жақсы болады» деп жазды. Осыдан кейін биржалар қайта өсе бастады. 13 қазанда негізгі индекстер шығынның көп бөлігін қайтарды. Бірақ 14 қазанның соңына қарай Трамптың Қытайға қатысты жаңа мәлімдемелерінен кейін S&P 500 қайта төмендеді.








