АҚШ қытай чиптеріне баж салығын 2027 жылдың ортасына дейін шегерді

АҚШ Қытайды жартылай өткізгіш секторындағы әділетсіз сауда тәжірибесіне барды деп айыптады, бірақ чип импортына қосымша баж салығын кемі 2027 жылдың ортасына дейін енгізбеу туралы шешім қабылдады. Бұл АҚШ Сауда өкілдігінің 23 желтоқсанда өз сайтында жариялаған тергеу нәтижелерінен белгілі болды. Алымдардың нақты мөлшері олардың күшіне енуіне кемі бір ай қалғанда жарияланады.
«Қытайдың жартылай өткізгіш саласында үстемдікке ұмтылуы негізсіз және АҚШ саудасына салмақ түсіреді немесе шектеулер қояды, сондықтан ол жауап шараларына жатады», делінген АҚШ Сауда өкілдігінің хабарламасында.
Бұл не білдіреді?
Жаңа баж салығын енгізуден бас тарту туралы шешім Дональд Трамп әкімшілігінің Қытаймен қарым-қатынасты тұрақтандыруға және қазан айында Оңтүстік Кореяда Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасында қол жеткізілген келісімдерді бекітуге ұмтылып отырғанының тағы бір белгісі болды, деді Bloomberg.
Осы келісім аясында Вашингтон мен Пекин сауда алымдарын күрт арттырудан бас тартуға, сондай-ақ технологиялар мен аса маңызды минералдар экспортына қойылған шектеулерді жұмсартуға келіскен.
Қытайлық чиптердің АҚШ нарығына жеткізілуіне қатысты тергеу бұрынғы президент Джо Байден әкімшілігі кезінде басталған. Ол 12 ай ішінде аяқталуы тиіс болған, деп атап өтті Reuters.
Контекст
Қытай биыл қыркүйек айында елдің ең ірі технологиялық компанияларына, оның ішінде ByteDance пен Alibaba-ға Nvidia-ның кейбір чиптерін сатып алуға тыйым салды. Бұл қадам Қытайдың өз жартылай өткізгіштер индустриясын дамытуға және АҚШ-қа тәуелділікті азайтуға бағытталған саясатын күшейтті, деп хабарлады Financial Times дереккөздері. Ол кезде сөз Nvidia компаниясының ҚХР нарығына арнайы шығарылған RTX Pro 6000D чиптеріне берілген тапсырыстар туралы болған.
Желтоқсанның басында Alibaba мен ByteDance-ті қоса алғанда, ірі қытай компаниялары Nvidia-ға компанияның жасанды интеллектке арналған қуаты бойынша екінші H200 чипін сатып алу мүмкіндігі жөнінде жүгінгені белгілі болды. 8 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ үкіметі Nvidia-ға H200 чиптерін Қытайға экспорттауға рұқсат беретінін, алайда мұндай жеткізілімдерге 25% алым салынатынын мәлімдеді. Reuters агенттігі 22 желтоқсанда үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, Nvidia қытайлық клиенттеріне H200 чиптерін Қытайға 2026 жылдың ақпан айының ортасына дейін жеткізуді бастауды жоспарлап отырғанын жеткізген. Дегенмен Қытай билігі әзірге H200 сатып алуға «жасыл жарық» берген жоқ.








